Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр - Аян Ықылас

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы арқылы үшінші мыңжылдық табалдырығында әлемдік географиядағы «жаңа ел» - Қазақстанның ежелгі шығу тегін, тамырын күллі әлемге паш етті. Мұндай пікірді  «Нұр Отан» партиясы Стратегиялық бастамалар институтының аға сарапшысы Аян Ықылас білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тамыры сонау ежелгі замандардан бастау алатын Қазақ елі әр дәуірде де ұлы оқиғалар мен жаңалықтардың ортасында болып, әлем, адамзат тарихының даму кезеңдерін бастан өткерді. Соның ішінде «тарих ақтаңдақтары» деп аталып кеткен ел басына күн туған сонау Ақтабан шұбырындыдан бастап, ХХ ғасырдағы отаршыл саясаттың салдарлары - ашаршылық пен репрессия  сияқты зұлматтардың тарихымызда өшпес із қалдырып, халқымыздың дамып, өркендеуіне едәуір тосқауыл болғаны анық», - деді ол.

Оның үстіне сарапшының атап өтуінше, 70 жылдан астам санамызды улаған отаршылдық саясаты тамыры тым тереңде жатқан Қазақ елінің тарихын еуроцентристік көзқараста оқытып, төл  тарихын ұмыттыруға тырысты. Еліміз тәуелсіздігін  алғаннан кейін ғана өткенін жаңғыртып, тек Қазақстан халқына ғана емес, күллі әлемге бұлтартпас дәлелдер мен нақты оқиғаларға негізделген шынайы тарихын ұсынды.

«Елбасы осы мақаласы арқылы алдағы уақытта кәрі құрлық - Еуразияның кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының күре тамыры, күллі Түркі әлемінің орталығы болған Қазақ елін дүниежүзілік сахнада жаңа деңгейде, әр қырынан таныту үшін қаншама жұмыстар атқару қажеттігін атап өтіп, жаңа міндеттер қойып отыр. Тарихқа сүйенсек, еліміздің аумағында адамзаттың эволюциялық дамуына елеулі үлесін қосарлық жаңалықтар - атты қолға үйретуден бастап, тас пен металдан қару-жарақ пен әшекей бұйымдар жасау қолға алынып, көршілес елдерге тарала бастаған», - деді ол.

Аян Ықыластың пайымынша, бүгінде әлемге танылған Қазақстан мемлекетінің арғы негізі - ғұндар, сақтар мен үйсіндер мемлекеті, беріде құрылған Қазақ хандығы болса, әлемдік білім мен мәдениеттің ошағына айналған Отырар, Сығанақ, Сауран, Жанкент, Тараз, Түркістан сияқты қалаларымыз біздің тек қана көшпелі мәдениетті ғана емес, отырықшы мәдениетті де дамытқандығын дәлелдейді.

«Жаңа әлемдегі жаңарған Қазақстан халқының алдында ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған, ұлан-байтақ жерімізде дамыған, өркениетті елдердің алдыңғы легіндегі мемлекетті қалыптастыру мақсаты тұр. Ол үшін осы кезге дейін елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар өз деңгейінде жүзеге асырылуы тиіс. Соның ішінде тарихымызды жаңғырту осыған дейін-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде қолға алынған болса, енді бұл жұмыстарды алдағы уақытта Елбасының мақаласында көрсетілген бағыттарда жаңа серпінмен жүргізуіміз қажет», - деді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар