Tartyl Fest фестивалі бүгін Петропавлда өтеді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Бүгін Петропавлда республикалық спорттық Tartyl Fest фестивалі өтеді. Турникке тартылып, күшін сынауға 400-ден астам адам тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорттық іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Дара» таланттарды қолдау қорының ұйымдастыруымен өтпек.

Петропавл – Tartyl Fest фестивалі болатын 13 қала. Спорт мерекесі Мемлекеттік рәміздер алаңында өтеді. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, сағат 11:00 мен 14:00 аралығында қатысушыларды тіркеу, салмақтарын өлшеу және реттік нөмір беру рәсімі болады. Ал, сағат 17:00-де фестивальдің ашылу салтанаты.

Қазақстан эстрада әншісі Ғаділбек Жаңай арнайы қонақ ретінде шақырылған. Әртістің қатысуымен сағат 20:00-де концерт басталмақ.

«Мәдениет саласы қызметкерлерінің арасында кім ең жоғары нәтиже көрсетеді, біз оған сыйлық ретінде бассейнге жыл соңына дейін абонемент сыйлауға шешім қабылдадық. Сондықтан, достар қатысыңыздар, саламатты өмір салтын насихаттаңыздар», - деді СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірисов.

Естеріңізге салайық, фестиваль еліміздің 20 қаласында 10 шілде мен 6 қыркүйек аралығында өтпек. Tartyl Fest-ке қатысушылар 9 санат – салмақ және жас ерекшеліктері бойынша жарысады. Оларды ресми түрде қазылар алқасы бағалайды.

Қатысушылардың санаттары:

18 жасқа дейін (жасөспірімдер):

1) салмағы - 55 кг дейін;

2) салмағы - 55-тен 70 кг-ға дейін;

3) салмағы - 70 кг және одан жоғары;

18 жастан 30 жасқа дейін (жастар):

4) салмағы - 65 кг дейін;

5) салмағы - 65-тен 80 кг-ға дейін;

6) салмағы - 80 кг және одан жоғары;

30 жас және одан жоғары (ересектер):

7) салмағы - 80 кг дейін;

8) салмағы - 80-нен 90 кг-ға дейін;

9) салмағы - 90 кг және одан жоғары.

Әр қаладан 27 жеңімпаз таңдалып алынады. Бірінші орынға – 200 мың теңге, екінші орынға – 100 мың теңге, ал үшінші орынға – 50 мың теңге сыйлыққа тігілген. Сондай-ақ, жеңімпаздар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ақтық сынға жолдама алады. Гранд-финалдың жүлде қоры – 54 млн теңге.

Айта кетсек, бұған дейін Қостанай қаласында 51 жастағы Андрей Антонян 45 рет турникке тартылып, жаңа рекорд орнатты.


Соңғы жаңалықтар