Tartyl Fest финалисі: Балаларға дене шынықтырудан сабақ бергім келеді

2023 жылғы 4 ақпан, 18:52
Tartyl Fest финалисі: Балаларға дене шынықтырудан сабақ бергім келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр басталған Tartyl Fest республикалық турнирінің қатысушылары арасында түрлі сала маман иелері бар. Соның бірі - шымкенттік Жандос Тұрғынбаев. Мамандығы бойынша дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бірақ, жұмыс істемеген, енді меңгерген кәсібі бойынша еңбек етуді жоспарлап отыр. ҚазАқпарат тілшісі әуесқой спортшыны әңгімеге тартқан еді.

32 жастағы Жандос Тұрғынбаев - Шымкент қаласының тұрғыны. Айтуынша, турникке тартылуға бала күнінен әуес.

«Бойдақпын. Әзірге тұрақты жұмысым жоқ. Бұйырса, жұмысқа тұрамын. Мамандығым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, бірақ мамандығым бойынша жұмыс істемегенмін. Арманым - мамандығым бойынша жұмыс істеу. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болғым келеді. Жұмыс іздеуге кірістім, түйіндемемді таратып жатырмын», - дейді Жандос Тұрғынбаев.

Қазір Жандос 18 ақпанда Астанада өтетін Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалына қызу дайындалып жатыр.

«Жаттығу залына барып, күнделікті дайындалып жүрмін. Жалпы турникке тартылумен оқушы күнімнен айналысып келемін. Қазір де тұрақты айналысамын. Өткен жылы күзде Астанада өткен турнирге аса үлкен дайындықпен бармадым. Енді алда гранд-финал дайындықты күшейту керек. Жалпы Tartyl Fest туралы әлеуметтік желіден білдім. Қонаев қаласында өтіп жатыр дегенді естіп, Шымкентте ұйымдастырылса қатысамын деп бел буғам. Өкінішке қарай, өткізіп алдым. Сосын Астанада өткен жарысқа қатысу туралы шешім қабылдадым. Бұл жерде мәселе жарысуда ғана емес. Жалпы спорт адам денсаулығына пайдалы, оның ішінде турникке тартылу да бар. Сонымен қатар адам жеңіске жеткенде жігерлене түседі. Жеңімпаз атансаң, сыйлық алсақ шабыттана түсесің. Бұл жақсы ғой», - дейді ол.

photo

Оның айтуынша, бұқаралық спортты дамыта түсу мақсатында жұртшылықтың қатысуымен өтетін іс-шараларды жиі өткізу керек.

«Былтыр Астанадағы турнирде соңғылардың бірі болып шықтым. Нәтижесінде 36 рет тартылдым. Қарсыластарым мықты болды. Естуімше, алдағы гранд-финалда тәртіп, талап қиындай түспек. Мысалы, бұған дейінгі жарыста бір бастағанда күшің жеткенше тоқтаусыз тартылатын едік. Енді командаға бағынады екенбіз. Яғни турникке тартылып жатқанда саған тоқта дейді, тоқтай қаласың, санаулы секеундтан кейін команда берілгенде қайта жалғастырасың. Қиынға түсейін деп түр», - дейді турнир қатысушысы.

Сондай-ақ, шымкенттік әуесқой спортшы турникке тартылудың әскери міндетті өтеген кезде зор пайдасы тигінен айтты.

«Спорттан тыс табиғат аясына шыққанды ұнатамын. Әсіресе жазды күндері. Алдыма қойған арман-мақсатыма келсем, бұйырса, отбасын құру және мамандығым бойынша еңбек етіп, дене шынықтыру мұғалімі болуды көздеп отырмын», - дейді Жандос Тұрғынбаев.

photo


Еске салайық,18 ақпан күні елордада Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтеді.

Аталған спорттық шара ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылған.

Жоба идеясын белгілі қазақстандық продюсер Нұрлан Қоянбаев ұсынған, ал жобаның бренд-елшісі – «Street Workout» бойынша рекордсмен Айтым Жақыпов.

Гранд-финалға өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 14-51 аралығында.

Фотолар кейіпкердің жеке мұрағатынан


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar