Tartyl Fest финалисі – 11 жасар оқушы армрестлингтен спорт шеберлігіне үміткер

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Привольние ауылында тұратын Мансұр Уәлиев «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалына жолдама жеңіп алды. 11 жасар Мансұрдың қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмауы оның тынбай шынығып жүруінің арқасы. ҚазАқпарат тілшісі оны әңгімеге тартып көрген еді.

«Спортпен 4 жасымнан бері айналысып келемін. Әкем қол күресінен бапкер болып жұмыс істейді. Бірінші армрестлингтен бастадым. Одан соң жеңіл атлетика және дзюдоға қатыстым. Бұл спорт түрлерінен алған марапаттарым аз емес. Ал турникке тартылған өзіме ұнайды», - дейді Мансұр.

Tartyl Fest жобасы туралы естігенде бірден қатысуға бел шешкен. Себебі түрлі жарыста бақ сынағанды жақсы көреді екен.

«Бұл жарыс туралы әкем танысынан естіпті. Маған қатысуға ұсыныс жасағанда ойланбастан келістім. Сөйтіп, дайындықты бастап кеттік. Күніне 10 реттен 10 мәрте қайталап тартылып жүрдім», - дейді оқушы.

Өскемендегі жарыс 30 тамыз күні ұйымдастырылды. Жалпы шаһар бойынша фестивальде 250-ге жуық адам бақ сынаған. Оның ішінде үздік 27 қатысушы марапатталып, қаржылай сыйақы алды. Соның бірі – осы Мансұр.

Ол 55 келіге дейінгі салмақта 18 жасқа дейінгі қатысушылар арасында өнер көрсеткен. Барлығы 36 рет тартылған Мансұр екінші орыннан 6 рет көбірек тартылды. Атап айтсақ, 2-орынды Ислам Сағиев (30 рет), 3-орынды Мейіржан Ермұханбет (25 рет) иеленген.

«Қазір армрестлингтен спорт шеберлігіне үміткермін. Астанаға барып бақ сынауға дайындалып жүрмін. Осындай турнирдің ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - дейді Мансұр Уәлиев.

Сөз соңында одан «Астанада жеңімпаз болатыныңа сенімдісің бе?» деп сұрадық. Ол мәселе жеңуде емес, шама келгенше тырысып, жақсы өнер көрсетуде екендігін айтты. «Бәрекелді!» деп жас спортшыға сәттілік тіледік.


Соңғы жаңалықтар