Тарихи сапар және одақтастық декларациясы: Қазақстан мен Тәжікстан басшылары кездесуінің қорытындысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға сапары бауырлас екі ел қарым-қатынасы тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Астанаға кеше келген тәжік көшбасшысын бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, қос президент шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Президенттер саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқыға салды. Сондай-ақ қос елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту мақсатында бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.

Жалпы екі ел арасындағы тауар айналымы, қазақ-тәжік бизнес форумы, тәжік көшбасшысы Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында қандай маңызды құжаттарға қол қойылғаны жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Қазақ-тәжік дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 7 қаңтарда орнатылды. Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас негіздері туралы шартқа қол қойылған еді.


Сөйтіп, Қазақстанда 1993 жылы маусымда Тәжікстанның дипломатиялық өкілдігі ашылды, ал Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі Душанбеде 1998 жылғы сәуірде дербес миссия ретінде жұмыс істей бастады және 2001 жылы елшілік мәртебесі берілді.

2015 жылы Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымы көлемі 752,5 млн доллардан асқан, ал 2020 жылы коронавирус пандемиясына қарамастан, бұл көрсеткіш 791,4 миллион долларға жеткен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға көп.

Екі елдің жылдық сауда айналымы 1,4 млрд долларға жетті

Бүгін Ақордадағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға ілтипат білдіре отырып, Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ бауырлас әрі жақын мемлекет екенін атап өтті.

Фото: t.me/aqorda_resmi

«Бізді ежелден ортақ тарих, мәдени және рухани құндылықтар тығыз байланыстырады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойып отырмыз. Мұның символдық мәні бар. Бұл құжат өте маңызды әрі болашаққа арналған. Сондай-ақ біздің мемлекеттеріміздің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Бұл бағытта арамызда ешқандай күмәнді мәселе жоқ», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге ол Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келе жатқанын әрі ұзақ жылдар бойы Қазақстан – Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі екенін тілге тиек етті.


«Тек былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірқатар экономикалық жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Сіздің сапарыңыз аясында экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-әрекетті одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа келісімдердің маңызды топтамасына қол қойылады», – деді Президент.

Биыл Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндері өтеді

Келіссөз барысында қазақ-тәжік ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы кеше елдер арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына қатысты бейресми кездесу өткізгенін де атап өтті.

«Ең бастысы, сауда көлемін екі миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Біз бизнесмендердің 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанына көңіліміз толатынын атап өттік. Бұл – өте жақсы нәтиже. Екі ел үкіметтері осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалап отыруға тиіс. Біздің берік әрі ұзақмерзімді қарым-қатынасымыздың мызғымас негізі – тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар. Былтыр Душанбеде Қазақстан киносы күндері өткізілді. Биыл біздің елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Біз осы шараға мұқият дайындалуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Ал өз кезегінде Эмомали Рахмон Қазақстанға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Фото: t.me/aqorda_resmi

«Тәжікстан мен Қазақстан – стратегиялық серіктестер. Қарым-қатынасымыз тұрақты түрде дамып келеді. Біз оны одан әрі нығайтуға баса мән береміз. Қазақстан бүгінде басты сауда серіктестеріміздің арасында екінші орында. Былтыр тауар айналымының өсімі 20 пайыздан асты. Біз басқа салаларда да қарқынды диалог жүргіземіз. Сізбен елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылауға дайынмын. Біз тұрақты байланыстар мен жоғары деңгейдегі ұзақмерзімді саяси диалогтың игі дәстүрлерін сақтап, одан әрі кеңейтеміз. Мен достық қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймын», - деді Тәжікстан Президенті.

Сонымен бірге Эмомоли Рахмон екі арадағы сауда-экономикалық әріптестікке тоқталып өтті.

«Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда құрылымында талайдан бері жетекші орынды ұстап тұр. Сіздің Тәжікстанға жасаған ресми сапарыңыз кезінде өзіңізбен жыл сайынғы тауар айналымының көлемін 2 млрд долларға дейін жеткізуге келіскен болатынбыз. Сол аталған міндеттер жоспарға сай іске асып жатқаны қуантады. Қазақстан бүгінде Тәжікстанның сауда серіктестерінің арасында екнші орында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша осы көрсеткіш бойынша бірінші орынға шығуы мүмкін. Оған орасан мүмкіндіктер бар», - деді Тәжікстан Президенті.


Екі елдің энергетика мен машина жасау саласында әлеуеті зор

Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентімен бірлескен мәлімдемесінде қазақ-тәжік қарым-қатынасында энергетика мен машина жасау саласының әлеуеті зор екенін атап өтті.

«Біз өзара сауданы одан әрі кем дегенде 2 миллиард долларға дейін арттыру үшін қажетті қосымша қадамдар жасауға келістік. Тараптардың нақты күш-жігерімен бұл көрсеткішті күшейтуге болады. Қазақстандық өндірушілер қазірдің өзінде Тәжікстанға жалпы сомасы 140 млн доллардан асатын, 60 түрлі тауардан тұратын экспортын ұлғайтуға дайын. Біздің ел Тәжікстанға азық-түліктен бастап теміржол компоненттері мен жылжымалы құрамдарға дейін тауарлардың кең желісін жеткізуді арттыра алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, келіссөз кезінде 2023-2024 жылдарға арналған тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын іске асыру тетіктері де талқыланған.

«Үкіметтерге осы бағыттардың бәрін мұқият пысықтау тапсырылды. Келіссөздер барысында біз өнеркәсіп кооперациясын дамытуда зор әлеуетіміз бар екенін атап өттік. Біз екі ел экономикасы өсімінің жаңа көзіне айналатын бірлескен жобаларды іске қосуға келістік. Энергетика мен машина жасауда екіжақты өзара іс-қимылды тереңдетуде үлкен мүмкіндіктер бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 500 млн доллардан асты

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен бірлескен мәлімдемесінде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 500 млн доллардан асқанын атап өтті.

«Жуырда өткен казақ-тәжік бизнес-форумы мен Іскерлік кеңестің отырысы кәсіпкерлердің бұл салаларда өзара тиімді байланыс орнатуға мүдделі екенін растады. Атап айтсақ, бизнес-форум кезінде 1,8 млрд-тың келісімшартына қол қойылды. Агроөнеркәсіп кешені саласында да өзара сауданың көлемін арттыруға зор мүмкіндік бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сондай-ақ Президент Тәжікстан Қазақстанға жеміс-жидек экспортын ұлғайта алатынын атап өтті.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 40% өсіп, 500 млн доллардан асты. Қазіргі жағдайда мен мұны жақсы көрсеткіш деп санаймын. Қазақстан Тәжікстан үшін бидай мен ұн жеткізетін ірі серіктестердің бірі болып есептеледі. Сонымен қатар, бізде өсімдік майы, макарон өнімдері, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер экспортын ұлғайтудың қосымша көздері бар. Өз кезегінде Қазақстан Тәжікстаннан жеміс-көкөніс өнімдерін жүйелі түрде импорттауға мүдделі», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері зәкірлі стратегиялық жобалар дайындамақ

Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтеріне зәкірлі стратегиялық жобаны дайындау тапсырылды. «Мен сіздің сапарыңызға үлкен мән беріп отырмын. Жаңа ғана бұл сапарды тарихи деп сипаттадық. Осы сапар мемлекеттеріміз арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтереді, одақтастық өзара байланыс туралы декларацияға қол қойылады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Сондай-ақ Президент одақтастық қатынастар жаңа стратегиялық жобаларға жол ашатынын атап өтті. «Сондықтан алдымызда үлкен жұмыс тұр. Өйткені одақтастық қатынастар жаңа стратегиялық жобаларды көздейді. Біз жаңа ғана екі-үш зәкірлі стратегиялық жобаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметтерге осы мақсаттарды іске асыруды тапсырдық. Жақын арада екіжақты ынтымақтастықтың жаңа белесіне шығамыз деп топшылаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қазақстан кейбір цифрлық шешімдер мен ақпараттық жүйелерін Тәжікстанмен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

«Екі мемлекет үшін де ІТ-сектор мен қаржы саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Біздің елдің мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен ІТ-технологияларды дамытуда елеулі тәжірибесі бар. Осыған байланысты, Қазақстан Тәжікстанмен кейбір дамыған цифрлық шешімдер мен ақпараттық жүйелерді бөлісуге дайын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанмен бірлескен факультеттер ашылуы мүмкін

Сонымен бірге кездесу барысында қазақстандық ЖОО филиалдарын тәжік елінде ашудың келешегі талқыланды.

«Біз мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл сала біздің бауырлас халықтарды байланыстыратын маңызды сала болып есептеледі. Қазақстанда Тәжікстанның мәдени күндерін өткізу, өзге бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімге қол жеткіздік. Бұл да мемлекеттеріміздің арасындағы байланыстың тығыз екенін айғақтайды», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, екі тарап та білім беру саласындағы әріптестікті тереңдетуге мүдделі.

«Қазақстан Тәжікстаннан біздегі жоғары оқу орындарына келетін студенттерге арналған гранттардың санын арттырды. Қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашудың келешегі туралы мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Бәлкім Тәжікстан ЖОО базасында бірлескен факультеттер ашылатын шығар. Бұл шаралар екі ел жастарының әрі қарай да жақындасуына, халқымыздың арасындағы достық қатынастардың бекуіне жол ашатынына сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәжікстанның Аралды құтқару қорындағы төрағалық қызметіне жоғары баға берілді

Мемлекет басшысы Қазақстан Тәжікстанның Аралды құтқару қорындағы төрағалық қызметін жоғары бағалайтынын да тілге тиек етті.

«Орталық Азияның су ресурстарын, трансшекаралық өзендерді пайдалану тәсілдеріміздің ұқсас екенін, сондай-ақ конструктивті әріптестікті нығайтып, өзара қолайлы шешімдерді іздеу қажеттігін тағы бір нақтыладық. Бұл мәселеде Аралды құтқару қорына ерекше рөл артылып отыр. Қазақстан Тәжікстанның осы қорда төрағалық етуін жоғары бағалайды», - деген Мемлкет басшысы Тәжік тарапына Душанбедегі қыркүйекте өтетін Аралды құтқару халықаралық қорының саммитін сәтті өткізуіне тілектестік білдірді.

Фото: musorniy.ru

«Өз тарапымнан Тәжік тарапына Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қалтқысыз қолдап келе жатқаны үшін алғыс айттым», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті. Мемлекет басшысы орден табыстау рәсімінде тәжік халқының жалпыұлттық көшбасшысының айрықша еңбегіне тоқталды және оның көреген саясаты Тәжікстанды қарқынды дамуына ықпал етіп, отандастарының игілігін қамтамасыз еткенін атап өтті.

Фото: t.me/aqorda_resmi

9 құжатқа қол қойылды

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында 9 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияны ерекше атап өтуге болады. Сонымен қоса Түркістан (Қазақстан Республикасы) және Худжанд (Тәжікстан Республикасы) қалалары арасында Бауырластық қатынастар орнату туралы меморандум; ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы; ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасы бар.

Фото: akorda.kz

Қазақстан-Тәжікстан бизнес форумы: елімізде 500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда Тәжікстанмен бірлескен 418 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 416-сы шағын бизнес саналады.

«Тәжікстан шағын бизнеске өте жақсы мүмкіндіктер ұсынады. Қазір маусымаралық кезең және бізге жеміс-көкөніс өнімдері жетіспейді. Ал, Тәжікстанда өнім жинау басталды. Бизнес осы мүмкіндікті пайдалана алар еді. Бизнес жүргізу тұрғысында Тәжікстанда да, Қазақстанда да ешқандай тәуекел жоқ. Заңнама қалыптасқан, инвестициялық қорғау бар. Елдер арасында төлем де еркін жүреді. Сондықтан да, жұмыс істеу үшін мол мүмкіндік бар», - деді Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бизнес-форум аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Тәжікстан Қазақстан өнімдерін шығару үшін де үлкен нарық саналады. Бұл ретте, ең алдымен аграрлық өнімдерді жеткізуге мүмкіндік бар. Биыл бұл елге бидай, арпа және күнбағыс майы көп жеткізілді. Отандық өндірушілердің арқасында тек Тәжікстанға ғана күнбағыс майының экспорты 20 млрд теңгеге жуықтады.

«Бар өнімді өзара жеткізуге мүмкіндік бар. Ал, ол өнімдермен айналысу үшін шағын кәсіпорын болса жеткілікті. Күрделі лицензия алудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Осы тұрғыда Тәжікстан, жалпы Орталық Азия елдері Қазақстанның шағын және орта бизнесмендері үшін мол мүмкіндік ашады. Табыс табу үшін бағасы да жақсы», - деді вице-премьер.

Тәжікстанға экпорт көлемі 200 млн долларға жеткен

2023 жылдың І тоқсанында Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт көлемі 200 млн долларға жуықтаған. «Біз Тәжікстанмен кең ауқымды бағыттар бойынша одан әрі жұмыс істеуге ниеттіміз. Тәжікстан өңірдегі негізгі серіктестердің бірі саналады және сауда-саттық жыл сайын оң динамиканы көрсетіп отыр», - деді вице-премьер.

Мәселен, оның дерегінше, екі елдің арасындағы сауда-саттық өткен жылы 18,5 пайызға өсіп,1,4 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан экспорты 9,7 пайызға артып, 877 млн АҚШ доллары көлемінде болды. Атап айтқанда, астық экспорты 29 пайызға, маргарин 7,6 есе, күнбағыс майы 42 пайызға, арпа 2,3 есе артты. Тәжікстаннан да импорт көлемі 38 пайызға жуық ұлғайып, 500 млн долларға жетті. Қазақстан Тәжікстаннан мыс концентраттарын, кептірілген жеміс, жаңғақ, минералды және газдалған су, көкөніс пен жеміс-жидек сатып алады.

«Сондай-ақ, биыл осы үрдістің жалғасын көріп отырғанымызды қуанышпен атап өткен жөн. Мәселен, Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт бірінші тоқсанда 22 пайызға өсіп, 200 млн долларға жуықтады. Осылайша, ел басшыларының мемлекеттер арасындағы тауар айналымын 1 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі алға қойған міндеті сәтті орындалғанын атап өткім келеді. Алайда біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек және нәтижемізді екі есе арттыру үшін ілгерілеуіміз қажет», - деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында бірқатар құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, ERG компаниясы мен «ТАЛКО» тобы арасында глинозем жеткізу, Factory және «Хубчамъ Инвест» компаниялары арасында бидай тасымалы бойынша келісімге қол қойылды. Сонымен қоса AZK Esentai компаниясы мен «Хубчамъ Инвест» компаниясы астық жекізу саласына қатысты құжатты бекітті. Бұдан бөлек Қазақстан-Тәжістан бизнес форумы аясында бизнесмендер арасында 1 млрд 300 млн доллардың келісімшартына қол қойылғанын да атап өту керек.


Соңғы жаңалықтар