Tartyl Fest: қостанайлық Айбек Қапанов жеңімпаз атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалында 18-30 жас аралығында 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Айбек Қапанов жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

18-30 жас аралығында 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен атлеттер арасында қостанайлық Айбат Қапановтың бағы жанды. Ол 46 рет тартылып, өз санаты бойынша жеңімпаз атанды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазір елордадағы Конгресс орталықта Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтіп жатыр.

Еске салсақ, ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылған турнирдің ақтық сынына өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 11-51 жас аралығында.


Турникке тартылу жарысы былтыр Қазақстанның 20 қаласында өтті. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық 9 салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, 33 жастағы тараздық Евгений Нам 50 рет көрсеткішпен турнир рекордын орнатқан.

EXPO аумағындағы Конгресс орталықта өтіп жатқан гранд-финалдан «Jibek Joly» телеарнасы тікелей көрсетілім таратады.

Гранд-финалдың жалпы жүлде қоры – 54 млн теңге. Өз салмақ дәрежесі бойынша 1-орын алған жеңімпаздарға 3 млн теңге, 2-орын алғандарға 2 млн теңге, 3-орын иеленгендерге 1 млн теңге сыйақы беріледі.

Бұл гранд-финалда чемпион атанғандар Street Workout бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түсе алады.


Соңғы жаңалықтар