Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 375.90 EUR 423.56
RUB 5.55 CNY 54.06
Jańalyqtar

Тарихы терең Түргенкент туралы не білеміз

2018 жылғы 14 шілде 08:47 2326
Бөлісіңіз:
Тарихы терең Түргенкент туралы не білеміз

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Ежелгі Ұлы Жібек жолының сілемінде қоныс тепкен көне де жаңа Жаркент қаласы - қазір Панфилов ауданының орталығы. Оның батысында он үш шақырымдай жерде Көктал деген кент бар. Осы аумаққа қосылғанға дейін біраз уақыт бойы бұл ауыл да «Октябрь» деп аталатын ауданға орталық болған. Осынау екі елді мекеннің арасын жалғап жатқан асфальт жолдың қос қапталы тұнған тоғай: тал-терек, қарағаш, емен, үкісін жел тараған қалың қамыс...

Көлікпен жүйткігенде өзіңді бейне жап-жасыл жасыл желекті туннельді қақ жарып келе жатқандай сезінесің. Тек анда-санда төбеңнен сау етіп күн сәулесі төгілгенде ғана көк аспан жарқ ете түседі. Осылайша табиғат тамашасы тәнті етіп, тәтті сезім бойыңды баурап бара жатқанда кенет қалың ағаш арасынан алдымен оң жақ, сәлден соң сол жақ тұсыңдағы топырақ тамның сұлбасы бірден назар аудартады. Қорғанның  қалыңдығы бір жарым-екі, биіктігі үш метрдің о жақ-бұ жағында. Таммен қоршалған аймаққа кіріп бара жатқаныңды бірден бағамдайсың.  Бірақ, біраз заулап жүргеннен кейін-ақ әлгі қамалдан шығып  келе жатқаныңды тағы да анық аңғарасың. Өйкені дәл жаңағыдай көрініс тағы да қайталанады. Бұл жолы қос қапталдағы қорған қалдығы артыңда қалады.

  Ес білгелі туған өлкеміздің ең төріндегі осынау тарихи жердің тұсынан мың-сан рет өткенбіз десек, артық айтпаспыз. Алайда, оқта-текте ғана болмаса, тылсымын түйсінуге тереңірек ден қоймағанымыз тағы рас. Тек әркім-әркімнен естіген аңызға бергісіз әңгімелерді құлағымыз шалатын. «Ойбай-ау, әлгі Түрген тоғайдан біреу киізге оралған нән қылыш тауып алыпты», «Е-е, кезінде Райымбек батыр бабамыз осында орналасқан қалмақтарды қырып салыпты ғой», «Айтпақшы, әлгі қаруды өкіметке өткізген екен, әлгі адам қыруар қаржыға ие болып, Алматыдан үй сатып алыпты» деген тақылеттес хикаяттар еді олар...

Кейінірек әйгілі ағартушы ғалым Шоқан бабамыздың «Қытай империясының Батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты  1856 жылғы   саяхат күнделігін оқыдық. «2 август. Борохуджирден Үсек өзеніне дейін қу тақыр, құмайт шөл, адырлы дөңдер... Біз адасып кете жаздадық, өйткені керуеніміздің қай жерге тоқтап, орналасқанын ағаштардың тасасынан көру мүмкін емес еді. Сондықтан біз жан-жағымызды шолып, төңірекке  көз сала жүрдік. Сол жағымыз жолды жанай  шұбап жатқан адырлы тау тізбектері екен, оң жағымызда құдды бір жалпақ таспадай болып ағып жатқан алыстағы Іле өзені, өзен маңындағы қалалардың қарауытқан сұлбалары  және сол қалаларды қоршай өскен шоқ ағаштар көрініп тұрды. Бұл  Борохуджирдің Іле өзеніне құйылар жеріндегі, соның дәл сағасындағы Түргенткент деген қала еді...» деп жазыпты онда. (Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы. «Жазушы». 1985 ж. ,356-бет).

 Сондай-ақ,  көрнекті  жазушы  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыздың 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан атақты «Өзендер өрнектеген өлке» атты кітабының 96-97 беттер арасындағы суретті қосымшалардың бірінен астыңғы жағында   ағартушы ғалымның өз қолымен «Алтын-Эмель до г. Кульджи. 1856 г.» жазған қолтаңбасы  бар «Жаркент аймағының Шоқан Уәлиханов сызған картасы»  деген сызбаны  көріп таң-тамаша болғанбыз. «О-о, біздің өлкені Шоқан атамыздың өзі картаға түсіріпті» деген мақтаныш сезімі кернеген сонда кеудемізді. Қазір сәп салып карап отырсақ, картада Жаркент өңіріндегі  бірталай жер-сулардың сұлбасы  сипатталып, аттары жазылыпты. Олардың біразы бүгін де бар, қазір де солай аталады.  Солардың арасында «Тургень» деген атау да оттай басылды көзімізге.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 2015 жылғы 11 желтоқсанда шыққан  нөміріндегі «Шыңғысхан туған жеріне жерленген» атты  мақаладан да «Түрген» атауын кездестіріп, көзайым болған едік. Авторы - баяғы сол Бексұлтан ағамыз. «Шыңғысхан Теміршын аталған кезде өмір сүрген Бұрқан тауы кәзіргі Монғолия аталатын мемлекеттің жерінде жоқ. Олар Хэнтэй деген тауын Бұрқан болуы керек деп болжайды. Алайда, Бұрқан аталатын қарағайлы тау Жаркент қаласының солтүстік желкесінде бар екенін бала кезімнен білем. Бірақ оның Шыңғысханға қатысы барын бертінге дейін білгем жоқ, солай аталатын тау толып жатқан шығар деп жүре беріппін. Тек Тілеубердінің қытай тілінен аударған «Шыңғысханның қузауырын» оқып отырып, Теміршынның Бұрқаннан қашып барып Түрген тауындағы тоғайға тығылғанын білгенде орнымнан ұшып түрегелдім. Өйткені Бұрқан мен Түргеннің арасы 1,5-2 шақырымдай ғана жер екені, демек Шыңғысханның осы Бұрқанда туып-өскені маған бірден елестеді. Сегіз ғасыр бойы аты өзгермеген жерді енді ешкім өзгерте алмайтынын түсіндім де Тілеубердіні жақтап шыға келдім...» деп жазыпты жазушы жерлесіміз.

   Сондай-ақ, Түрген қорғаны туралы жергілікті ақын Ш. Жаманқараұлының «Шойнақ батыр» дастанында қызықты деректер айтылады. 

Осылайша «Әлемге әйгілі Шыңғысханның «табаны тиген» делінген, атақты Шоқан атамыздың назарына іліккен, бірталай батыс және орыс саяхатшылары мен зерттеушілерінің жазбасына арқау болған, ең бастысы -  дәл іргемізде жатқан тарихы тылсым Түргенге осы күнге дейін аттап баспағанымыз азаматтық арымызға  сын болған екен-ау» деген ой санамызды  осып өткенде дереу қамалды саяхаттауға асықтық.

Алдымен адымдап өлшеп, болжамдап бағдарладық. Кейінірек арнайы зерделеп, тереңірек түйсінуге тырыстық. Түргенкенттің орны Үшарал ауылының солтүстік жағында, бір жарым-екі шақырым шамасындағы Жаркент - Сарыөзек тас жолының бойында жатыр. Күре жол оның оңтүстік - батыс жағының біраз жерін ала тіке кесіп өтеді. Қорған орнының жалпы аумағы шамамен 15-20 гектарды құраса, оның түгелге дерлік  бөлігі  жолдың солтүстік жағында.


Тарихы терең Түргенкент туралы не білеміз

  Қамал айналдыра сары топырақпен соғылған дуалмен қоршалған. Қазіргі қалыңдығы екі жарым,  ал биіктігі үш - төрт жарым метр. Бұрын әрине, бұдан да биік болғаны белгілі. Дуал сыртында ені алты метрдей болатын ор қазылған. Бұл сірә, қорғаныс мақсатында су толтыру үшін  қазылған болуы керек. Сыртқы қабырғаның ішкі жағын бойлай он метрдей  аралық бос. Содан ары тұрғын үйлердің қабырғалары басталады. Олардың  қалыңдығы 70 сантиметрдей болады. Тұрғын үйлердің көпшілігі қамалдың солтүстік бөлігінде орналасқан. Мұнда арнайы қазылған су тоғандарының  орны бірден көзге түседі.


Тарихы терең Түргенкент туралы не білеміз
Тарихы терең Түргенкент туралы не білеміз

Ал, бекіністің оңтүстік-батыс жағы ашық алаңқайлы екен. Тағы бір ерекшелігі: бұл бөлікте ұзындығы 60 - 70 - 80 метр, ені 30 - 36 метр  болып келетін ұзынша тамдар орналасқан. Тұрақ-жайлар қатар-қатар, қоржын тамдар сияқты үлкенді-кішілі болып  салынған. Бөлмелер көлемі 10х7, 8х7, 7х7, 5х7 метр.  тағы басқа әрқалай мөлшерде.

Тағы бір айта кететін жағдай: сыртқы, ішкі қабырғаларға бір де бір шикі немесе күйген кірпіш қолданылмаған. Тек топырақ, ағаш, қамыс қана пайдаланылған. Қазылған (бізге дейін) шұңқырлардан байқағанымыз: қамалдың солтүстік-шығыс жағында жарты метрдей тереңдікте 3-5 сантиметр күл қабаты бар екені байқалады. Соған қарағанда бұл  қорған  өмір сүруін тоқтатар алдында  жермен-жексен болып өртелген тәрізді. Тозған тамдардың мүжілген қанаттары, қирандыларының кішігірім төмпешік-төмпешік болып үйілген жұрнақтары ғана қалған. Арасынан өткен дәуірдің жәдігерлері - қыш құмыралардың, шойын, темір, шыны ыдыстардың сынықтары көзге шалынады.


Тарихы терең Түргенкент туралы не білеміз
Тарихы терең Түргенкент туралы не білеміз

Қорғанның сыртқы шығыс және солтүстік жағы бір-біріне жалғасқан обаларға толы. Биіктігі төрт-алты, ені он-он екі метр шамасында. Кезінде көнекөз қариялар қазіргі кезде «Қу», «Тақыр» аталатын осы маңайлардан бала күндерінде көптеген әр алуан қыш құмыраларды, жармақ тиындарды (ортасы тесік мыс ақшалар) тауып алып ойнаған екен. Кеңестік кезеңде қорғанның солтүстігіндегі кейбір обалар бульдозермен тегістеліп, егістік жерлерге айналдырылыпты. Сонда «Үшарал» ұжымшарында  трактор жүргізген Атубаев Өмірзақ деген ақсақал сыйымдылығы үш-төрт литр  болатын бүтін құмыра тауып алғанын, көлемі 1х1 метр қыш плиталарды, жер бетіне шығып қалған табыт бұрыштарынан қытайдың түрлі-түсті жібек маталарының  қиындыларын көргенін айтқан. Тегістеліп жүгері егілген оба орнын суғарған кезде, аяқ астынан ұңғымалар пайда  болып, су бес-алты сағат бойы жер астындағы белгісіз құрдымға сіңіп, кейін қайта өз арнасымен ағады екен.

Дәл осы Өмірзақ ағамыз тілге тиек етіп отырған Қу және Тақыр аталатын Бурақожыр өзенінің  алқабы туралы орыс саяхатшысы Н. М. Ядринцев 1882 жылы Петербургте шыққан «Орталық Сібір» деген кітабында «...Түргенкенттің желке тұсындағы аталмыш егістік жерлерге еккен бидай мен тарыдан мол өнім алынады. Беде де жақсы өседі, мақта да егіледі» деген  мәліметтер келтіріпті.

Ал, Шығыс, Батыс Түркістанды, Азия тарихын жете меңгерген академик В. В. Бартольдтың  «Жетісу тарихының очерктері» атты еңбегінде  Түрген қорғаны туралы «...Іле өзенінен өткеннен кейінгі бірінші бекет Почтавой станица 15 верстах, екінші бекет 25 верст қашықтықта орналасқан. Сол маңдағы Бурақожыр өзенінің бойында Көкталдан  кейінгі жерде қираған қаланың орны бар, қаланды үйлерден, қорғаннан бірнеше заттар табылған, бірақ нақты зерттелмеген» деген анықтамасы бар.

Негізі, ежелден-ақ Іле алқабында қалалық өмір мен сауданың  жандануына зор ықпал еткен Ұлы Жібек жолы екені әмбеге аян. Сауда мен  кәсіпшіліктің  қарқынды  дамуы отырықшылық мәдениетте  жалғасын тауып, қалалардың  қатары өскен. Ғалымдарымыздың соңғы зерттеулері бойынша Оңтүстік Қазақстан  жерінде 37 қала орны, Жетісудың оңтүстік-батысында  36 қала жұрты анықталса, солтүстік-шығысында 70 қаланың орны табылған. Олардың санының осыншама артуы экономикалық әлеуетінің де көтерілгенін  аңғартады.

 Тарихшылар осы орта ғасырлық дәуірге  жататын  қала, кенттерді негізінен үш топқа бөліп қарастырады. Бұлар:                                                                                                                                   - аймағы 30 гектардан асатын;

- көлемі 10 - 30 гектарға дейінгілер;

-  аумағы 10 гектарға жетпейтін қала, кенттер.                                                                  

            Сонымен бірге  қоғамдағы әлеуметтік таптық жіктелуге сәйкес жалпы орта ғасыр қалаларының құрылымы үш бөліктен тұрған:                                                                                                       
- орталығы (цитадель) - бай-шонжарлар мекені;

- екінші дәрежелі үйлер - орташалар мен қолөнершілер баспанасы;

-сыртындағы үшінші бөлік - егіншілер, кедейлер тұрағы.                                                

         Ал Жетісу өңіріне тән қалалық үй  құрылыстарының өзіндік  ерекшелігі:  жалпы көлемі 600-700 шаршы метрді құрайтын аумақ биік дуалмен қоршалып, оның ішкі жағында қабырғаға тақап жағалай тұрғын үйлер салынған. Ортасы немесе белгілі бір бөлігі ашық алаңқайлы болып келеді де, ол аула ретінде пайдаланылады. Тағы бір өзгешелік: қалада тұратын түрік шонжарлары өздерінің үй-жайларының алдына сәнді де әдемі киіз үйлерді тігіп қоятын болған. Құрылыс материалдары - топырақ, ағаш, қамыс, тас және шикі немесе күйдірілген кірпіштер.

Қала  тұрғындары  көбіне егіншілікпен айналысып, қосымша күнкөріс  есебінде мал өсірумен және қолөнермен  шұғылданған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде сол замандағы Византия шеберлері жасаған күміс құмыралар ежелгі Тараздан шықса, қытайдың әсем фарфор ыдыстары өзіміздің  Жетісудағы Талғардан, тағы басқа да ескі қалалардың орындарынан табылған.  Мұндай мүліктерді жасау  жергілікті шеберлерге  де үлгі болған деп айтуға толық негіз бар. Бұлар да қолөнер бұйымдарын жасауға маманданды. Сөйтіп, көшпенді далалықтарға қарағанда төрт маусым бойы бір орында тұрақты ғұмыр кешкен қала жұрты арасынан темір балқытып одан қару, еңбек және тұрмыс құралдарын  дайындайтын ұсталар мен әшекей бұйымдар әзірлейтін зергерлер шыққан. Түргенкенттің жұртынан табылған мына жәдігерлер - осының айқын айғағы, - дейді туған өңірі мен өскен өлкесінің өткенін терең зерделеп жүрген жергілікті өлкетанушы, тарих ғылымының магистры, сурет салу мен жыр жазуға жаны құштар азамат, «Тұлпардың тұяғымен жазылған тарих» атты кітаптың авторы, Жаркент қаласындағы №6 мектеп-интернаттың мұғалімі Қали Ыбырайымжанов.

         Жалпы, біз ұлан-байтақ жерімен  бірге аса  бай мәдениеті, орасан зор  рухани құндылықтары бар тарихи тамыры терең елміз. Тұғыры берік туымыз тақ төрінде желбіреген туған жеріміздің төсіндегі Түрген қамалының орны осындай жәдігерлерге тұнып тұрғаны даусыз. Осынау құнды мәдени мұраларымызды зерттеу, зерделеу, насихаттау және одан әрі дамыту -  аса маңызды мәселе. Өйткені, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» мақаласында айтылғандай: «Егер жаңғыру елдің ұлттық  рухани  тамырынан  нәр алмаса, ол адасуға бастайды»... 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Нұрәділ Бегімбет

Загрузка...
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
MURAǴAT