«Tartyl Fest» өміріміздегі маңызды жарыстардың бірі болмақ – халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рафаил Қадыров

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысынан 18 ақпан күні өтетін «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалына 10 адам аттанып отыр. Солардың бірі – Петропавл тұрғыны Рафаил Қадыров. Полиатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері бүгінде дайындықты аяқтап жатыр. Маңызды турнир алдында спортшыны ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.

- Рафаил Мұратұлы, өзіңізді таныстырып кетіңізші.

- Мен Мамлют ауданындағы елді мекендердің бірінде дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Петропавлда тұрып жатырмын. М.Қозыбаев атындағы СҚУ түлегімін. Дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алдым. Қазір Петропавлдағы № 7 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Кәсіби спорттан да қол үзген жоқпын. Полиатлоннан түрлі деңгейдегі жарыстарда өңір, ел намысын қорғап жүрмін.

- Спортқа қашан келдіңіз, не түрткі болды?

- Ауылда туып-өскен балалардың барлығы спортқа жақын болады деп ойлаймын. Өйткені, күніміз негізінен далада, ойынмен, жүгірумен өтетін. Сондықтан кішкентайымнан спортпен айналыстым деп айта аламын.

Ал спорттық мансабым 2010 жылы басталды. Сол жылы Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық колледжге оқуға түскен едім. Маған бұған дейін бейтаныс спорт түрі - полиатлоннан жарысқа қатыс деген ұсыныс түсті. Сол турнирде Александр Черников деген жаттықтырушының көзіне түсіп, содан бері осы спорт түрімен үзбей айналысып келемін.

- Рафаил Мұратұлы, алдыңызда «Tartyl Fest» республикалық турнирінде жақсы өнер көрсету міндеті тұр. Дайынсыз ба?

- Соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ол жерге мықтылардың мықтысы жиналатыны белгілі. Бізге шеберлікті одан әрі шыңдауға жарты жылға жуық уақыт берілді. Ол уақытты тиімді пайдаландым деп ойлаймын. Менің жаттығуым 10 күндік циклге негізделген, 5 күн жаттығып, 5 күн демаламын, яғни жаттығу күнара өтті. Қазір бір жаттығуда турникте тартылуға 2,5 сағат уақыт жұмсап жүрмін. Бұл өз нәтижесін беріп жатыр. Жеке көрсеткішімді жақсарттым. Республикалық турнирде жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін бар күшімді жұмсамақпын.

- Петропавлда өткен турнирде Сіз белтемірге 45 рет тартылып, өңір спортшылары арасында ең үздік көрсеткішке қол жеткіздіңіз. Жалпы, сіздің санатыңызда рекордтық көрсеткіш қандай?

- Менің санатым - 30 жастан асқандар арасындағы 80 кг дейінгі салмақ дәрежесі. Қазір республика бойынша үздік көрсеткіш Евгений Намдікі. Ол белтемірде 50 рет тартылды. Спортшы Қарағанды қаласының тумасы. Республикалық турнирде жақсы рекордтық көрсеткіштердің куәсі боламыз деп ойлаймын.

- Белтемірде тартылудың қандай пайдасы бар?

- Белтемірде тартылу адамның жалпы физикалық жағдайын жақсартады, қолдың, иықтың буындарын бекітіп, адамның төзімділігін арттырады. Жүрекке, қан тамырларына дұрыс жүктеме беріледі. Тыныс алу жүйесінің жұмысын жақсартады. Мұндай күнделікті кардиожүктемелер жүрек бұлшықетін дамытып, қан қысымын дұрыстауға пайдасы зор.

Денебітімін әдемі ету үшін де белтемірге тартылуға кеңес беремін. Алайда, қарсы көрсетілімдері де бар, оны да ұмытпаған жөн. Әсіресе, остеохондроз, остеоартроз аурулары бар адамдарға белтемірге тартылуға болмайды. Сондай-ақ өзіңді қинап, күнделікті тартылудың да қажеті жоқ, ол ағзаға зиян әкелмесе, пайдасы шамалы.

- Сіз полиатлоннан жарыстарға қатысасыз. Ол қандай спорт түрі?

- Полиатлон – ол президенттік көпсайыс. Оған пневматикалық винтовкадан нысана ату, белтемірде тартылу, яғни 4 минут ішінде белгілі бір мөлшерде тартылу қажет және шаңғы жарысы кіреді. Осы үшеуінің ішінде мен үшін белтемірге тартылудың орны бөлек. Полиатлонды да белтемірде тартылуға мүмкіндік болғаннан кейін ғана таңдадым. Өйткені кішкентайымнан турникке тартылғанды ұнатамын. Қолым босаса кешке ауылдағы алаңға барып, белтемірге тартылатынмын. Содан да болар колледжге оқуға түскенде бапкер менің күшімді байқап, жарысқа қатысуды ұсынды.

Мен үшін полиатлонда ең қиыны шаңғымен жүгіру. Басқаларына қарағанда көп уақыт бөлу керек. Полиатлонда үшеуінен де жақсы көрсеткіш болуы шарт, үшеуінің қосындысы бағаланады. Жалпы нәтижем жаман емес, халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Әлем чемпионы болдым, сондай-ақ Қазақстан чемпионымын.

Мақсатым – полиатлоннан бұдан да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу, спорттың осы түрінде үздік болу. Ел намысын байрақты бәсекелерде қорғап, көк туымызды желбірету.

- «Tartyl Fest» турниріне қатысушыларға қандай тілегіңіз бар?

- Қарсыластарыммен ертең 18 ақпан күні өтетін «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалында кездесеміз. Барлығына ең алдымен денсаулық тілеймін. Бұл, менің ойымша, барлығымыз үшін өміріміздегі маңызды жарыстардың бірі. Әрине, мықтылар жеңіске жетсін!

- Рахмет!


Фото: Рафаил Қадыровтың жеке мұрағатынан алынған
Соңғы жаңалықтар