«Tartyl Fest»: 11 жасар өскемендік оқушы өз тобында үздік атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалындағы алғашқы топтың жеңімпазы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

55 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша 18 финалистің ішінен 11 жастағы өскемендік Мансұр Уалиев 1-орын алды. Ол іріктеу турниріндегі көрсеткішін қайталап, 36 рет тартыла алды.

«Жүлдеге беретін 3 млн теңгені ата-анама табыстаймын», - дейді жас спортшы.

Спортшының жеке бапкері жеңімпаздың негізгі жаттықтырушысы әкесі екенін айтады.


«Бұл бала дзюдо, жеңіл атлетика, гір көтеру, қол күресі сияқты бірінше спорт түрімен айналысады. Осы жоба туралы шілде айында естідік. Кейін ережесін пысықтап, дайындыққа кірістік. Өскеменде өткен іріктеуде өз салмағынан жеңімпаз болып, бүгін Астанада топ жарып отыр. Өскемен қаласындағы №15 мектепте, 5-сыныпта білім алып жүр. Негізгі бапкері – әкесі Ерлан Уалиев. Ол қол күресімен шұғылданады. Жауапты жарысқа мен әзірлеп әкелдім», - дейді Әділ Абдығалиев.

Жалпы, бұл топта сынға түскен қалған финалистердің жасы 14 пен 17 аралығында.

Еске салсақ, ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылған турнирдің ақтық сынына өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 11-51 жас аралығында.


Турникке тартылу жарысы былтыр Қазақстанның 20 қаласында өтті. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық 9 салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, 33 жастағы тараздық Евгений Нам 50 рет көрсеткішпен турнир рекордын орнатқан.

EXPO аумағындағы Конгресс орталықта өтіп жатқан гранд-финалдан «Jibek Joly» телеарнасы тікелей көрсетілім таратады.

Гранд-финалдың жалпы жүлде қоры – 54 млн теңге. Өз салмақ дәрежесі бойынша 1-орын алған жеңімпаздарға 3 млн теңге, 2-орын алғандарға 2 млн теңге, 3-орын иеленгендерге 1 млн теңге сыйақы беріледі.

Бұл гранд-финалда чемпион атанғандар Street Workout бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түсе алады.


Соңғы жаңалықтар