Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы алқа мәжілісінде кадр саясатына баса мән берді. Полиция қызметін жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында ведомстволық оқыту мекемелері қайта ұйымдастырылып, қызметкерлерді іріктеу жұмысы жетілдірілгенін атап өтті.

«Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент полиция қызметін цифрландыру, заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейту, түзету жүйесінің жағдайын жақсарту керек екенін мәлімдеді.

«Елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қылмыстың өршуіне және түрме «тәртібінің» таралуына мүлде жол беруге болмайды. Ондағы жағдайдың аса мәз емес екені мәлім. Бас бостандығынан айырмай жазалауға қатысты түйткілдер бар. Министрлік қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді шешу бойынша нәтижелі жұмыстар көрсетуі керек», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, шараға ІІМ қызметі мен полицияның аумақтық департаменттерінің басшылары және еліміздің барлық аймақтарының учаскелік инспекторлары қатысты. Мемлекет басшысы жиынға дейін ішкі істер органдарына қарасты арнайы техникаларды қарап шығып, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметімен танысты.


Соңғы жаңалықтар