Тарихи жәдігерлер Алматы көрермендерінің назарына ұсынылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 18-20 ғасырларға тән құнды тарихи жәдігерлер көрермен назарына ұсынылды. Бүгін БАҚ өкілдері қазақтың белгілі тарихи тұлғасы Абылай ханның жеке заттары мен әйелдерінің әшекей бұйымдарын көруге мүмкіндік алды.

«Нұрбанк» АҚ бірнеше жылдар бойы жинап келген тарихи коллекциясын көрсету үшін көрме ұйымдастырды. Коллекция құрамына XVIII-XX ғасырлардағы зергерлік әшекей бұйымдар, XX ғасырдың басындағы қолдан тоқылған кілемдер, XIX - XX ғасырларда тұрмыста қолданылған заттар, ат әбзелдері, суық қарулар енген. Экспонаттардың ішіндегі ең көнесі - 1748 жылы жасалған өлшеу саптыаяғы. Ыдыстың іші қалайымен қапталған. Мамандардың айтуынша, бұл технология адамдарды уланудан сақтау үшін жасалған. Сондай-ақ, жәдігерлердің ішінде Абылай ханның күмістен соғылып, рубин тасымен әрленген құлақ және тіс тазалағышы бар. Көне заман дәуірінен сыр шертетін бұйымдардың ішінен Кенесарының қанжары, Абылай хен мен Әбілхайыр ханның наркескендері, темірден жасалған ақша салғыш әмиян назар аудартады. Экспонаттардың барлығы бірнеше жылдар бойы «Нұрбанк» АҚ қызметкерлерінің көмегімен жиналған. Қаржылық институт өкілдері дәстүрді қастерлеп, тарихи құндылықты сақтауға аса көңіл бөліп отырғандарын айтады. «Нұрбанк пен еншілес компаниялардың қызметкерлері қазақ мәдениетінің сабақтастығын сақтау жолында көп жылдардан бері сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының археологиялық және тарихи коллекцияларын жинап келеді. Біздің тұжырымымыз тарихқа тазғымға негізделген. Бұл үлкен жұмыс. Оны 5-6 адам сақтап кейінгіге жеткізе алмайды. Сондықтан, осы жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз», - деді банктің басқарма төрағасы Қаңтар Орынбаев. Оның айтуынша, көрме «Нұрбанктің» бөлімшелері бар барлық қалаларда өтеді. Басқарма төрағасы Қаңтар Орынбаев бұл жобаның коммерциялық емес, ағартушылық бағытта ұйымдастырылғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар