Тәртіп сақшылары адам қағып, қашып кеткен жүргізушіні ұстады - ОҚО

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары  жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткен жүргізушіні ұстады. Арыс-Түйетас тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан 61 жастағы тұрғын қаза тапқан болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың қарашасында Арыс-Түйетас тас жолының бойында белгісіз ер азаматтың мүрдесі табылған. Оқиға орнына келген полицейлер алпыстан асқан ер азаматтың жол-көлік оқиғасынан қаза тапқанын анықтаған. Жүргізуші жол-көлік оқиғасы орын алған жерден ізін суытады. Жол апатына кінәлі көлік иесін  ұстау мақсатында полицейлер күдіктінің ізіне түскен. Сайрам аудандық полиция  қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы барысында жол-көлік оқиғасына қатысты деген күдіктіні қолға түсірді. Ол  Бәйдібек ауданының 1970 жылы туған тұрғыны екені анықталды. Сезікті тергеу барысында өз кінәсін мойындады. Айтуынша, ол «Газель» автокөлігімен жаяу жүргіншіні қағып, оқиға  болған жерден бой тасалаған. Кейін қаққан адамның жағдайын да білмеген.

Қазір осы оқиға бойынша  сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, жүргізушінің үстінен Қылмыстық кодекстің  345 бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347 бабы «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша  іс қозғалды.  Ол  қамауға алынды. 

Соңғы жаңалықтар