Tartyl Fest көпшілікті өзін-өзі дамытуға итермеледі – турникке тартылу жарысының финалисі

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Елордада 18 ақпан күні «Tartyl Fest» турникке тартылу жарысының гранд-финалы өтеді. Онда Өскемен қаласының намысын қорғайтындардың бірі – Сергей Залесков. Таяуда 28 жастағы спортшы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген еді.

- Спортпен қашаннан бері айналысып келесіз?

- Шынымды айтсам, бала күнде спортқа онша жақын болмадым. Әлжуаз болғандықтан сыныптастарым үнемі мазақ ететін. Сол кезде спортпен айналыспасам болмайтынын түсіндім. Өзім үшін кеудені жерден көтеріп-түсіруден, турникке тартылудан жаттығу жасай бастадым. Бірақ спорттың белгілі бір түріне қатыспадым.

- Турникте тартылып жүргеніңізге қанша болды? Жеке рекордыңыз қандай?

- Нақты есімде жоқ. Мектепте оқып жүргенде тартыла бастадық қой. Өзімді қайрап, турникте жоқ дегенде 5 рет тартылуға серт еттім. 10-сыныпта оқып жүргенде турникте жақсы тартылатын болдық. Солай қызығушылығым да артты. Әскери далалық оқу-жаттығу жиынында 29 рет тартылып, бірінші орын алғаным бар. Бейресми жеке рекордым – 40.

2018 жылы облыстық іріктеуден өтіп, 5 адам болып Ақтауға халық ойындарына бардым. Сонда салмақ бойынша тартылғандар арасында үшінші орын иелендім.

Жалпы турникке тартылғанның пайдасы көп қой. Үнемі сергек жүресің. Денсаулыққа да пайдасы зор. Денең тіктеліп, күшің артады. Одан кейін өзіңе сенімді жүресің. Ал өзіне сенімді адам жетістіктерге жете алады. Сол үшін баршаңызды турникке тартылуды әдетке айналдыруға шақырамын.

- «Tartyl Fest» жобасы туралы қайдан естідіңіз және қатысуға неліктен бел будыңыз?

- Tartyl Fest туралы Instagram әлеуметтік желісінен білдім. Көп ойланбай қатысып көруге шешім қабылдадым. Себебі өзімді сынап көргім келді. Спортпен кәсіби түрде айналыспағаннан кейін жарыстағы жеңістің дәмі қалай болатындығын білгің келеді ғой. Осылайша, өтетін уақытты тосып жүрдім. Әрине, уақыт таяған сайын дайындықты күшейтуге тырыстым.

- Турникке тартылу фестивалі Өскеменде қалай өтті?

- Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлығы бүге-шігесіне дейін ойластырылған екен. Жиналған жұрт қарасы аз болған жоқ. Көбісі жастар. Барлығы өзін көрсеткісі келді. Естуімше, қала бойынша 250-ге жуық адам қатысты. Түстен кейін Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар келді. Ол да фестивальге қатысып, турникке тартылды. Жалпы төрешілер қатал, бірақ әділ болды. Сондықтан ешкім ренжіген жоқ.

Өзім 18-30 жас санатында, 65-80 келі аралығындағы салмақта бақ сынадым. 37 рет тартылып, бірінші орын иелендім. Екінші орын алған жігіт 31 рет, үшінші орынға жайғасқаны 29 рет тартылды. Қуанышымда шек болған жоқ. Маған медаль мен 200 мың теңге мөлшерінде ақшалай сыйлық берілді. Ең бастысы, Астана қаласында өтетін гранд-финалға жолдама алдым.

- Қай салада жұмыс істейсіз?

- Қаладағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Балаларға турникке тартылудың пайдасын үнемі айтып жүремін.

- Гранд -финалға қандай үмітпен барасыз?

- Шамам келгенше жақсы өнер көрсетуге тырысамын. Ол жақта енді қарсыластар осал болмайды. Еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналады. Қаламыздың намысын абыроймен қорғау үшін барымды саламын. Бас қалаға бірге аттанғалы отырған жерлестеріме сәттілік тілеймін!

- Жалпы Tartyl Fest жобасы туралы не ойлайсыз? Мұндай халықтық жарыстар қажет пе? Ұйымдастырушыларға қандай тілек, ұсынысыңыз бар?

- Бұл жоба көпшілікті өзін-өзі дамытуға бастады деп санаймын. Шынымды айтсам, бір-екі жыл бұрын мұндай жетістікке жетемін деп ойлаған да емеспін. Менің тілегім, дәл осындай жарыс кем дегенде 2-3 жылда бір рет өткізіліп тұрса жақсы болар еді. Себебі соның арқасында халық турникке тартылып, спортқа бір табан жақындайды. Tartyl Fest турникке тартылу жарысын ұйымдастырушыларға шын жүректен алғыс айтамын! Еңбектеріңіз жанып, елге пайдалы дүниелерді қолға ала беріңіздер!

- Әңгімеңізге көп рахмет! Алдағы гранд-финалда сәттілік серік болсын!

Айта кетейік, Tartyl Fest жобасы ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылған. Жоба идеясын белгілі қазақстандық продюсер Нұрлан Қоянбаев ұсынған, ал жобаның бренд-елшісі – Street Workout бойынша рекордсмен Айтым Жақыпов.

18 ақпанда өтетін гранд-финалға өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 14-51 жас аралығында. Өткен жылы турникке тартылудан жарыс Қазақстанның 20 қаласында өткен. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық тоғыз салмақ дәрежесінде сайысқа түсті. Тартылу саны бойынша рекорд 33 жастағы тараздық Евгенийге тиесілі – ол 50 рет тартылған.


Соңғы жаңалықтар