Тарихшылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау не үшін қажет екенін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кеңес заманында, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін қазақ халқының тарихындағы ең қасіретті кезең саналады. Дәл осы аралықта 100 мыңнан астам азаматымыз жазықсыз жапа шегіп, оның 20 мыңы атылып кетті. Сондықтан оларды ақтау - бүгінгі күннің басты мәселесі болып тұр.

Жалпы, елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау Тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ қолға алынды. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.

Ал өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтау ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Жарлық шығарды. Осыған орай республикалық және өңірлік комиссиялар құрылып белсенді жұмыс істеуде.

Аталған комиссиялардың жұмыс барысын білу мақсатында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессоры, республикалық жұмыс тобының мүшесі Ләззат Шотбақова мен аталған университеттің бүкіләлем тарихы және халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, өңірлік жұмыс тобының мүшесі Гүлнар Смағұлованы сөзге тартқан едік.

«2020 жылдың 24 қарашасында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» №456 Жарлық Мемлекеттік комиссия құруға бастама болды. Жарлықтың екінші тарауында негізгі міндет былай деп айқындалды: «Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау болып табылады». Бүгінгі таңда Республикалық комиссияның жұмыс топтарымен бірге еліміздің барлық облыстарында өңірлік комиссиялар белсенді жұмыс істеуде. Олардың мүшелері мұрағаттық құжаттарды анықтаумен айналысады, соның нәтижесінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының толық деректер базасы қайта жасақталуда. ХХ ғасырдағы Кеңес мемлекетінің қуғын-сүргін саясаты барысында жапа шеккен ақталған және ақталмаған адамдардың тізімін жасау жұмыстары жүргізілуде», - дейді Ләззат Шотбақова.

Ол архив қорларымен жұмыс істеуге баса назар аударылып отырғандығын айтады.

«Әрине, біз архив қорларымен жұмыс істеуге көңіл бөлеміз. Ең алдымен жұмысымызды Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің ашық қорларынан бастадық. Ерекше қызығушылық тудырғаны прокуратураның 205-і қорындағы құжаттар, 6-шы және 9-шы тізімдемелер болды. Оларда ақтап шығаруға қатысты шолулар, анықтамалар, облыстық прокуратураның ақпараттық хаттары, 1993-2007 жылдарғы «Азаматтарды ақтау жөніндегі қадағалау өндірісі» тіркелген. Сондай-ақ, бізді қызықтыратын құжаттар 239-шы қор, 1-тізім - «Осакаровск (Ворошилов) ауданы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1955 жылғы Жарлығы және Ішкі істер министрлігінің бұйрығы негізінде тіркеуден алынып тасталған арнайы қоныс аударушылардың (немістердің, поляктардың) тізімдері; 1483-і қорда «Осакаров ауданының территориясында тұратын еңбекші қоныстанушылардың (құжатта «трудпереселенцы» деп аталады) сайлау құқықтары жеткілікті түрде қалпына келтірілген тізімдері» және басқалары», -дейді ол.

Оның атап өтуінше, архив материалдарын іздестіру жұмысы Қарағанды облысы прокуратурасының құқықтық статистика және ақпарат орталығының жабық қорында да жүріп жатыр.

Онда бүгінгі күнге дейін №3 қордың 900 ісі қаралды. Ол құжаттарда неміс, грек ұлттарының ақталған азаматтары туралы мәліметтер қамтылған.

«Бұл істерде ақталмайтын азаматтар туралы мәлімет жоқ. Фамилиялар мемориалдағы тізіммен және электронды базасымен салыстырылды. Санаты: жер аударылғандар және арнайы қоныстанушылар. Сонымен бірге, Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің архивтік материалдарынан басқа жарық көрген құжаттар жинақтарындағы өзімізге қажетті архивтік материалдарды сұрыптап, зерттейміз, танысамыз. Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының орталық архив сайттарымен жұмыс істейміз. Өйткені оларда да бізге қажетті материалдар бар», - деді профессор.

Ал Гүлнар Смағұлова саяси қуғын-сүргін құрбандарының толық тізімдерін қалпына келтірудің күрделі де көп қырлы міндетін шешу архив қызметкерлерімен, ғылыми зиялы қауым арасындағы тығыз ынтымақтастықты талап ететіні заңдылық екендігін айтады.

«Қызықты әрі пайдалы материалдар жинақталған құжаттар жинағының үш томдық басылымы «Из истории депортации. Казахстан» деп аталады. Бұл жинақтар 1930-1945 жылдардағы құжаттарды қамтиды. Оны дайындап, басып шығаруға қазақстандық жетекші ғалымдар, тарихшылар және Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің мамандары қатысты. Құжаттар жинағы ҚР Президент Архивінің сайтында жарияланған. Құндылығы одан кем емес «Сталинские депортации. 1928-1953» деген құжаттар жинағы 2005 жылы Мәскеуде басылып шықты. Жинақты құрастырушылардың бірі – көп жылдар бойы қуғын-сүргін саясатын зерттеп келе жатқан белгілі орыс тарихшысы П.М. Полян»,- дейді өңірлік жұмыс тобының мүшесі Гүлнар Смағұлова.

Оның атап өтуінше, жарияланған құжаттар жинақтарынан басқа анықтауды, зерделеуді, жүйелеуді қажет ететін түрлі архивтердің ашық және жабық қорларында сақталған мұрағаттық материалдар әрі солардың негізінде ақталуға тиіс тұлғалардың тізімін жасау, саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты қолда бар ғылыми, анықтамалық әдебиеттерді зерттеу комиссия жұмысының міндетті бағыттарының бірі саналады.

«Осы жұмысты жүзеге асыру барысында бүгінгі күні жұмыс істеу кезінде қоданатын негізгі ұғымдар мен терминдердің мазмұнын нақты ажырата отырып, тақырыпты зерттеудің бірыңғай әдістемелік базасын қалыптастыру қажет деген қорытындыға келдік. Мысалы, бүгінде әдебиетте «депортация» терминін қолданудың әртүрлі тәсілдері мен бағалаулары бар. Сондықтан зерттеу тақырыбы бойынша қолданылатын сөздерге түсінік беретін сөздік, яғни глоссарий құрастыру жұмысымыздың құрамдас бөліктерінің бірі саналады», - деді Гүлнар Смағұлова.

Осы орайда Ләззат Шотбақова бұл мәселелердің көпшілігі Республикалық және өңірлік комиссиялардың барлық жұмыс топтарының мүшелері қатысатын түрлі конференциялар, семинарлар, кластерлік отырыстар мен вебинарлар барысында көтеріліп, талқыланатынын айтады.

«Айталық, соңғы жарты жылдың ішінде жұмысымыздың нәтижелері 2021 жылдың 8 сәуірінде «Жуасов оқулары-25» атты шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда; 2021 жылдың 2-ші қарашасында мемлекеттік тапсырманы орындау және «XX ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау үрдістері: бірыңғай деректер базасын құру» атты бағдарламалық-мақсатты қаржыландырудың ғылыми жобасын іске асыру аясында ҚР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты ұйымдастырған «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері: отандық және халықаралық тәжірибе» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндадық. Жұмыс жалғасуда және бүгінде оған бір жылдан артық уақыт қажет екені түсінікті болды. Бұл жұмыс әр жылдарда саяси қуғын-сүргін кезінде жазықсыз жапа шеккен тұлғаларға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болып табылады. Сонымен бірге, ХХ ғасырдағы кеңес қоғамының объективті тарихын жазу үшін және өткеннің қателігін кейінгі ұрпақ қайталамауы үшін сөзсіз қажет», - деп түйіндеді сөзін профессор.


Соңғы жаңалықтар