Тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеудің ережесі шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрінің 2022 қаңтардың басындағы тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мүлік шығынын өтеу қағидаларын белгілеген бұйрығы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сақтандырылмаған мүліктің шығыны қалай өтеледі ?

Құжатта тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандарына жойылған мүліктің құнын, зақым келген мүлікті қалпына келтірудің шығыны өтелетіні айтылған. Бірақ бұл талаптың сақтандырылған мүліктерге қатысы жоқ.

Тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған көліктердің ісі қолданыстағы қылмыстық заңнама бойынша тергеледі. Бірақ бұл ереженің тәртіпсіздік кезінде жойылғаны дәлелденген көліктерге қатысы жоқ.

Жергілікті әкімдік құрған мүліктік зиянды айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның немесе шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі жоғалған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіруге арналған жұмыстардың құнын өтеу үшін негіз болып табылады.

Жойылған мүліктің құнын төлеуге және зақым келген мүлікті қалпына келтіру шығынын өтеуге жергілікті әкімдік құрған мүліктік зиянды айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның шешімі немесе «Күшіміз бірлікте» қорының шешімі негіз болады. Яғни, тәртіпсіздіктерден зардап шектім деп есептейтін шағын және орта бизнес өкілдері осы аталған екі комиссияға өтініш беруі керек.

«Жойылған мүліктің құны немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құны мүлік иесіне мемлекеттік бюджеттен немесе «Күшіміз бірлікте» атты зардап шеккен бизнесті қолдау қорынан ақшалай қаражат төлеу арқылы өтеледі.

Жойылған мүліктің құнын өтеу мөлшері бүлінген мүлікті қалпына келтіру шығынына қарай немесе мүліктің бүлінуі салдарынан құнының қаншалықты арзандағанына қарап, қолданыста жүрген нарықтық бағалар бойынша айқындалады», - делінген бұйрық жобасында.

Жылжымайтын мүлік бүлінген болса, қалпына келтіру шығындарын қалпына тиісті сметамен немесе калькуляциясымен растау қажет болады.

Жойылған немесе бүлінген мүлікті қалай бағалайды ?

Жойылған немесе бүлінген мүлікті бағалау жұмыстары мен ілеспе аудиторлық қызметтердің ақысын жергілікті әкімдік немесе «Күшіміз бірлікте» қоры төлейтіні айтылған.

Әкімдіктер немесе «Күшіміз бірлікте» қоры тәртіпсіздіктер кезінде бүлініп, жойылған мүліктерді бағалайтын аудиторлық компаниялардың тізбесін алдын ала айқындайды. Ол тізбені жергілікті әкімдікті немесе «Күшіміз бірлікте» қорының ресми сайтынан көруге болады. Сондай-ақ, ол тізім «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының интернет ресурсында, InfoKazakhstan.kz электрондық платформасында орналастыру ға ұсынылады.

Ереже бойынша, жойылған немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу үшін мүлік иесі өңірлік комиссияға немесе «Күшіміз бірлікте» қорының комиссиясына келтірілген мүлік шығынын өтеу туралы үлгі бойынша өтініш жазып, электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы куәландырып, InfoKazakhstan.kz электрондық платформасы арқылы жолдайды.

Мүлік иесінің электронды цифрлық қолтаңбасы болмаған жағдайда сенімхат негізінде әрекет ететін адам арқылы өтініш бере алады.

Өтініш InfoKazakhstan.kz электрондық платформасына келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 5 күн ішінде қаралады.

Қандай құжат өткізу керек ?

Аталған өтінішпен бірге қылмыстық қудалауды жүргізіп жатқан органның мүлік иесін «2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық істер бойынша жәбірленуші» деп таныған қаулысының көшірмесі бірге берілуі шарт.

Сондай-ақ:

- жеке кәсіпкер болса, жеке кәсіпкер екенін куәландыратын құжаттың көшірмесі, жеке кәсіпкердің талоны қажет. Ал заңды тұлға болса, мемлекеттік тіркеуден заңды тұлға ретінде өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;

- меншік құқығын немесе мүлікке иелік ететінін дәлелдейтін құжаттар, сәйкестендіру құжаттары ;

- мүлік сақтандырылмаған болса, сақтандырылмағанын мәлімдеген өтініш, сақтандырылған болса, сақтандыру шарты немесе электрондық көшірмесі;

- егер сақтандыру шартының талаптарында жаппай тәртіпсіздіктер, төтенше жағдайлар кезінде залал сақтандырылмайтыны айтылса, өңірлік комиссияның шығынды өтеу туралы шешімі;

- өтінішпен бірге ұсынған құжаттар жалған болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік арқалайтыны туралы ескертілгенін растайтын мүлік иесінің жазбаша хабарламасы;

- бағалау, сараптама немесе залал мөлшерін айқындау үшін тартылатын адамдардың өздері ұсынған құжаттардағы мәліметтердің анықтығы үшін қылмыстық жауаптылық бар екені туралы ескертілгенін растайтын жазбаша хабарламасы;

- шығын мөлшерін айқындау үшін тартылған бағалау компанияларының қызметтеріне ақы төлеуге арналған шот-фактура;

- бүлінген жылжымалы мүлікті қалпына келтіру жөндеу сметасы, шығындар калькуляциясы;

- қалпына келтіру мүмкін емес жылжымалы мүлікті бағалау парақтары;

- тауар-материалдық құндылықтардың бағасын айқындау үшін мемлекеттік кіріс органдарынан, фискалдық деректер операторларынан айналым сомалары туралы мәліметтерді сұратуға және алуға берген мүлік иесінің жазбаша келісімі;

- жойылған жабдықтың құнын бағалау үшінаудиторлық ұйым шығарған фактілерді, ұрлықты (ұрлауды) анықтау туралы есеп;

- тәртіпсіздіктер салдарына мүліктің бүліну, жойылу немесе ұрлану фактілерін растайтын өзге де құжаттар, фото және бейнематериалдар (болған жағдайда).

Жылжымайтын мүлікті қалпына келтіру үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:

- өңірлік комиссия мүшелерінің қолдары қойылған және мөрлерімен расталған техникалық тексеру актісі, ақау туралы ведомость;

- бүлінген мүлікті қалпына келтіруге арналған шығыстар сметасы;

- дара кәсіпкерлер үшін-дара кәсіпкердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, дара кәсіпкердің талоны, ал заңды тұлғалар үшін-заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;

- Жекелеген өңірлерде орын алған тәртіпсіздіктер салдарынан мұндай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда – ішкі істер органдары берген уақытша жеке куәліктің көшірмесі;

- жылжымайтын мүліктің меншік иесінен (не сенімхат бойынша оның өкілінен) еркін үлгідегі өтініш;

- жылжымайтын мүлік (тұрғын үй)объектісінің техникалық паспорты; (Мұндай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда заңнамада айқындалған тәртіппен және мерзімдерде алынған телнұсқалар не осы құжаттың көшірмесі беріледі).

- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы берген жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтама.

ағымдық жөндеу бойынша - тиісті комиссия қол қойған ақау туралы ведомость және смета.

Қалпына келтіруге жарамсыз көлік бойынша:

- автокөліктің болғанын растайтын және мемлекеттік тіркеу органы берген құқық белгілейтін құжаттар;

- көліктің тозу деңгейі ескерілген бағалау туралы есеп;

- жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың көлік құралын толық сақтандыру шартының (КАСКО) жоқтығы туралы өтініші.

Ереженің толық мәтінін мына жерден көруге болады.

Құжат 2022 жылғы 27 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.


Соңғы жаңалықтар