Tartyl Fest Гранд-финалында әлемдік рекорд орнауы мүмкін – Нұрлан Қоянбаевпен сұхбат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –18 ақпан күні Астанада TARTYL FEST республикалық турнирінің Гранд-финалы өтеді. 2022 жылы еліміздің 20 қаласында өткен турнир нәтижесінде 180 адам үздік атанса, соның 170-ке жуығы ақтық сайыста бақ сынайды.

Елімізде алғаш рет өтіп жатқан бірегей спорттық жоба жөнінде идея авторы, танымал продюсер Нұрлан Қоянбаев ҚазАқпарат агенттігіне сұхбат берді.

− Нұрлан Нұғманұлы, TARTYL FEST идеясы қалай туды? Бұл «Dara» дарындыларды қолдау қорының алғашқы жобасы ғой?

Иә, 2022 жылы Мемлекет басшысының қолдауымен «Дара» дарындыларды қолдау қоры құрылды. Өйткені, көптеген адамдар өзінің нақты қабілет, артықшылықтарын біле бермейді. «Дара» дарындыларды қолдау қорының міндеті – осындай тұлғаларды табу және олардың талантын қолдауға көмектесетін насихат жұмыстарын, құралдарды барынша арттыру. Қордың алғашқы жобасы – TARTYL FEST турникке тартылуға бағытталған, өйткені бұл ең қарапайым әрі қолжетімді жаттығудың түрі. Шындығында, турникке тартылу ерекше жағдайды қажет ететін спорт емес. Онымен еліміздің барлық жерінде де, ең шалғай деген елді мекендерінде де еркін айналысуға болады. Демек, біз басқа «әлеуметтік лифттерге» қол жеткізе алмайтын қазақстандықтарды барынша қамти отырып, солардың арасынан ең лайықтысын, ең мықтысын таба аламыз.

Қор осы жоба арқылы еліміздің 20 өңірін аралап, іріктеу турын өткізді. Шынымды айтайын, басында қатысушылар табылмай қалмас па екен, деген қорқыныш та болды. Дәстүрлі футбол емес, бокс та емес. Бірақ турникке тартылу үшін Алматыда таңғы сағат 8-де мың жарым адамның кезекте тұрғаны есімде. Сонда бастамамыз дұрыс екенін, қатысатын қарапайым спортшылардың да саны көп екенін түсіндік. Осылайша, 20 қаладан 9 жеңімпаз іріктеліп, 180 адам гранд-финалға жолдама алды. Оның 170-ке жуығы нақты қатысатын болды.

Турникке тартылудың барлық ережесін, жас пен салмақ санаттарын көше спортымен кәсіби түрде айналысатын спортшы, бапкер Айтым Жақыпов дайындады. Бірақ, жарыс басталғанда еш салмақ категориясына сай келмейтін кішкентай қыздар, балалар келді. Олардың бетін қайтармай, демеушілер есебінен марапаттап шығарып салдық. Сосын Қонаев қаласында 83 жастағы ақсақал жеңу үшін емес, жастарға үлгі болып, ортаны қолдау үшін қатысқан еді. Турник сайысын ұйымдастыруға кейбір спорттық шаралармен салыстырғанда аз қаражат жұмсалды. Сын айтты демесін, елімізде кейбір спорт түрлеріне қыруар қаражат бөлінеді. TARTYL FEST шығындары шағын бір киноның бюджетіне де жетпейді. Есесіне бұл қаржыға 20 қаланы аралап шықтық, қаншама концерттер, жарыстар өткіздік. Қазір финалға қызу дайындық жүріп жатыр.

− Біздің білуімізше, Қазақстан Street workout бағытында көш бастап тұрған елдердің бірі. TARTYL FEST жобасы да көше спортын дамытуға әсерін тигізіп жатыр ма?

Негізі көше спорты мәдениеті Америка Құрама Штаттарында өте кең тараған. Қазақстан да Street workout бағытында әлем бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүр. Неліктен деп ойладым. Жауабын да тапқандаймын. Қазақстан жаңа шыққан трендтерді тез қабылдап, шапшаң дамытып жібереді. Көше спортын да біздің қоғам қабылдады деп айтуға болады. Мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп, әр қалада, көпірдің астында арнайы алаңдар әзірленіп қойған. Демек, инфрақұрылым мен халықтың ықыласы – бар құпия осында жатыр деп ойлаймын.

Тағы бір маңызды фактор – көше спортының қолжетімді болуы. Өйткені, көптеген ата-аналар баласына коньки, шаңғы әпере алмауы мүмкін, спортқа қажетті заттарға, арнайы бапкер жалдауға жағдайы келмеуі мүмкін. Сондықтан, турник сияқты қолжетімді спорт түрлеріне қолдауды көбейту қажет. TARTYL FEST жарысы жыл сайын тұрақты өтсе, жемісін береді деп ойлаймын. «Дара» қоры келешекте басқа да спорт жобаларын қолға алады.

− Іріктеуде ел өңірлерін араладыңыз, шалғай аймақтарда бұқаралық спорт қалай дамып жатыр? Жастардың әлеуеті қандай? Қандай спортшылар есіңізде қалды ?

Әрине, әр қаланың дамуы әртүрлі. Талдықорған қаласы айрықша есімде қалды, өйткені онда спорт кешендері, жүзуге арналған орталықтар салынып, даладағы көше спортына дейін көңіл бөлінгені көрініп тұрды. Өзіндік спорт мектебінің қалыптасқаны сезілді.

Қалаларда спортқа қызығушылық өте жоғары болды. Бір күнде мың жарым үміткерді қабылдағанда сағат түнгі бірден асып кететін. Сонда да халық көп, қолдау керемет еді, өйткені біреуің ағасы, біреудің сыныптасы, біреудің жолдасы бақ сынап жатыр.

Ақтау қаласында жарысқа үш баласын әкелген ана есімізде қалды. Үшеуі жарыс ережесі бойынша үш түрлі категорияда және бір уақытта турникке тартылды. Сонда үш турниктің арасында ары-бері зыр жүгірген әлгі ананы көрсеңіз! Оның үлкен ұлы жеңіске жетіп, гранд-финалға жолдама алды. Жарыстан кейін олар бірден вахтада жүрген әкелеріне хабарласты, төртеуі жылап тұр, оларға қосылып біз де жыладық. Сондай жағымды энергетика болды. Осы күнге дейін қанша КВН-концерттермен ел аралағанда мұндай әсер алмаған шығармын. Өзімді рухани байытқан ғажап сапар болды.

Кезекті бір қалада да түн ауғанша жарыс өткіздік. Енді турниктерді, сахнамызды жинап, көлікке тиеп, келесі қалаға аттануымыз керек. Сонда турникке тартылған бір топ жігіт бізге қайтадан келіп, заттарымызды жинауға көмектесіп жүр. Қимастықпен шығарып салғандары жүректі елжіретті. Осындай халықтың бірлігін көрген соң, елімізде қалың бұқара үшін жақсы энергия тудыра алатын жобаларды көптеп жасау керек деген ойға келдім.

Елімізде мұндай спорттық шаралар әлі де аз, әлі де жетіспейді. Түрлі фестивальдар, адам мен адамды жақындастыратын, халықты біріктіретін шараларды ұйымдастыру керек.

− Ақтық сайысқа дайындық қалай жүріп жатыр? Жеңімпаздарды қандай жүлделер, қандай мүмкіндіктер күтіп тұр?

Мұндай шараларды ұйымдастырғанда мерекелік көңіл-күй өте маңызды. Шетелдің спорттық шараларын неге қызығып қараймыз, Геннадий Головкин неге Америкаға барып жұдырықтасады? Өйткені оларда көп нәрсе қамтылған, ТВ, интервью, шоу, спорттық жарыспен қатар жүреді. Кореяның поп-мәдениеті де эмоция сыйлайтын концерттер береді. Шоу жасайды, төлеген әрбір тиыныңды ақтайды.

TARTYL FEST тек қана кәсіби спортшыларға арналған жарыс емес, мерекеге айналуы керек. Біз 20 қаланы аралағанда міндетті түрде танымал эстрада жұлдыздарын шақырдық. Өйткені әнге қызығып келген жас жеткіншек турникті көріп, спортшы ағаларын көріп, қызығушылығы оянуы мүмкін. 18 ақпанда өтетін Гранд-финалда арнайы концерттік бағдарлама болады, тікелей эфир жүргізіледі. Сол үшін де елімізге танымал 8 жүргізуші шақырылды. Сондықтан Астана тұрғындары мен қонақтарын EXPO Конгресс орталығында 18 ақпан күні сағат 12.00-де басталатын Гранд-финалға шақырамын.

Бас ақпараттық демеуші – ҚР Президентінің Телерадиокешені. Турнир Jibek Joly телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Жеңімпаздарды қаражатпен марапаттаумен шектелмей, дарындыларды одан әрі қолдауға, олардың талантын шыңдауға жәрдемдесеміз. Атап айтқанда, осы жоба аясында ең үздік спортшыларымыздың Street WorkOut бойынша халықаралық жарыстарға қатысуын ұйымдастырамыз. Немесе Лос-Анджелесте өтетін Арнольд Шварценеггер сынды танымал тұлғалар жасайтын Street workout жарыстарына апарғымыз келеді. Неліктен? Жастарымыз Америкаға барып, мықтылығын дәлелдей алады, онда жүлделі орын алып жатса, оған барша қазақ қуанып жатса, соның өзі еліміздегі қаншама жасқа үлгі болады емес пе?!

− TARTYL FEST іріектеуінде турникке тартылудан рекордтық көрсеткіш 50-ден асты. Ал гранд-финалға болжамыңыз қандай?

Біз 20 қаланы аралағанда сайыстың өтетіні бір ай бұрын ескертілді. Финалға дейін де дайындалатын уақыт жеткілікті болды. Яғни олар 50 санымен рекорд орнатса, ақтық сайыста менің ойымша 60-65-ке де жетуі мүмкін. Өйткені спортшылардың, 3-4 ай дайындалатын уақыты жеткілікті болды. Әрине, өзім кәсіби спортшы болмағандықтан нақ басып айта алмаймын. Дегенмен, үш ай аз уақыт емес. Біздің жігіттердің дайындығына қарап, өзім риза болдым.

Тіпті, Tartyl Fest Гранд-финалында әлемдік рекорд орнауы да мүмкін. Мұны біздің төрешілер, Street WorkOut мамандары да жоққа шығармайды. Әрине, бұл біздің турнирдің ережесі бойынша ғана айтылған болжам. Өйткені Street WorkOut бойынша әр елде әр түрлі ереже бар. Мысалы, Жапониядағы рекордтық көрсеткіш – 651 болған. Ал Ресейде 6 сағат ішінде 4000 рет тартылған азамат әлемдік рекорд орнатқан. Яғни, оларда ереже басқа.

Менің білуімше, біздің ереже бойынша әлемдік рекорд - 105. Әйтсе де, адамның мүмкіндігіне шек қоюға болмайды. Спортта ойламаған, күтпеген нәтижелер жиі кездеседі. Сондықтан үлкен жетістіктерден үміт үзбейміз.

«Нұрлан Қоянбаевтың өзі турникке тартыла ма?» деп сынай қарайтындар да бар. Өңірлерді аралағанда нағыз мазақ нысаны мен болдым. Қазір Нұрлан Қоянбаев сахнаға шығады дегенде, жұрттың бәрі «өзі турник спортын қолдап жүрген адам, кемінде 30 рет тартылатын шығар» деп күтетін тәрізді. Ал менің салмағым 90 келіден асады, өзімді көтеру қиын, турникке 5-6 рет қана тартыламын. Сонда да ұялмай шығып жүрдім. Өйткені кішкентай балаларға, жастарға мотивация болсын деймін, кейде соңын әзіл-күлкіге айналдырып жіберемін.

− Жобаның болашағы жөнінде не айтасыз? TARTYL FEST жарысы аяқталса да, спортшылар арнайы орта құрып кете алады ғой ?

Жарысты ұйымдастырғанда Телеграмда чат ашқанбыз. Оған өте көп адам тіркелді. Чат әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр, онда спортшылар бір-біріне қарсылас бола тұра, өзара пайдалы кеңестерін, спорттық жаттығулары мен диеталары туралы ой бөлісіп жатады. Демек, ортақ қызығушылығы бар топ пайда болды.

Әрине, сын айтатындар, одан да маңызды мәселе көп қой дейтіндер табылады. Барлық елдегі барлық проблеманы бір уақытта шешу мүмкін емес. Елдің рухын көтеру керек. Экономистердің жұмысы – қаржылай жағдайды жақсарту болса, біздің мақсат – рухани даму болуы керек.

TARTYL FEST жыл сайын тұрақты түрде өтсе деп ойлаймын. Жарысқа биыл қатысып жатқан спортшылар біздің жобамыздың арқасында пайда болған жоқ, олар бұрыннан спортты жанына серік еткен адамдар. Сондықтан келесі жылы спортшылар саны артып жатса, жарыстың нәтижелі өткені деп айтуға болады. Мәселен, «Қазақ барысы» бірнеше жыл өткізіліп жүргенде палуандар көбейді. Ел арасынан түрлі спортшылар танылды. Сондықтан, TARTYL FEST тұрақты түрде өтуі керек деп ойлаймын.

− Финал ойындарына сәттілік тілейміз! Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар