Tartyl Fest: Ақтөбеде бір отбасының үш баласы жарысқа қатысты

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде турникке тартылудан «Tartyl Fest» республикалық фестивалі өтіп жатыр. Жарысқа қатысушылардың кейбірі отбасымен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«DARA» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған фестиваль ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта өтіп жатыр.

Ұйымдастырушылардың бірі Еркін Ташевтің айтуынша, онлайн тіркелгені 500-ге жуық болса, нақты салмақ өлшіп, алаңға келгені 400-ге жуықтайды.

«Жасына, жынысына қарамастан кез келген адам бұл фестивальға қатысып, бағын сынай алады. Қазіргі кезде рекорд Ақтау қаласының тұрғынана тиесілі. Ол 44 рет тартылды. Ақтөбеліктер де өте белсенді. Таңертең тіркеу 9:00-ден басталса, оған адамдар 07:30-дан бастап келді. Көбі жұмыс басталмас бұрын жазылып кетуді ойлады»,- деді Еркін Ташев.

Ақтөбедегі спорт фестиваліне қала әкімі Асхат Шахаров қатысып, бұқаралық спортты дамыту жолындағы жұмыс жайын айтты.

«Қалада жыл сайын 50-60 алаң пайдалануға беріледі. Бұл жастардың спортпен айналысуына арналған мүмкіндік»,- деді Асхат Шахаров.

Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Горчаровтың айтуынша, бірнеше жыл бұрын қалада небәрі 30 алаң болса, соңғы бес жылда 100-ден астамы салынды. Биыл тағы 50-і қолданысқа беріледі.

Айта кетейік, ақтөбелік қатысушылар арасында алғашқылардың бірі болып бір үйдің үш баласы шықты. Оларды алаңға анасы Алма Жарманова ертіп келді.

«Өзім дзюдомен шұғылданамын. Күйеуім де спортшы. Балаларым да дзюдо, суда жүзу және түрлі биіктіктен секіру үйірмесіне қатысады. Біздің бес баламыз бар. Бүгінгі жарысқа қызым мен екі ұлым қатысты. Олар дайындалды»,-деді ол. Жарысқа қатысқан 11 жастағы Нұрахмет Жұбатқан осы фестивальда жеңіске жетіп, алдағы күндері анасының туған күніне сый жасауды армандайды.

Айта кетейік, саябаққа жиналғандар, сондай-ақ Kalifarnya ұсынған концертті тамашалай алады.

Еске салайық, «Tartyl Fest» турникте тартылудан республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласында басталған болатын.

Кейін Түркістанда, Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Қызылорда, Атырау қалаларында жалғасын тапты.

Әр қаладағы жүлде қоры: 1-орын – 200 мың теңге; 2-орын – 100 мың теңге; 3-орын – 50 мың теңге.

Гранд-финал елордада 8 қыркүйек күні өтеді. Оның жүлде қоры: 1-орын – 3 млн теңге; 2-орын – 2 млн теңге; 3-орын – 1 млн теңге.


Соңғы жаңалықтар