Tartyl Fest финалисі: Қазақстанда спорттың дами түсуіне үлес қосқым келеді

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елордада 18 ақпан күні өтетін «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалына 17 жастағы оралдық Александр Бадик те қатысқалы отыр. Батысқазақстандық жас спортшы бұл додадан не күтеді? Дайындық деңгейі қандай? Міне, осы жөнінде ол ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

- Александр, өткен жылдың тамыз айында «Tartyl Fest» фестивалінің Оралда өткені белгілі. Онда 375 қатысушы бақ сынап, соның ішінде өзің де болдың. Талпынысың құр кетпей, 18 жасқа дейінгілер арасында 55-70 келі салмақта жеңімпаз атандың. Жалпы, бұл турнирге қайдан тап болдың?

- Әрине, жарыс есімде. Залда жаттығу жасап жүріп, Instagram желісінен Қазақстанда «Tartyl Fest» фестивалінің өтіп жатқанын көріп қалдым. Сол бойда неге қатыспасқа деген ой келіп, дереу жаттығуға кірістім. Қысқа уақыт ішінде кермеге 35 рет тартылдым. Фестивальдің өзінде көрсеткішім сәл кемдеу (31) болды. Соның өзінде өзімнің жас ерекшелігіме және салмағыма қарай үздік шықтым. Бұл мені жігерлендіре түсті. Оның үстіне гранд-финалға қатысушылардың қатарына қосылғаныма қуаныштымын.


- Спортпен қашаннан бері шұғылданып келесің?

- Әжем Татьяна Александровнаның арқасында кішкентайымнан бастап айналыса бастадым. 7-8 сыныпта оқып жүргенде, спорттың Street Workout бағытына аңсарым ауды. Сол кезде мықты атлеттермен таныстым. Олар менің кәсіби деңгейге көтерілуіме көмектесті. Бір жылдан кейін күштік workout-қа, яғни streetlifting түріне ауыстым. Қоссырықта тартылып, қосымша салмақпен көтеріліп жүрдім. Классикалық streetlifting-тен спорт шеберімін. Онлайн өткен қосымша +16 келімен тартылудан әлем чемпионымын. Алғаш рет ресми түрде спорт шебері атағын 15 жасымда алдым. Атап айтқанда, 2021 жылғы Еуропа чемпионатында 16 келілік гір тасымен 20 рет тартылып, өз салмағым мен жасым бойынша рекорд орнаттым. Оған қоса 2022 жылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атандым. Жарыстар онлайн түрде Оралда өтті. Оны Қазақстан streetlifting федерациясы ұйымдастырады, онымен Андрей Геннадьевич Макаренко деген адам арнайы айналысады.

- Астана төрінде өтетін жарысқа қалай дайындалып жатырсың?

- Әзірлік өте жақсы. Бұл ретте бапкерім Александр Михайлов маған көмектесуде. Бәрі ойластырылған. Қысқа мерзімде ерекше табысқа қол жеткізіп, көпшілікті таңдандырамын деп ойлаймын.


- Өзің оқитын шығарсың? Басқа не қызықтырады? Қандай команданың жанкүйерісің?

-Иә, Орал гуманитарлық-техникалық колледжінде дене шынықтыру және спорт мұғалімі мамандығына оқып жүрмін. Болашақта бапкер болып, өзім сияқты қатарластарыммен бірге балаларды жаттықтырғым келеді. Сөйтіп өзімнің туған Қазақстанымда спорттың дами түсуіне үлесімді қоссам деймін. Әрине, оған дейін спортпен етене айналысып, бірте-бірте бапкерлікке ауысуды жоспарлаймын. Қазіргі кезде басқаға уақытым да жоқ. Менің жұмысым да, хоббиім де – street workout. Футбол жөнінде айтсам, Испанияның атақты клубы «Реалдың» (Мадрид) жанкүйерімін.

- Алдағы көздеген межең қандай?

- Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын ресми түрде екі рет алғым келеді. Біріншісі – 32 келілік гір тасымен 16 рет тартылу, екіншісі – классикалық стритлифтингте керме мен қоссырықта жалпы салмағы 180 келіні бағындыру.

- Өз отбасың, туған қалаң және Қазақстан туралы не айтар едің?

- Отбасым ұйымшыл, қаланың 4-шағынауданында тұрамыз, әкем мен анам, сосын кішкентай қарындасым бар. Қазақстан – өз Отанымыз, сондықтан оның көркеюіне үлес қосу – бәріміздің борышымыз деп білемін. Маған Орал қаласы тыныштығымен, тазалығымен ұнайды. Қайырымды адамдар жетерлік. Келешекте осы Оралда қалып, жұмыс істегім келеді.


- Достарың көп пе, олар да спортпен айналыса ма?

- Достарым көп. Көпшілігі спортпен кәсіби түрде айналысады. Негізінен streetlifting-тің шеберлері, олардың арасында Егор Горунов, Иван Михайлов, Данил Михайлов секілді әлем чемпиондары да бар. Өмірде әрдайым қасыңнан табылып, саған сүйеніш болатын, табыс-жеңісіңе қуанатын достарыңның болғанына не жетсін!

- Астанаға алғаш рет барасың ба?

- Еліміз астанасына бірде-бір рет жолым түспепті. Бұйырса, бірінші сапарым сәтті болып, көш басынан көрінемін деп ойлаймын. Өйткені сол үшін бар күш-жігерімді жұмсамақпын. Жеңетініме 100 пайыз сенімдімін.

- Елордада қандай жас ерекшелігіне қарай және қай салмақта сынға түс есің?

- Жуырда 17 жасқа толдым. Сондықтан өткен жылдағыдай 18 жасқа дейінгілер арасында бақ сынап көремін. Қазір салмағым – 67 келі, сол себепті 55-70 келідегілер арасынан үздік шыққым келеді. Кермеге 45 реттен артық тартыламын деп ойлаймын.


- Александр, Астанаға алғашқы сапарың сәтті болсын. Жеңіспен қайтуыңа тілектеспін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Tartyl Fest» фестивалінің Оралдағы жеңімпаз-жүлдегерлері анықталғанын жазған болатынбыз.

«Tartyl Fest» финалы Астанада 18 ақпанда өтеді.

«Tartyl Fest» турнирінің Оралдағы жеңімпазы сүйгенін жаттығу кезінде тапқанын айтты.

Бұған дейін «Tartyl Fest» додасының гранд-финалына қатысатын оралдық Юрий Кичатовпен сұхбат ұсынған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар