Tartyl Fest финалисі: Балаларды кішкентайынан отаншылдыққа тәрбиелеу керек

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елордада 18 ақпан күні өтетін «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалына Батыс Қазақстан облысынан Орал қаласының тұрғыны Ербол Жәңгірханов та қатыспақшы. Бала тәрбиесімен етене айналысып жүрген Ербол ҚазАқпарат тілшісіне осы жолға қалай келгені жөнінде әңгімелеп берді.

-Сырым ауданы Жосалы ауылында дүние есігін ашып, сондағы Абдолла Жұмағалиев атындағы орта мектепте білім алдым, - деп бастады сұхбатын Е.Жәңгірханов, - Кішкентайымнан спортқа жақын болдым. Жалпы, Сырым ауданында күрестің жақсы дамығаны, талай атақты балуандардың шыққаны мәлім. Сондықтан болар, бірнеше спорт шеберін тәрбиелеп шығарған бапкер, қазір марқұм Бейбіт Елубаевтың қоластында 3-сыныптан бастап самбомен айналыстым. Мектепте жүргенде, кір тасын көтеруден, турникке тартылудан, жеңіл атлетикадан аудандық деңгейдегі жарыстарға қатыса бастадым.

Орал қаласына келіп, мұнай-газ және салалық технологиялар колледжінде бокс пен қоян-қолтық ұрысқа ден қойдым. Қалада спортпен айналысуға мүмкіндік мол ғой. Бұл жерде мен алдыма чемпион боламын деп мақсат қойғаным жоқ. Мысалы, бокспен айналысқанда, оның техникасы қызықтырды, бұлшық еттердің орналасуы, оған әсері қандай, былайша айтқанда, адамның анатомиясын зерттей бастадым.

Шымкент қаласындағы 6506-әскери бөлімінде бір жыл бойы «Бүркіт» арнайы жасағында болған кезімде де осы мақсатымнан танған жоқпын.

Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде құрылыс саласы бойынша жоғары білім алып, Сырым ауданында «Жастар тәжірибесі» бойынша алты ай жұмыс жасадым.

Жастайымнан әжемнен ертегілерді, батырлар жырын тыңдап өстім. Әсіресе, «Қобыланды батыр» дастанындағы Тайбурылдың шабысы адамға ерекше әсер етіп, жауынгерлік рух беретін. Соның әсері болар, спортқа жақындығым бар, әскерде келісімшартпен қызмет еткім келді. Атырау қаласында 41433-барлау полкіне қабылдау болып жатқаны жөнінде хабарландыруды көрдім де, соған құжаттарымды тапсырып, өттім. Сөйтіп терроризмге қарсы арнайы жасақта болып, денемді шыңдаумен бірге білім-білігімді арттыра түстім. Онда мықты мамандар дәріс берді, әскери сапарлар одан сайын шынықтыра түсті. Анатомияны психологиямен ұштастырып, әрі қарай зерттегім келді. Яғни адам жаттықтырушының айтқанын тыңдап, тек соны істей беру керек пе? Әлде қосымша білім алу қажет пе? Адам табысқа қалай қол жеткізе алады? Міне, осы сауалдарға жауап іздедім. Кейін БҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы бола жүріп, офицерлік құрамға терактінің алдын алу, қауіпсіздік жүйесін орнату мәселелері бойынша қосымша сабақ бердім. 2019 жылы жеке кәсіпке бет бұрамын деп шештім. Осылайша, «Er Study» мамандандырылған даярлық орталығын аштым.

-Бұл орталықта сонда кімдер жаттығады?

-Мұнда тек ересек адамдар ғана емес, кішкентай балалар да бар. Мысалы, 2,8 жастағы бүлдіршіндерден бастап орган қызметкерлеріне дейін жас ерекшелігіне қарай бөлінеді. Әрқайсысының әдістемесі бөлек. Спортқа баламның қызығушылығын қалай оятамын деп жүздеген ата-ана келді. Бапкерлер бұрын жаттығып жүрген балаларға көбірек көңіл бөледі де, қалғандары көлеңкеде қалып қояды. Содан олардың ынтасы жоғалады. Қазіргі кезде «Ержүрек» курсында елу шақты бала жаттығуда. Мұндағы мақсат – балаларды табандылыққа, батылдыққа, шыдамдылыққа баулу. Тәртіпке бағынып, жауапкершілік те таныта білген жеткіншек үлкен табысқа қол жеткізе алады. «Тәртіпке бағынған құл болмайды», деп Бауыржан Момышұлы айтқанындай, жасөспірімдердің бойына осы қасиеттерді сіңіре білсек, еш ұтылмаймыз. Өте тұйық, өте пысық және орташа балалар болады. Олардың бәріне жол таба біліп, өздерін қай ортада да еркін ұстай білуіне жетелеу керек. Бір мысал келтірейін, өткен жылы он жастағы балалар ата-аналарынсыз Атырауда бес күн бойы әскери өмірге жаттығып қайтты. Ешқандай телефон ұстаған жоқ, таңнан жаттығып, сабақ оқыды. Қысқаша айтқанда, әскери өмірге психологиялық жағынан дайындалды.

-Ербол, «Tartyl Fest» фестиваліне қалай қатысып жүрсің, енді соған келейік?

-Өткен жылы жазда ғаламтордан республика қалаларында осы турнирдің болып жатқанын көріп қалдым. Өзім бас болып, шәкірттеріммен бірге қатысайын деп ойладым. Жаз кезі болғандықтан, балалардың көпшілігі келе алған жоқ әрі уақыт та тығыз болды. Турникке тартылудан бұрынғы тәжірибем бар, үш аптадай әзірленіп, қатыстым. Орын аламын деп ойлағаным жоқ. 30 жастан жоғарылар (80-90 кг) арасында сынға түсіп, 27 рет тартылдым. Ең соңында бірінші орын деп хабарлағанда, сенген жоқпын.

-Қазіргі кезде республикалық деңгейде осы жас ерекшелігі мен салмақ дәрежесінде үздік нәтиже қандай?

-Күні бүгін 37-40 рет тартылып жүргендер бар.

-Ал оған өзің жете аласың ба, дайындық қалай?

-Оған жетемін деп айта алмаймын. Одан бөлек жұмыстар жеткілікті болып тұр. Сондықтан Астанаға ең алдымен көрейін, білейін деп жол тартқалы отырмын. Қазір көп нәрсе басқаша, жарыс ережесі өзгерді. Республикалық жарысқа жан-жақтан мықты спортшылар мен мамандар келеді. Міне, солармен тәжірибе алмасып, соны өз орталығымда шәкірттеріммен бірге жүзеге асырсам, үлкен олжа болғалы тұр.

-Ендеше, алдағы жоспарларыңмен де бөлісе кетсең?

-Менің ойымша, балаларды кішкентайынан патриотизмге, отаншылдыққа тәрбиелеуіміз керек. Ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрін кейінгі ұрпаққа жалғай білсек, арман-мақсатымыздың орындалғаны дер едім.

-Өз ата-анаң, бауырларың, отбасың спортқа жақын ба?

-Әкем Батырғали Жәңгірханов еркін күреспен, анам Қазима жеңіл атлетикамен айналысқан. Екеуі де өмір бойы ұстаздық етіп, зейнетке шықты. Айта кетейін, ағаларым Серік, Нұрбол, апам Әсел, жеңгем Айшолпан, жұбайым Әйгерім де мұғалім. Ұстаз боламыз деп жоспарламасақ та, өмір жолымыз солай тоғысты. Қысқасы, ұстаздар әулеті деуге болады. Тағы бір айтарым, менің анатомияға жақын болуым қанмен берілген шығар деп ойлаймын. Өйткені әкем сынықшы, бұлшық ет, сүйек құрылысын жақсы білгендіктен, адамдардың шыққан қол-аяғы, бұғанасын салып береді.

Қорыта айтқанда, жеткіншек ұрпағымыз жастайынан шынығып, шымыр болып өссе, сонда ертең олар ел қорғайтын азамат ретінде қалыптасады деп ойлаймын.

-Әңгімеңе рахмет, Ербол, ойға алған барлық арман-мақсаттарыңның орындалуына тілектеспін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Tartyl Fest» фестивалінің Оралдағы жеңімпаз-жүлдегерлері анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ 18 ақпанда Астанада «Tartyl Fest» финалы өтеді.

Бұған дейін «Tartyl Fest» турнирінің Оралдағы жеңімпазынан сұхбат алған едік.

«Tartyl Fest» финалисі Қазақстанда спорттың дами түсуінеүлес қосқысы келеді.

«Tartyl Fest» финалына қатысатын оқушы Көк туды биікте желбіретудіармандайды.


Соңғы жаңалықтар