«Tartyl fest» Қызылордада: 75 жастағы қария турникке тартылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазір Қызылордада турникке тартылудан «Tartyl fest» республикалық фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шараны ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырып отыр.

Қызылорда қаласында өтіп жатқан фестивальде 307 адам бақ сынауға бел буды.

Шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бұқаралық сипат алған сайыстың жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

«Талай таланттарға жол ашқан Сыр өңірінде сергектікті серік еткен жастар аз емес. Олардың арасында бүгінгі фестивальде жоғары көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндігі бар азаматтар жетерлік. Сондықтан оларға зор сенім артамыз. Бүгінгі бәсеке тартысты өтеді деген сенімдемін», - деді облыс әкімінің орынбасары.

«Дара» дарындыларды қолдау қорының басшысы Нұрлан Қоянбаев зілтемірде тартылатын жастардың жыл санап көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті. Фестиваль алдағы уақытта бұдан да жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

«Әрине, алғашқыда бұл бәсекеге қатысушылар саны қалай болар деген ой көкейімізде тұрды. Дегенмен басталғаннан кейін оған қызығушылық білдірген азаматтардың саны көбейгені байқалды. Қазір фестиваль өткен әрбір қалада турникке тартылуға ниет білдірген тұрғындардың саны арта түскенін байқадық», - деді ол.

Сайыс барысында Қызылорда қаласының 75 жастағы тұрғыны Александр Ким ең егде қатысушы аталды. Ол турникке 15 рет тартылды.

«Мен көп жылдан бері турникке тартыламын. Қазір де сол әдетімнен жаңылған жоқпын. Бүгінгі сайысқа жеңемін деп келмегенімді айтамын. Десе де жастарға үлгі көрсетуге тырыстым», - деді қария.

Сондай-ақ ең жас қатысушы ретінде саналған 6 жастағы Жандәулет Бағдатұлы турникке 15 мәрте тартылды.

«Балам сайыс өтетінін естігенде оған дайындала бастады. Сол мақсатта оған турник сатып алып бердім. Бүгін өзін жақсы көрсетті деп санаймын», - деді оның әкесі Бағдат Шәкіров.

Қазірге дейін Қызылордада сайыскерлер рекордтық көрсеткішті жаңартуға жақын тұр - турникке 39-40 мәрте тартылған жастар бар.



Соңғы жаңалықтар