Tartyl Fest: Ілияс Мұқышев 18 жастағылар арасында 70 келі салмақ бойынша жеңімпаз атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалында семейлік Ілияс Мұқышев 18 жастағылар арасында 70 келі салмақ бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Street Workout және самбо спортымен айналысамын. Елімізде басқа мемлекеттерде жоқ осындай керемет жоба қолға алынғанына қуаныштымын. Гранд-финалда жеңіске жеткенімен қуанып тұрмын және жақындарыма көп рахмет айтқым келеді. Ең бастысы, ата-анам қуанса болды», - деді Ілияс Мұқышев өз нәтижесін білгеннен кейін.

Спортшы алдағы жоспары туралы пікір білдірді.

«Менің мақсатым – спорттың Street Workout түрін насихаттау. Өз елімнің атынан әлемдік деңгейдегі турнирге қатысқым келеді», - деді Ілияс Мұқышев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазір елордадағы Конгресс орталықта Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтіп жатыр.

Еске салсақ, ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылған турнирдің ақтық сынына өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 11-51 жас аралығында.

Турникке тартылу жарысы былтыр Қазақстанның 20 қаласында өтті. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық 9 салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, 33 жастағы тараздық Евгений Нам 50 рет көрсеткішпен турнир рекордын орнатқан.

EXPO аумағындағы Конгресс орталықта өтіп жатқан гранд-финалдан «Jibek Joly» телеарнасы тікелей көрсетілім таратады.

Гранд-финалдың жалпы жүлде қоры – 54 млн теңге. Өз салмақ дәрежесі бойынша 1-орын алған жеңімпаздарға 3 млн теңге, 2-орын алғандарға 2 млн теңге, 3-орын иеленгендерге 1 млн теңге сыйақы беріледі.

Бұл гранд-финалда чемпион атанғандар Street Workout бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түсе алады.


Соңғы жаңалықтар