Тарихи жәдігерлерге тың көзбен қарауға мүмкіндік беретін елеулі оқиға - ғалым

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы - Ұлы даланың жаһандық тарихтағы жәдігерлеріне тың көзбен қарауға мүмкіндік беретін тарихи оқиға. Мұндай пікірді филология ғылымдарының кандидаты, ҚарМТУ кафедра меңгерушісі Қаламқас Қалыбекова айтты. 

«Елбасы қаламынан шыққан бұл мақаланың ауқымы әлдеқайда кең. Мақаладан гөрі елдің ертеңгі рухани, мәдени өсуінің бағдары, бағдаршамы дерсіз. Әр сөйлемде үлкен мән бар, ой бар, сұрыпталған сөз, іріктелген тіркес, көптен толғандырып жүрген ойдың әсерлі толқынысынан туған тұжырым бар», - дейді ғалым.

Қаламқас Сағындыққызының сөзінше, «Ұлы даланың жеті қыры» - «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті құнды дүние. Президент бұл жолы ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына кеңінен тоқталған.

«Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан, - дейді Қаламқас Қалыбекова. - Соның ізі адам мен жылқының қатар өмір сүре бастаған байырғы заманнан байқалады. Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Жылқы мінезді қазақ өмірінің әрбір белесін ұлттық құндылықтармен қатыстыра суреттеуі - түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге ықпалы тиері сөзсіз. Қазақ халқы жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Ұлттық мифологиядағы иесі қысылғанда тіл бітіп, ақыл айтатын тұлпарлар (мысалы, «Ер Төстік», «Алтын сақа», т.б. ертегілерде), батырлық жырлардағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, бергі заман батырлары Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің  Шалқасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген». 

Ғалымның пікірінше, ата-бабамыздың жылқы жануарын ең алғаш қолға үйретуі - адамзат өркениетіне қосылған қомақты үлес екені ақиқат.

«Ұлттық код - генетикалық жадыңның бір ұшығы. Ұлттық код - ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызда, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған», - деп атап өтті филология ғылымдарының кандидаты.

Қазақ фольклоры ауыздан ауызға тарап, бүгінге жеткені аян. Бір кезде айрандай ұйыған осы бір бейкүнә қазақ халқы тарихи себептерден тоз-тозы шығып, әлемге тарыдай шашылып кете барды. Әдебиеті мен мәдениеті де өзімен бірге қиын күй кешті.

«Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін барып басымызға бас қосылып, шетелдегі қандастарымыздың әдебиеті мен мәдениеті арнамызға құйыла бастады. Осы үрдісті халық санасында сақтауда мақаланың берері мол», - деп сөзін түйіндеді Қаламқас Сағындыққызы. 

Соңғы жаңалықтар