Тарихшы-профессор XV ғасырда жасалған картаның көшірмесін Түркістан музейіне сыйлады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласын дамыту жөніндегі алқалы жиында ерекше оқиға болды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа Ұлы Жібек Жолының картасын салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл құжат XV ғасырда жасалған. Картаның тарихы туралы Х.Әбжанов былай дейді:

«Осыдан 4-5 жыл бұрын Алматыдағы ғылым академиясында тарихқа қатысты үлкен жиын өтті. Оған Қытайдағы Бейжің университетінің профессоры Линь Мэйцунь де қатысты. Біздің тарихымызды тыңдап, арнайы шақырғанымызға риза болған ол сонау XV ғасырда басылған картаның көшірмесін сыйға тартты. Әлемде бұл картаның көшірмелері бір қолдың саусағының санына да жетпейді. Ал, түпнұсқасы Гонконг банкінде сақтаулы тұр. Оның құны - 20 миллион АҚШ доллары. Қытай профессоры өзіндегі екі көшірменің біреуін бізге сыйлады. Картада Ұлы Жібек Жолының бойындағы ірі қалалар мен өзендер белгіленген. Ішінде Түркістан қаласы да бар. Болашақта Түркістан облысының орталығы - Түркістанда үлкен музей салынатынын естідім. Сондықтан осы аса құнды жәдігерді Түркістандағы музейге тапсыруды жөн деп таптым».

Құнды жәдігерді қабылдап алған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев:

«Бұл карта мұражайымыздың төрінде тұрады. Түркістан қаласы туралы жәдігерлер мен археологиялық байлықтар болса бізге әкеліп тапсырыңыздар. Мұражайға қояйық. Ел көрсін. Тарихымен таныссын», - деп, профессорға ризашылығын білдірді.

Ханкелді Әбжановтың айтуынша, қытай профессоры Линь Мэйцунь әлгі карта туралы арнайы еңбек жазған.

«Белгілі тарихшы, профессор Нұрлан Кенжеахмет те осы картаны терең зерттеп, кітап жазып қойды. Өйткені, ол түркі тіліндегі жер-су аттарын жақсы біледі. Соларды атап көрсете білді. Әттеген-айы, құнды еңбегін баспадан шығара алмай жүр. Қазір қолжазба күйінде тұр», - деп, маңызды мәселені айтты.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кітапты жарыққа шығаруға қолдау көрсетуге уәде беріп, профессорды қабылдауға әрқашан дайын екенін жеткізді.

 

Соңғы жаңалықтар