Тәртіптік кеңес екі мемлекеттік қызметкерді қызметінен босату туралы ұсыныс жасады

None
None
ОРАЛ. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қарашаның 20-сында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің отырысы болып, онда мемлекеттік қызметкерлердің істері қаралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтикалық бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің директоры Сәбит Ескендіровтің есептері тыңдалып, алдағы уақытта орын алған олқылықтарға жол бермеу қажеттігі атап көрсетілді. Әсіресе, ҚР Мемлекеттік қызмет істері БҚО бойынша басқармасы Шыңғырлау ауданында жүргізген тексеру барысында көптеген кемшіліктердің беті ашылған. Соның ішінде заңбұзушылықтарға жиі жол бергендер тәртіптік кеңеске шақырылды. «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңы мен Ар-намыс кодексі талаптарын бұзған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Сағитқали Ульяровқа және алты бірдей азаматтың арыз-шағымына мерзімінде жауап бермегені үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Әнуар Мүкиевке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза беру ұсынылды.

Отырыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия беру кезінде салғырт-салақтыққа барып, мемлекет қаржысын заңсыз бөлген ведомствоаралық комиссия төрағасы мен мүшелері, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Василий Савченко, аудандық жер қатынастары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің бастықтары Мұхамбетқали Ақтауов пен Владимир Бровковқа сөгіс, аудандық аумақтық инпекция бастығының орынбасары Вячеслав Макаров пен аудандық салық басқармасының бөлім бастығы Гүлжан Өтеповаға ескерту беру туралы ұсыныс жасалды.

Соңғы кезде тәртіптік кеңеске «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптарын бұзуға қатысты істер аз түсіп жүрген жоқ. Осыған орай Ақжайық аудандық білім беру бөлімі бастығының орынбасары Альмира Мұшағалиеваға сөгіс берілетін болды. Аталған заңды қайта-қайта бұзу жақсылыққа әкелмейді. Бұл Орал қаласындағы жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектер дәрігерлік-әлеуметтік мекемесінен көрініс тауып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасап, заңды тұлғаның өз іс-әрекетін жүзеге асыруына, яғни мемлекеттік сатып алу байқауына қатысуына көпе-көрінеу кедергі келтіргені әрі осындай құқық бұзушылыққа бір жыл ішінде екінші рет  жол бергені үшін мекеме директорының орынбасары Нұрпейіс Тілегенов пен бас бухгалтер Алуаш Құмарғалиеваны қызметінен босату ұсынылды. Тәртіптік кеңестің алдына алғаш рет келген мекеме директоры Ерсайын Мұқанов сөгіспен құтылды.  

Соңғы жаңалықтар