Тartyl Fest: Финалистердің турнирге дайындығы қалай

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ертең Тartyl Fest турникке тартылудан республикалық турнирінің гранд-финалы өтеді. Әрине, сайыстан бір күн бұрын салмақ өлшеу рәсімі ұйымдастырылады. Оның барысында өнер көрсететін қатысушылар жас ерекшелігі мен салмақ дәрежесі бойынша іріктеледі. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі ең ауқымды тартысты бәсекеге дайындық қалай өтіп жатқанын біліп қайтты.

«Думан» қонақ үйінің үлкен залында халық қарасы қалың. Кіреберісте Тartyl Fest турнирінің баннері орналастырылған. Зал ішінде ертеңгі сайыстың жүлдесінен үміткер қатысушылар салмақ өлшеу үшін кезегін күтіп отыр.

«Сіздер тарихи сәтке куә болып отырсыздар»

Тartyl Fest турнирінің амбассадоры Айтым Жақыповтың айтуынша, барлық қатысушылар өңір көлемінде ірктеліп, олардың тек үздігі елордаға жиналған. Оларға ата-аналары, жақындары, бас шаһарға арнайы келген достары қолдау білдіреді.

«Біз бұл жерде ең мықтыны анықтаумен қатар, бүкіл әлемге street workout бағытын қалай қолдап жатқанымызды көрсетеміз. Себебі бүгін мұнда бар жан-тәнін спортқа арнаған жігіттер жиналды. Біз балаларымызға, жасөспірімдерге спорт біздің өміріміздің және болашақ ұрпағымыздың ажырамас бөлігі екенін түсіндіргіміз келеді. Келгендердің барлығына алғыс білдіреміз. Фестивальдің бүкіл командасы өте ұзақ уақыт бойы дайындалды. Сіздер бүгін тарихи сәтке куә болып отырсыздар», - дейді Тartyl Fest турнирінің амбассадоры Айтым Жақыпов.

Салмақ өлшеу рәсімі басталар алдында қатысушылар тіркеуден өтті. Сонымен қатар, арнайы нұсқаулықпен танысып, гранд-финалға қатысатынын растап, келісім құжатына қол қойды. Кейін салмақ өшеу басталды.

Финалистер бас төрешінің ескертпелері мен сайыстың ережелерін өткізіп алмауға тырысып, процесті мұқият бақылады.

Бірінші болып сөз алған Айтым Жақыпов гранд-финалда өнер көрсету тәртібін түсіндірді.

«Турникке тартылар алдында екі аяқты қосып ұстаймыз. Бұл кезеңде төреші атлеттің тұрған қалыпын бақылайды. Егер сіз жаттығуды дұрыс орындасаңыз, төреші барлығын есепке алады. Сіздер тек төрешіні тыңдайсыздар. Барлығыңыз жаттығуды сапалы әрі ережеге сай орындайды деп сенемін», - деп турнирдің ережелерімен таныстырды Айтым Жақыпов.

Турнирде 11-51 жас аралығындағы қатысушылар бақ сынайды

Финалистер үш жас және 9 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетеді. Жеңістен үмітті ең жас финалист – 11-де болса, ең үлкені – 51 жаста. Сайыстың жалпы жүлде қоры - 54 млн теңге.

Әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға - 3 млн, екінші орын үшін - 2 млн, үшінші орынға - 1 млн теңге беріледі.

Елордада өтетін гранд-финалға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 170 спортшы жиналды.

Турнир төрешілерінің бірі Сәкен Нариман салмақ өлшеу барысында жігіттердің сайысқа кәсіби әрі белсенді дайындықпен келгенін атап өтті.

Жеңіске жетсем, ата-анама сыйлық жасаймын - 11 жасар чемпион

Фестивальдің ең жас қатысушысы Мансұр Уәлиев турнирге әкесімен бірге арнайы Өскемен қаласынан келген. Ол спортпен 4 жасынан бастап айналысады. Мансұр гранд-финалда сәтті өнер көрсету үшін барын салатынын мәлім етті.

«Өскеменнен әкеммен бірге келдім. Маған жалпы осы Тartyl Fest туралы әкем айтты. Алакөлде жүрген кезімізде Тartyl Fest сайысына қатысып көр деп ұсыныс білдірді. Сол кезден бастап турникке тартылып, осы спортпен айналыса бастадым. Өскемен қаласында өткен Тartyl Fest сайысының іріктеу кезеңінде 36 рет турникке тартылдым және бірінші орын алдым. Оған көп адам қатысты. Менімен бірге туған үш бауырым бар. Олар Өскеменде қалды. Үйдің тұңғышы – мен. Бауырларым қалада қалып, кішкентай болса да, маған қолдау білдіріп жатыр. Турникке тартылғаннан басқа, қол күрес, жеңіл атлетика, дзюдо сияқты спорт түрлерімен шұғылданамын. Ертең болатын жарыста бірінші орынды жеңіп алсам деп ойлаймын. Егер ақша ұтып алсам, ата-анама сыйлық жасаймын. Болмаса, өзіме дайындалу үшін гір тасын, гантель сатып алатын шығармын. Қарсыластардан қорықпаймын. Жақсы дайындалдым. Ертең барынша өз-өзімді көрсетемін деп ойлаймын», - деп бөлісті Тartyl Fest республикалық турнирінің 11 жасар қатысушысы Мансұр Уәлиев.

Фестивальдің ең жасы үлкен қатысушысы: Бар күш-жігерімді саламын

Турнирдің ең жасы үлкен қатысушысы Андрей Антоньян болса, наурыз айында 52 жасқа толады. Ол бұл сайыс туралы таныстарынан естіген.

Андрей – зейнеткер, құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Қостанайлық қатысушы 22 жыл бойы спортты жанына серік еткенін атап өтті.

«Мен бұл турнир туралы таныстарымнан естідім. Кешке қарай сайыс өтіп жатқан алаңға барып, салмақ өлшеу рәсімінен өттім. Басында өте қызық болды. Күтпеген жерден жеңіске жеттім. Ол жолы турникке 45 рет тартылып, облыс ауқымында рекорд орнаттым. Гранд-финалда 45-тен кем тартылмаймын деп жоспарлап отырмын. Әрине, бар күш-жігерімді саламын. Менің спортпен айналысып келе жатқаныма 22 жыл болды. Алғашқы уақыттарда гір көтеру спортымен шұғылдандым. 45 жасымда зейнетке шықтым. Ішкі істер министрлігінде қызмет еттім. Наурыз айында 52 жасқа толамын», - деді қостанайлық қатысушы Андрей Антоньян.

Гиннестің рекордтар кітабына енген қатысушылар

Гранд-финалға қатысушылар арасында әуесқойлар ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары мен әлемдік рекорд орнатқандар да бар. Соның бірі - Гиннестің рекордтар кітабына енген спортшы Ильдар Ягяев.

«Айтым - менің ең жақын досым. Онымен бірнеше жылдан бері жақсы қарым-қатынастамыз. Бұл сайыс туралы оның әлеуметтік желідегі парақшасынан білдім. Содан кейін дайындыққа кірістім. Мен KFC-дің Ақтаудағы филиалына жетекшілік етемін. Финалға алты ай дайындалдым. Жеңістен үміттімін. Егер бірінші орынды жңіп алсам, бұл - менің тәлімгерлерім мен шәкірттерім үшін алғашқы жеңіс болады. Бұл олардың спортпен айналысуына да үлкен серпіліс бермек. Әрине, мықты бәсекелестер бар. Менің жеке рекордым – 60. Бастапқыда бұл спортпен әуесқой ретінде айналыстым. Кейін жарыстарда жеңіске жете бастадым. Бұл мені одан әрі ынталандыра түсті», - дейді Ильдар Ягяев.


«Психологиялық тұрғыда дайынмын»

20 жастағы Руслан Фатахов осы жарысқа Шахтинск қаласынан арнайы келген. Ол Тartyl Fest турнирінің Петропавлда өткен іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен.

Ол да осыдан 3 жыл бұрын турникке тартылу бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген.

«Бұл - жастар үшін үлкен мүмкіндік. Турнир өз жалғасын тапса, өскелең ұрпақ үшін жақсы болар еді. Жастар спортпен айналысса деген ниеттемін. Өзімнің салмақ дәрежемде бірінші орын аламын деген үміттемін. Жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Ертең өз мүмкіндігімді барынша көрсетемін. Психологиялық тұрғыдан да дайынмын», - деп бөлісті Руслан Фатахов.

«Өз спорт залымды ашқым келеді»

Қатысушылардың бірі Аслан Баубеков отбасына 3 млн ұтып, үйіне жеңіспен ораламын деп уәде берген. Ол 18 жаста, колледждің төртінші курс студенті.

«Мен бұл сайыстың өтетінін интернеттен білдім. Кейін қатысып көруге бел шештім. Петропавлда өткен іріктеуде жеңіске жеттім. Ал үлкен финалға бірнеше ай бойы дайындалдым. Әрине, іштей уайым бар. Мен өз отбасыма жеңіске жетіп, үйге 3 млн теңгемен ораламын деп уәде бергенмін. Ертеңгі күннен үміт көп. Балаларды жаттықтырумен айналысатын өзімінің залымды ашсам деп армандаймын. Өзім тұратын қалада спортты насихаттағым келеді», - дейді Аслан Баубеков.

Жеңімпаздар Қазақстан құрамасы атынан әлем чемпионатына барады

Айта кетейік, мұндай үлкен ауқымдағы фестиваль елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы ұйымдастырушылар 62 күн бойы еліміздің әр өңірінде болып, үздік қатысушыларды іріктеді. Жалпы 14 мыңға жуық қатысушы іріктеуге қатысты.

«Қазақстан street workout спортына ерекше көңіл бөледі. Біздің елдің атлеттері де мықты. Қазақстан бүгінде спорттың осы бағытын дамыту бойынша №1 ел деп зор сеніммен айта аламын. Бүгінде бүкіл елдегі тұрғын үй кешендерінің аулаcында workout үшін арнайы алаңдар салынып жатыр. Ол өз кезегінде жастардың осы бағытта дамуына мүмкіндік ашады. Қазақстандағы street workout-тың әлеуеті өте зор. Сонымен қатар, біздің елде 4-5 дүркін әлем чемпионы атанған көп жігіттер бар екенін атап өткен жөн болар. Қазақстан құрамасы түрлі халықаралық чемпионаттарға белсенді қатысып жүр. Ертең өтетін гранд-финалда фестиваль ережесі бойынша жаңа рекорд орнатуымыз мүмкін. Өйткені, жастардың дайындығы жоғары деңгейде», - деді турнирдің амбассадоры Айтым Жақыпов.

Тartyl Fest турнирінің басты жүлделерінің бірі – жеңімпаздарды Қазақтан құрамасының атынан әлем чемпионатына апару. Айтым Жақыповтың айтуынша, қазір жастарға осындай мүмкіндік ұсыну үшін келіссөз жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар