Tartyl Fest финалисі: Хоббиім де, жұмысым да – спорт

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Пауэрлифтингтен спорт шебері Ахмет Терлікбаев Астанада 18 ақпан күні өтетін «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалына қатысады.

Өскеменде өткен жарыста өз салмағында жеңімпаз атанған ол жеке жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

Ахмет Терлікбаев 32 жаста. Спортпен бала күннен айналысып келеді. Ең әуелі күреспен шұғылданыпты.

«Мектеп оқып жүргенде сыныптасым еркін күреске баруға шақырды. Көп ойланбай келісе кеттім. Турникке де бала күннен тартылып келемін. Үйде де турник жасатып, күнде жаттығып жүрдім. Әзірге жеке рекордым – 30», - дейді ол.

«Тartyl Fest» жобасы туралы жаттығу залында жүргенде кездейсоқ естіп қалып, қатысуға шешім қабылдаған. Өйткені өзінің жақсы нәтиже көрсететініме сенімді болған.

«Өскемендегі жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар көп болды. Бірақ күнде жаттығып жүргендіктен жеңімпаз болатыныма күмәнім болған жоқ», - дейді спортшы.

30 жастан асқандар арасында 90 келіден жоғары салмақта қатысқан Ахмет Терликбаев 24 рет таза тартылып, бірінші орын алды. Ал 2-орынды Вадим Салманханов (17 рет), 3-орынды Әділет Абылғазинов (15 рет) иеленді. Осылайша, ол қарсыластарынан оқ бойы озып кетті.

«Болашақта бодибилдинг пен пауэрлифтингтен жарыстарға қатысып, биік белестерді бағындырғым келеді. Қазір сол үшін күнделікті жаттығып, тынбай дайындалып жүрмін. Пауэрлифтингтен спорт шебері атандым. Өзімнің жаттықтырушым бар. Ол маған бағыт беріп, жол нұсқап отырады. Хоббиім де, жұмысым да – спорт. Осы бағытты таңдағаннан кейін жетістіктерге жеткім келеді», - дейді Ахмет.

Оның айтуынша, «Tartyl Fest» сияқты жарыстар өте қажет. Осындай республикалық турнир жыл сайын өткізіліп тұрғаны жөн.

«Турникке тартылу жарысында финалға шыққаныма өте қуаныштымын. Жеңіске жету үшін барымды саламын! Елордаға алтын медаль мен 3 млн теңгені иелену үшін аттанамын», - дейді Ахмет Терлікбаев.

Еске салсақ, «Tartyl Fest» турникке тартылудан өңірлік жарыс Өскеменде 30 тамыз күні өткен еді.

Өскемен қаласының әкімі де турникке тартылған болатын.

18 ақпанда Астанада өтетін гранд-финалға өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 14-51 жас аралығында. Өткен жылы турникке тартылудан жарыс Қазақстанның 20 қаласында өткен. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық тоғыз салмақ дәрежесінде сайысқа түсті. Тартылу саны бойынша рекорд 33 жастағы тараздық Евгенийге тиесілі – ол 50 рет тартылған.


Фото Ахмет Терлікбаевтың жеке мұрағатынан


Соңғы жаңалықтар