Тарихи отанында білім алғысы келген қазақ жастарын қолдау қажет

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі кеңейтілген Үкімет отырысында оралмандардың мәселесін көтеруі Қазақстанда білім алғысы келетін шетелдегі қазақ жастарына үміт сыйлары анық. Осындай пікірді ҚазАқпарат тілшісіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы талдау орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева айтты.

Оның айтуынша, дәл қазір тарихи отанына білім алуға келген қазақ жастары алдында бірқатар қиындықтар кездесіп отыр. Биылғы оқу жылына ҚР Үкіметі шетелдегі қазақ жастарының университеттердегі дайындық курстарында білім алуы үшін 1400 грант бөлген болатын. Бірақ, келеңсіздіктердің кесірінен жылда 280-300 шақтысы игерілмей қалып келеді. «Біз сыртта жүрген қазақ жастарының Қазақстанда сапалы білім алуына барынша жағдай жасауымыз керек» деген болатын Президент Дүниежүзі қазақтарының ІҮ құрылтайында. Тарихи отанында оқимын деп келген қазақ жастары үшін мемлекет ақша бөлуде. Бірақ бірқатар мемлекеттік органдар жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауына байланысты ол қаржы кедергілерге тап келетіні жасырын емес», - деді Күлғазира Балтабаева. Аталған курстарға құжаттарды қабылдау науқаны 1 шілдеде басталып кетті, 20 тамызда аяқталады. Маманның айтуынша, мұншалық қысқа мерзімде шетелдік қазақтар келіп үлгере алмайды. Өткен жылы Қытайдан келген бірнеше түлек визаны жасауға үлгере алмай, гранттан қағылған. ҚР СІМ-нің Қытайдағы қазақтарға жылдық виза беруіне байланысты Үрімжіден Қазақстанға өтуге 5000 адам кезекте тұр. Мұндай ұзын-сонар кезектің қалыптасуы соның кесірінен. Шілде-тамыз айында визаның уақыты бітіп, ұзарту қажеттігі туады. Бұл одан сайын кедергі келтіріп, кезекке тұрғандар санын арттыра түседі. Мыңдаған адамның арасынан оқуға келген студенттерді іріктеп алу мүмкін емес. Бұл жерде ҚР СІМ виза ашу уақытын өзгертуі қажет. К. Балтабаеваның айтуынша, Монғолиядағы қазақ жастары да Қазақстанға жету үшін Ресейде виза аштыруға мәжбүр. ҚР СІМ осы мәселені шешуге де барынша күшін салса мәселе ілгері жылжиды. 20 тамыздан 1 қазанға дейін 1,5 ай аралығында шетелден келген қандастарымыз босқа уақыт жоғалтатыны тағы анық, дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы талдау орталығының директоры. «Айталық, Өзбекстандағы жалақы деңгейі 100 доллар, сол ақшамен келген қандасымыз Қазақстанға 1,5 ай өмір сүре алмайды. Пәтерақысы, жолақысы, азық-түлік бар, ол шығынның бәрін талапкер қалай көтереді? Сондай-ақ, олар келген соң миграциялық полицияға құжат тапсыруға міндеттеледі. Осы тетікті ҚР ІІМ барынша оңтайландыруы керек», - деді ол. Осы проблемаларды ескере отырып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ҚР Білім және Ғылым министрлігіне құжат қабылдаудың соңғы уақытын 20 тамыздан 20 қыркүйекке ауыстыру туралы өтініш-хат жіберді. Күлғазира Балтабаеваның айтуынша, бүгінгі Үкімет отырысы барысында ел президентінің оралмандар мәселесін көтеруі бұл проблеманың оңтайлы шешім табуына ықпал етері сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар