Tartyl Fest: Қостанайда фестиваль 5 жасар сәбиді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Tartyl Fest турникке тартылу бойынша республикалық фестивалі бүгін Қостанайда өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестиваль Қостанай облысында қайтыс болған бес жасар Мәдина Ерланқызын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Еске салсақ, сәбиді бүкіл облыс болып іздеді. 10 тамызда іздеуде жүрген бүлдіршіннің денесі табылды. Ол жасанды су қоймасына батып кеткен.

Қайғылы оқиғаға байланысты Tartyl Fest фестивалінің концерттік шоу-бағдарламасы, ойын-сауық бөлімі өткізілмеді. Сондай-ақ, шараның хедлайнері – орындаушы 2Rar концерт қоймайды.

Фестиваль қаладағы City center орталығында өтіп жатыр. Қатысушыларды тіркеу, таразылау және нөмір беру 9:00-ден 12:00-ге дейін жүргізілді.

Фестивальге қатысуға барлығы 276 адам тіркелген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға қатысушылардың ең кішісі – 8 жаста. Қостанай қаласының 66 жастағы тұрғыны жасы ең үлкен қатысушы ретінде тіркелген.

Фестивальге 20 қаладан келген қатысушыларға ереже ортақ – дұрыс және көп тартылу.

Қатысушылар салмағы мен жасына қарай 9 санат бойынша сынға түседі. Жарыс ресми қазылар алқасының қатысуымен өтеді.

Қатысушылардың санаттары:

18 жасқа дейін (жасөспірімдер):

1) салмағы - 55 кг дейін;

2) салмағы - 55-тен 70 кг-ға дейін;

3) салмағы - 70 кг және одан жоғары;

18 жастан 30 жасқа дейін (жастар):

4) салмағы - 65 кг дейін;

5) салмағы - 65-тен 80 кг-ға дейін;

6) салмағы - 80 кг және одан жоғары;

30 жас және одан жоғары (ересектер):

7) салмағы - 80 кг дейін;

8) салмағы - 80-нен 90 кг-ға дейін;

9) салмағы - 90 кг және одан жоғары.

Шара мақсаты – бұқаралық спортты дамыту және жастарды салауатты өмірге баулу, ұйымдастырушысы – ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры.

Фестиваль 10 шілде мен 6 қыркүйек аралығында еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылып жатыр, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріледі.

Әр қаладан 27 жеңімпаз іріктеледі.

Бірінші орын үшін әр санаттағы қатысушылар 200 мың теңге ақшалай сыйлық алады; екіншісіне – 100 мың теңге; үшіншіге – 50 мың теңге.

Өңірлердегі жеңімпаздар Нұр-Сұлтан қаласында 8 қыркүйекте өтетін гранд-финалға қатысады. Гранд-финалдың жүлде қоры – 54 миллион теңге. Гранд-Ффнал чемпиондары Street workout бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.

Жоба амбассадоры – қоғам қайраткері, жаттықтырушы және актер Айтым Жақыпов. Ол Қазақстан және әлем бойынша street workout-тың бірнеше дүркін жеңімпазы, Streetlifting бойынша Еуропа рекордсмені, сондай-ақ Қазақстандағы streetworkout қозғалысының негізін қалаушылардың бірі.

Street workout – көшедегі спорт алаңдарында түрлі жаттығулар орындалатын әуесқой спорт түрі.

Еске сала кетейік, «Tartyl Fest» турникке тартылу бойынша республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласында басталған болатын. Сондай-ақ, бұған дейін фестиваль Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтау қалаларында жалғасын тапты.


Соңғы жаңалықтар