Тарихшы: Азаттық үшін алысқан ата-бабаларымыздың есімін ұмытпау – парыз

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жыл ішінде еліміз алған асулар мен қол жеткізген табыс-жетістіктер аз емес. Сонымен қатар азаттық үшін алысқан ата-бабаларымыздың есімін ұмытпау – парыз. Осы орайда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабек Жақсығалиев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

-Тәуелсіздік ешқандай Көктен түскен Құдіреттің сыйы емес. Азаттық жолы қашанда азапты. Тәуелсіздіктің өзі емес, тек жарқын елесі үшін қаншама батыр бабаларымыз бен дана дала абыздары ат үстінде шәйіт кетті, түрмеге тоғытылды. Сібірге итжеккенге айдалды, атылды, асылды, деді тарихшы-ғалым.

-Жаңабек Жаңабайұлы, ендеше, осы азаттық жолындағы ата-бабаларымыздың ғасырларға созылған күресіне қысқаша тоқталып өтсеңіз?

-Кәрі тарихқа көз жүгіртсек, азаттықтың ақ таңы үшін басталған алғашқы ұлт-азаттық күрес осынау Ақ Жайық топырағымен байланысты екеніне көз жеткіземіз. Оған негіз ХVІІІ ғасырдың 40-жылдары өз жақтастарын атқа қонғызған Кіші жүздің атақты ханы Әбілқайыр патша үкіметінің далалық ұлықтарына: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше қазақ халқы бұл жерден ешқашан айрылмайды», – деп ширықса, нақ осы азаттық идеясын 1783-1797 жылдары сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлы одан әрі жалғастырды. Күллі Кіші жүзді атқа қонғызған әруақты ер «Азамат жетім болмайды, халықтан болса панасы. Халық жетім болмайды, басшысы болса данасы», – деп отаршылдарға қарсы атойлаған-ды.

Сол Әбілқайыр мен Сырымнан басталған тәуелсіздік жолындағы жалындаған күрес Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін жалғасты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде былай дейді: «Біз бірде оның (Д.Қонаевтың) ұшағымен республиканың күнгейінен теріскейіне бардық. Кенет мені қасына шақырып алып: «Біздің республикамыз қандай үлкен! Шіркін, өз алдымызға дербес мемлекет болсақ қой«, – деп сыбырлап, саусағымен аузын басты. Мұндай нәрселерді ол ылғи, әуелі, ұшақта да сыбырлап айтатын».

Қысқасы, ұлт серкелері сан ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңының атқанына да желдей есіп, отыз жыл уақыт өте шықты.

-Ендеше, осы отыз жыл ішінде ең басты табыс-жетістік деп нені айтар едіңіз?

-Біз бұл жолы тек екі нәрсеге ғана тоқталсақ дейміз.

Біріншісі. Осы жылдарда Қазақстандағы мемлекет құрушы һәм құраушы титулды ұлт қазақ халқы 40 пайыздан 70,18 пайызға көтерілді. Түсінген жанға бұл бүгінгі ел билігінің сыртқы және ішкі саясаттағы орасан зор жетістігі мен табысы. Тарих ғылымында не нәрсеге де салыстырмалы талдау нәтижесінде көз жеткізуге болады. Мәселен, 1913 жылы Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінде «Әлхәмдулла, біз қазақ 6 млн-ға жеттік», - деп масаттанса, 1959 жылы сол қазақ өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында небары 2 млн 787 мың боп қалған еді. 6 млн қазақ еселеп өсудің орнына жарты ғасырға жуық уақытта шыбынша қырылып, бұрынғы көрсеткіштің жартысына да жетпей қалған еді. Қайта 1959-1991 жж. аралығында ауылдағы алды 10-12, арты 7-8-ден жарық дүниеге қарадомалақтарды топырлатқан балажан аналарымыздың арқасында 2,5 еседей өсіп, 7 млн-ға жетіп жығылған-ды. Енді сол көрсеткіш бүгінде 2 есеге жуық ұлғайып, тәуелсіздік жылдарындағы қарагөздердің саны 13 млн 400 мыңнан асып отыр.

Қазақтың саны – қазақтың рухы! Қазақтың саны – қазақтың болашағы!

Қазақтың саны – қазақтың айбары! Атам қазақ: «Көп қорқытады, терең батырады», – дегенді бекерден-бекер айтпаса керек-ті.

Екінші. Тәу етер Тәуелсіздікке қадам басуымыз әлемдік тарих сахнасына көтерілген балауса мемлекет ретінде өз астанамызды өзімізге таңдау жасауға мүмкіндік берді. Ел астанасының елдің қиыр шетінде орналасуы геосаяси тұрғыдан өте қауіпті. Мұны дәлелдейтін тарихи деректер жеткілікті.

Біздің қазіргідей ұлан-ғайыр аумаққа ие болуымыздың негізгі сыры ұлы бабаларымыздың өз заманында төрткүл дүние санасатын алып империялар құруымен тікелей байланысты. Айбынды Ғұн державасының астанасы бүгінде Моңғолияның орталық өңірінен табылып, оған археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп жатса, Көк түріктердің астанасы Суяб қазіргі Қырғыз жерінде жатыр. Алтын Орданың астаналары Сарай-Бату мен Сарай-Берке Еділдің бойында қалса, Қазақ хандарының 200 жылдай меншігі болған Ташкент бүгінде Өзбекстанның астанасы екенін білеміз. Ал ҚазАКСР-інің тұңғыш астанасы Орынбор кеңес дәуірінде Ресейге өтті. Бұдан шығатын қорытынды, ел астанасының жердің шетінде орналасуы ешкімге опа бермеген. Сондықтан Тәуелсіздік жылдарында астанамыздың Қазақ елінің нақ орталығынан орын теуіп, төрткүл әлем назарын аударған әдемі шаһарға айналуы шынында да халық қуанатын тамаша жетістік болды.

-Еліміздің абыройын асқақтатып, жерімізді қорғау бағытында еңбегін сіңірген батырларымыз бен хандарымыз аз болмаған. Соның бірі Бөкей ханның дипломатиялық жолмен Еділ-Жайық аралығын қазаққа кері қайтарғаны тарихтан белгілі. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

-Иә, биыл Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл толғанымен, пандемияға байланысты аталмыш мерейлі дата кең көлемде аталып өтіле қойған жоқ. Осы хандықтың негізін қалаған Бөкей сұлтан – «бір оқ шығармай-ақ» ұлы атасы Әбілқайыр ханның асыл арманын жүзеге асырған дарынды дипломат. Ойымызды аша түсу үшін тарихымызға сәл шегініс жасағанымыз дұрыс. Патша үкіметі Әбілқайыр ханның әйгілі хаты жазылмастан бірнеше жыл бұрын, Ертіс пен Жайық өзендерінің бойына әскери бекіністерін тізбектете салып, қазақ даласын қос бүйірден сақиналап қоршай бастады. Солардың Жайық өзені бойындағы ірілері Үйшік (Гурьев) пен Жайық (Орал) қалашығы еді. Бір сөзбен айтқанда, Ресей Қазақ даласына бодандықсыз-ақ басып кірді. Деректерге сенсек, Әбілқайыр хан 1718, 1720 жылдары 20 мың әскермен келіп, Жайық қалашығын ала алмай кеткен. Орынбор генерал-губернаторлығына отаршылдықтың көрнекті теоретиктерінің бірі И.И.Неплюев келгеннен кейін жағдай тіпті шиеленісе түсті. Патша үкіметі Жайық өзеніне қазақтарды өткізбеу туралы жарлыққа қол қойды. Жайықтың тайдай тулаған қызыл балығы мен қара уылдырығы казак-орыстардың көзқұртына айналды. Олар қазақтарды өзенге жақындатпау үшін жыл сайын Жайық алабына жаппай өрт қоятын «дертке» ұшырады. Бұған шыдамаған Әбілқайырдай намысқой хан қарап отырмай, Ресейдің шеткі аудандарын аяусыз шауып, 1182 орыс тұтқынын қолға түсірді. Осындайда Мұрат Мөңкеұлының:

«Еділді біздің алғаны,

Етекке қолды салғаны,

Жайықты біздің алғаны,

Жағаға қолды салғаны...», –

деп зар қаққаны еске түседі.

Кеңпейіл қазақтың бағына орай Тәңір тілеуін беріп, «Жанды су – Жайық» өзіне қайта оралған-ды. Бұл - кімнің еңбегі? Сөз жоқ, Бөкей сұлтанның. Ол ұлан-ғайыр жерді сұңғыла саясаткерлігі мен көреген дипломатиялық шеберлігінің арқасында ерекше ептілікпен қайтарып алды. Құдайдың қазаққа қарасқаны сол, І Павел патша 11 наурызда осы жарлыққа қол қойып үлгеріп, 12 наурызға қараған түнде сарай төңкерісінің құрбаны болып, бақиға аттанып кете барды.

Әлем жұртшылығы бүгінде Қазақстанды еуразиялық ел деп таныса, республикамыздың еуропалық бөлігі тек Бөкейдің арқасында ғана қазаққа қайта оралғанын ешқашан ұмытпаған жөн. Бөкей хандығының жер аумағына қазіргі Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Казталов аудандары, қала берді Атырау, Астрахан (Қажы-Тархан), Волгоград (Еділ), Саратовтың (Сарытау) біраз жері, яки, Еділ-Жайықтың аралығындағы байтақ қоныс енгенін бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Әйгілі ханның асыл сүйегінің Астрахан жерінде мәңгілік жатуы – соның дәлелі. Бертін келе әртүрлі әкімшілік-территориялық бөліністер кезінде хандықтың жері тарам-тарам боп шашырап кеткен-ді. Ол жердің құнары мен шұрайы, мал-жанға таптырмас жайлы әм құтты қоныс екені бөлек әңгіме. Махамбетше айтсақ, «Құм Нарында жанға жайдың бәрі бар».

Қазақ халқына осыншама еңбегін сіңірген Бөкей ханды біз өз деңгейінде құрметтей алып жүрміз бе? Хан есімін тек Бөкей ордасы ауданымен шектеп қою дұрыс емес дер едік. Бөкей мен Жәңгір ханның ізі облыс орталығы Орал қаласында да сайрап жатыр. Өйткені қаладағы «Хан тоғайында» әкелі-балалы қос ханның инаугурациясы сән-салтанатпен өткені тарихтан мәлім. Сондықтан Орал қаласында еңселі ескерткіші орнатылып, ірі елді мекенге Бөкей хан есімі берілсе, тіпті артық болмас еді.

Қазақ хандарына құрмет – қазақ мемлекеттілігіне құрмет. Бұған бүгінгі ел билігінің әлеуметтік-экономикалық жағынан ес жиғаннан кейін Түркістандай қасиетті мекенде жатқан ұлы хандарымызға назар аударып, оларды дәріптеуге білек сыбана кіріскенін қосыңыз. Қысқасы, өңірлік ономастикадан өлке тарихының иісі бұрқырап шығып тұруы тиіс.

Біздіңше, Бөкей хан болашақта Батыс Қазақстан облысының бренді болып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі жаңа кезеңнің – жаңа парақтарының басы болуы керек. Өлке һәм қазақ тарихының төріне жайғасқан осынау ірі тұлға туралы халықаралық конференциялар ұйымдастыру, архивтердегі құжаттарды жинақтау, монографиялар шығару, деректі фильмдер, видеороликтер түсіру, әдеби шығармалар жазу, т.с.с. жұмыстар жүйелі қолға алынса дейміз. Бұл – ұлттық тарихи сананы жаңғырту бағытындағы кезек күттірмейтін міндеттердің бірі.

-Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар