Tartyl Fest: Бұрынғы көрсеткішімді едәуір жақсарттым – қызылордалық спортшы

Фото:
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордалық Мұхаммедхан Сайдбаттал Tartyl Fest турнирінің облыстық кезеңінде 18 жасқа дейінгілер арасында топ жарды. Небәрі 16 жастағы жасөспірім белтемірге тартылудан жеңіс тұғырына көтеріліп, турнирдің республикалық кезеңіне жолдама алды. Бала кезінен белтемірге тартылумен тұрақты шұғылданып, сергектікті серік етіп келеді. Ендігі кезекте ол республикалық жарыста жеңіс тұғырынан көрініп, әлемдік сайысқа жолдама алуды алдына мақсат етіп отыр. ҚазАқпарат тілшісі жас спортшыны әңгімеге тартып, алдағы мақсаты мен адйындығы жөнінде ой бөлісті.

- Мұхаммедхан, белтемірге тартылуға қанша жасыңнан бастап қызығушылық білдірдің?

- Жаһандық желі беттерінен мұндай спорт түрі бар екенін бұрыннан білетін едім. Оған қызығушылығым ерекше болды. Белтемірге тартылу күнбе-күн дағдыма айналды. Алғашқыда ол қиын көрінген еді. Уақыт өте келе бойым үйренді. Көрсеткішті жақсарта түстім. Күнделікті сергек жүруіме оң әсерін тигізді.

Tartyl Fest турнирі жөнінде білгенде оған қатысуға шешім қабылдадым. Әзірлігімді пысықтай түстім. Жарысқа барғаннан кейін топ жарған дұрыс қой. Осындай мақсатпен Қызылордада өткен сайысқа келдім. Әрине, жарыс барысында менде толқыныс болған шығар. Оған ешбір сыр берген жоқпын. Өзімнің діттеген мақсатыма жетуге бар күшімді салдым. Қарсыластарымнан озық шыққаныма қуаныштымын.

Енді алда тағы да жауапты кезең тұр. Республикалық кезеңге еліміздің барлық аймағынан мықтылар жиналатыны белгілі. Олармен сайысқа түсудің өзі оңайға соға қоймас. Десе де мен жеңімпаз атанамын деген ойдамын. Оған дайындығым жақсы. Әрбір бос уақытымды тиімді пайдаланып жатырмын.

- Аталған турнирге жастардың қызығушылығы қандай? Бұл сайыстың маңыздылығы неде?

- Елдің ішінде мен секілді жастар аз емес. Дегенмен олардың кейбірі спорт түрлерімен тұрақты айналыспайтын шығар. Ендігі кезекте белтемірге тартылу күнделікті дағдысы болатын азаматтардың саны көбейеді деген ойдамын.

Қазір менен достарым белтемірге тартылудың қыр-сырын сұрап жатады. Білгенімді бөлісемін. Расында, әлемде спорттың аталған түрі бұрыннан бар. Ол асқан ептілікті, жауапкершілікті қажет етеді. Екінің бірі оған шыдай бермеуі мүмкін. Дегенмен ниет танытқан әрбір адам діттеген мақсатына жетеді деген ойдамын.

Айта кетерлігі, аталған спортпен кез келген орында айналысуға болады. Белтемірді қолдан жасап алуға мүмкіндік бар. Шыдамдылық танытсаң, одан кейін көрсеткішіңді жақсартасың. Енді біз секілді жастардың қатары көбейеді деген ойдамын. Турнир тұрақты түрде ұйымдастырылса деген ұсынысым бар.

Байқаймын, әлеуметтік желі беттерінде аталған турнир жайында жиі сөз болып жатады. Көпшілік тарапынан «Бұл турнир биыл да өткізіле ме» деген сауал қойылады. Олардың арасында тек жастар емес, үлкендердің де бар екенін байқаймын. Сондықтан Tartyl Fest турнирі елдің ерекше назар аударатын сайысына айналды деген ойдамын. Мен ауылда тұрамын. Аталған сайыс менің өзіме үлкен әсерін тигізді. Алға қарай ұмтылуыма бағыт берді.

- Жерлестерің тарапынан саған қандай сауалдар жиі қойылады?

- Шынын айтқанда, белтемірге тартылу спорты жөнінде көпшілік хабарсыз. Әлемде ондай жарыстар болатынын біле бермейді. Жалпы, оның адамның күш-жігерін арттыруға пайдасы зор ғой. Оны күнделікті жаттығу барысынан байқаймын. Әрбір адам бойындағы жағымсыз әдетінен арылуға болады. Жалқаулық жаныңа жоламайды. Күнделікті дайындық жасауды ұмытпаймын. Түрлі сайыстарға қатысып, мүмкіндігімді арттыра түстім.

- Елордада өтетін жарысқа жақын қалды. Қарсыластарың жайында не айтар едің?

- Қай кезде де әрбір қарсыласымды лайықты бағалаймын. Барлығы да жеңіске жеткісі келеді. Әрбірі турнирге тастүйін дайындықпен келетіні күмәнсіз. Республикалық турнир өте тартысты өтеді деген ойдамын. Жанкүйерлер тартысты ойынды тамашалайды деген сенімдемін.

Жарысқа барардың алдында қарсыластарың жайында көбірек білгенің артық емес. Олардың қателігі мен артықшылығы туралы зерттеп білгенің жөн болады. Бұл сайыс барысында өзіңе деген сенімділікті арттыра түседі. Олардың қателігін қайталамауға назар аударасың.

Ал өзім жарыста жерлестерімнің сенімін ақтаймын деген ойдамын. Уақыт өткен сайын тәжірибем мен шеберлігімді арттырып келемін. Үнемі ізденіс үстіндемін. Тынбай жаттығу жасаймын. Нәтижесінде бұрынғы көрсеткішімді жақсартуға мүмкіндік туды. Әзірге ол жайында айтпай-ақ қояйын. Облыстық кезеңдегі нәтижемді едәуір жақсарттым. Сондықтан алдағы сайыс барысында жоғары нәтижеге қол созамын деген мақсатым бар.

Мен Жаңақорған ауданына қарасты Әбдіғаппар ауылында тұрамын. Отбасымда он адамбыз. Атам Сайдбаттал, әжем Күлімхан бізге үнемі ақылын айтып отырады. Әкем Әбдіқадыр «Хорасан-1» кенішінде оператор болып жұмыс істейді. Анамның есімі - Райхан. Ол кісілер бес ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Қолым бос кезде ән айтумен айналысамын. Сондай-ақ, ұлттық ойындарға да жақындығым бар. Біздің өңірде көкпар спорты жақсы дамыған. Ауылда жиі өткізіліп тұратын көкпар ойынына қатысамын.

- Жарыста жеңіске жетсең , алған ақшаңа не істейсің?

- Бас жүлдені жеңіп алсам, әкеме көлік мінгізсем деген мақсатым бар. Ал анама құнды сыйлық сыйлар едім.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Ақберен Қуандықов жайында жазған едік.

«Қазіргі күні сергектікті серік етуге қолайлы жағдай бар. Арал ауданында жергілікті тұрғындарға арналған орталық стадион мен секілді жастардың жиі бас қосатын орнына айналды. Тіршіліктен қолым қалт еткен сәтте сол жерден табылуға тырысамын. Бұл менің күнделікті қағидама айналды. Ауданда мен секілді азаматтар саны аз емес. Барлық жерлестерімді спортпен айналысуға шақырамын», - дейді ол.

Әділжан Үмбет.

Фото Мұхаммедхан Сайдбатталдың жеке мұрағатынан





Соңғы жаңалықтар