Тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған астаналықтарды тексеріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған астаналықтарды тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментің таратқан ақпаратқа қарағанда, заң бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдарды бақылауда ұстау мақсатында 19-23 қаңтар аралығында қала аумағында жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп жатыр.

Іс-шара өткізілген екі күн ішінде профилактикалық есепте тұрған 360-қа жуық тұлға тексерілді. Тексеру барысында есепке алынған тұлғалар тарапынан белгіленген шектеулерді бұзудың 33 фактісі анықталды. Оның 16-сы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардың үлесінде. Мәселен, жедел алдын алу іс-шарасы барысында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін тұрақты мекен-жайына келмеген 37 жастағы азаматтың тұрғылықты жері анықталды. Ер адамға қатысты материал ШҚО-ға, тұрғылықты жеріне жіберілді.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 50 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 15 заңсыз іс-әрекет отбасында болған. 11 адам жанжал үшін ұсталды.

Осы іс-шараның мақсатының бірі – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектерсіз тұрғын үйден тыс жерде жүру жағдайларының алдын алу және анықтау. Рейд барысында түнде қоғамдық орындарда болған 56 кәмелетке толмаған бала анықталды, ата-аналарға балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылатыны ескертілді.


Соңғы жаңалықтар