Tartyl Fest: 90 келі салмақта қарағандылық Виталий Бибиков топ жарды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Tartyl Fest турнирінің 30 жастан жоғары 90 келі салмақ дәрежесіндегі қатысушылар арасында Виталий Бибиков жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финалда қарағандылық Виталий Бибиков пен петропавлдық Валентин Жуков тең нәтиже көрсетті. Кейін төрешілер шешімімен екі қатысушы қайта сайысқа түсті. Бұл жолы Виталий Бибиков 21 рет тартылып, жеңіске жетті.

Осылайша, 37 жастағы жеңімпаз жігіт өзінің іріктеудегі жеке рекордын жаңартты. Айта кетейік, өңірлік іріктеуде Виталий Бибиков турникке 28 рет көтерілген еді. Дегенмен, ол турнирдің үздік көрсеткішін өзгерте алмады. Рекорд тараздық қатысушы Евгений Намға тиесілі – 52 рет.

Айта кетсек, Tartyl Fest турнирінің гранд-финалына арнайы келген қазақстандық алып күш иесі Сергей Цырульников өзінің салмағы шамамен 150 кг, сондықтан 90 келі жігіттердің қанша тартылатыны қызық екенін айтқан еді.

Еске салайық, қазір елордадағы Конгресс орталықта Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтіп жатыр. Тартысты бәсекені «Jibek Joly» телеарнасының тікелей эфирі мен youtube арнасынан көруге болады.


Соңғы жаңалықтар