Tartyl Fest финалына қатысатын оқушы Көк туды биікте желбіретуді армандайды

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елордада 18 ақпан күні өтетін «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалына қатысушылардың бірі – Орал қаласында тұратын мектеп оқушысы, 17 жастағы Тайыр Жаңабай. Ол алдағы айтулы додаға дайындығы және өз арман-мақсаттары жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

- Тайыр, өткен жылы тамыз айында Оралда өткен «Tartyl Fest» фестивалінде 18 жасқа дейінгілер арасында жеңімпаз атандың. Осы жарысқа қатысу туралы ойға қалай бекіндің?

- Жазғы демалыс кезінде анам Instagram әлеуметтік желісінен жаңадан ұйымдастырылған «Tartyl Fest» атты турнирдің жарнамасын көрді де, кермеге жақсы тартылатынымды білетіндіктен, қатысып көруге ұсыныс жасады. Мен мектептер арасындағы әскери дайындық додасында кермеге тартылудан екі рет жүлдегер атанып, республикалық «Айбын» жарысына қатысқан едім. Көп ойланбастан келістім де, бағымды сынап көруге бел байладым. Жасыратыны жоқ, бұл сайысқа қаланың кіл мықтылары қатысатынын білгендіктен, жеңіске жететініме аса сенімді болмадым. Дегенмен сол додада 31 рет тартыла алдым. Бұл 55 келіге дейінгілер арасында жеңіске жетуіме жеткілікті болды.

- Енді елордада өтетін қорытынды финалға дайындық қалай жүріп жатыр, өз көрсеткішіңді жаңарттың ба?

- Финалға дайындық барынша жүріп жатыр. Бұл спортпен кәсіби айналыспаған соң, арнайы жаттықтырушым жоқ болғандықтан, спорт мамандарынан барынша кеңес алып, әзірленудемін. Көбіне Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті (БҚАТУ) ғимаратындағы жаттығу залында дайындалып жатырмын. «Tartyl Fest» турнирінің Оралдағы кезеңінде жіберген қателіктерімді, басқа қалалардағы қатысушылардың деңгейлерін саралап, ой жүгіртіп, өз олқылықтарымнан қорытынды шығарудамын. Иә, көрсеткіштерім жарыстан кейін тұрақты физикалық жаттығулардың және жүйелі түрдегі дайындықтың арқасында өсті. Қазір 35-40-қа дейін жеткізіп жатырмын.

- Үнемі жаттығудан нәтиже шыққаны жақсы ғой. Өмірлік жолың, ата-анаң, өз ортаң жөнінде айтып өтсең?

- Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Отбасындағы екінші баламын. Әкем Қаржаубай Досов Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да аға оқытушы, анам Алмагүл Төлегенова да осы университетте қызмет етеді. Мен дүниеге сегіз айлық болып келдім. Сол себепті де кішкентай кезімде әлжуаз және аурушаң болдым. Кішкентайымнан-ақ әкем «Ер бала шыныққан, мықты болуы керек» деп спортқа баулыды. Өзі де үстел теннисінен әуесқой спортшы. Ал анам «Әр қазақ домбыра тарта білуі керек», деп, домбыра үйірмесіне қатыстырды. Алты жасымда алғаш мектеп табалдырығын аттадым. Ең бірінші барған мектебім жалпы білім беретін №20 орта мектеп еді. Ең алғашқы қызықты, балалық сәттерім сол мектепте өтті. Екінші сыныпқа келгенде, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы №30 мектепке ауыстым. Ондағы сынып жетекшім екінші ата-анамдай, сыныбымдағы балалар да туған бауырларымдай болып кетті. Сол мектептегі достарымды ешқашан ұмытпаймын, өйткені олармен өткен күндерім ұмытылмастай болды.

Енді, бұйырса, ақпан айының ортасында еліміздің астанасына жол түскелі тұр. Бұдан бұрын 2019 жылы жазғы демалыста Астанада алғаш рет болып едім. Елордамыз керемет қой, тамаша әсер қалдырды. Бұл жолы әкеммен бірге бармақшымын. Осы жарыста жеңіске жетіп жатсам, оны ата-анама, достарыма арнағым келеді.

- Қазір қайда оқып жүрсің, болашақта қандай мамандықтың тұтқасын ұстағың келеді?

- Қазіргі уақытта Қадыр Мырза Әли атындағы №47 орта мектепте білім алып жатырмын. Көп ұзамай мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алмақшымын. Осы жерде сыныптастарыммен танысып, жаңа достар таптым. Болашақта дәрігер мамандығын меңгеріп, медицина саласында қызмет атқарғым келеді.

- Қандай спорт түрімен шұғылданасың?

- Бұдан бұрын еркін күрес және қол күресімен айналыстым. Кезекті жарысқа әзірлік кезінде қолымды сындырып алдым. Сол себепті көпке дейін жаттығуды тоқтата тұруға тура келді. Бірақ спорттан еш алшақтағым келмеді, сондықтан қолым толықтай сауыққанша, бір жеңіл-желпі спортпен айналыса тұрайын деп, кермеге тартылуды әдетке айналдырдым. Бұл маған қатты ұнады да, осы кезге дейін бұл спорт түрімен әуесқой деңгейде айналысып келемін.

- Тайыр, қай спорт түрін қызықтап қарайсың?

- Өзім бұрын да күреспен айналысқандықтан, күрестен өтетін жарыстарды қарағанды жақсы көремін. Және де тағы бір қызығып тамашалайтын спорт түрі, бұл – волейбол. Дегенмен барлық спорт түрін жаныма жақын санаймын.

Әзірге бос уақытым болып жатқан жоқ. Барлығын кесте бойынша жасаймын. ҰБТ-ға дайындаламын және спорттық үйірмеге барамын.

- Алдағы арман-мақсаттарың жөнінде не айтар едің?

- Алға қойған арман-мақсаттарым көп. Солардың ең бастыларын айтайын. Ең алдымен алда өткелі тұрған республикалық жарыста бірінші орын алсам деймін. Сосын егер әлемдік додаға жолдама берсе, онда да алдан көрініп, көк туымызды биікте желбіретсем, бір мақсатымның орындалғаны дер едім. Ал екіншісі, ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, қалаған оқу орныма түсіп және де білікті маман атанып, еліме, ата-анама пайдамды тигізсем деймін. Менің осындай деңгейге жетуіме спорт та септесті деп білемін. Сондықтан қатарластарымды терең білім алумен бірге спортпен тұрақты айналысуға шақырамын. Ең бастысы, еліміздің одан әрі дамып, гүлдене түсуіне сүбелі үлес қоса алатын азамат болғанға не жетсін!

- Әңгімеңе рахмет!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Tartyl Fest» фестивалінің Оралдағы жеңімпаз-жүлдегерлері анықталғанын жазған болатынбыз.

«Tartyl Fest» финалы Астанада 18 ақпанда өтеді.

Осыған дейін «Tartyl Fest» турнирінің ақтық сайысына қатысатын оралдық 2 спортшымен сұхбат құрған едік. Олардың бірі Юрий Кичатов сүйгенін жаттығу кезінде тапқанын айтқан болса, Александр Бадик Қазақстанда спортты дамытуға үлес қосқысы келетінін жеткізді.

Фотолар кейіпкердің жеке мұрағатынан.


Соңғы жаңалықтар