Tartyl Fest: 51 жастағы қостанайлық рекорд жаңартты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласының тұрғыны Tartyl Fest республикалық турникке тартылу фестивалінде рекорд жаңартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайлық Андрей Антонянның жасы 51-де, ол турникке 45 рет тартылды. Осылайша, фестивальдің бұған дейінгі қатысушылары орнатқан рекордты жаңартты.

Фестиваль қаладағы City center орталығында өтіп жатыр. Фестивальге қатысуға барлығы 276 адам тіркелген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға қатысушылардың ең кішісі – 8 жаста, ең үлкені – 66 жаста.

Фестиваль Қостанай облысында қайтыс болған бес жасар Мәдина Ерланқызын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Еске салсақ, сәбиді бүкіл облыс болып іздеді. 10 тамызда іздеуде жүрген бүлдіршіннің денесі табылды. Ол жасанды су қоймасына батып кеткен. Қайғылы оқиғаға байланысты Tartyl Fest фестивалінің концерттік шоу-бағдарламасы, ойын-сауық бөлімі өткізілмеді. Сондай-ақ, шараның хедлайнері – орындаушы 2Rar концерт қоймайды.

Фестивальге 20 қаладан келген қатысушыларға ереже ортақ – дұрыс және көп тартылу.

Қатысушылар салмағы мен жасына қарай 9 санат бойынша сынға түседі. Жарыс ресми қазылар алқасының қатысуымен өтеді.

Қатысушылардың санаттары:

18 жасқа дейін (жасөспірімдер):

1) салмағы - 55 кг дейін;

2) салмағы - 55-тен 70 кг-ға дейін;

3) салмағы - 70 кг және одан жоғары;

18 жастан 30 жасқа дейін (жастар):

4) салмағы - 65 кг дейін;

5) салмағы - 65-тен 80 кг-ға дейін;

6) салмағы - 80 кг және одан жоғары;

30 жас және одан жоғары (ересектер):

7) салмағы - 80 кг дейін;

8) салмағы - 80-нен 90 кг-ға дейін;

9) салмағы - 90 кг және одан жоғары.

Шара мақсаты – бұқаралық спортты дамыту және жастарды салауатты өмірге баулу, ұйымдастырушысы – ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры. Жоба амбассадоры – қоғам қайраткері, жаттықтырушы және актер Айтым Жақыпов.

Фестиваль 10 шілде мен 6 қыркүйек аралығында еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылып жатыр, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріледі.

Әр қаладан 27 жеңімпаз іріктеледі. Бірінші орын үшін әр санаттағы қатысушылар 200 мың теңге ақшалай сыйлық алады; екіншісіне – 100 мың теңге; үшіншіге – 50 мың теңге.

Өңірлердегі жеңімпаздар Нұр-Сұлтан қаласында 8 қыркүйекте өтетін гранд-финалға қатысады. Гранд-финалдың жүлде қоры – 54 миллион теңге. Гранд-Ффнал чемпиондары Street workout бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.

Еске салсақ, Ақтау қаласында өткен фестивальде 32 жастағы Дамир Набиев турникке 44 рет тартылған болатын.

«Tartyl Fest» турникке тартылу бойынша республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласында басталды. Сондай-ақ, бұған дейін фестиваль Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтау қалаларында жалғасын тапты.



Соңғы жаңалықтар