Тарихи әділдік орнады: Республика күні - халықтың рухын көтерген ұлық мереке

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл еліміздің мерекелік күнтізбесі тағы бір айтулы датамен толықты. Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған еді. Осылайша, елімізде он жылдан астам уақыт бойы ұмыт қалған мереке биыл қайта жаңғырды. Тәуелсіз Қазақстан мен қазақстандықтар үшін бұл күннің орны ерекше екені айтпаса да, түсінікті. Өйткені 1990 жылы 25 қазанда еліміздің егемендігі жайлы декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның төрткүл дүниеге танылып, әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құруына жол ашты. Демек, бұл күн ұлтымыз үшін ұлық мерекеге айналуы тиіс. Осы тұста, Республика күнінің мән-маңызы мен биыл қазақстандықтардың мерекені қалай атап өткені жөнінде шолу жасап көрейік.

Республика күнінің тарихы

25 қазан – Қазақстан тарихындағы ең маңызды даталардың бірі. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Шындығында, бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді.

Қазақ КСР егемендігін жариялап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздерін жариялады. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және татулығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Бұл - тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады.

Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. ҚазКСР өзінің ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды.

Ал 2001 жылы аталған мереке мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Алайда кейінірек 2009 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінің Жарлығымен ол мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған еді. Содан бері Республика күні тойланған жоқ.

Ұлттық құрылтайда «Республика күні» қайтарылды

Биыл Мемлекет басшысы Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда 1990 жылы 25 қазандағы декларацияның қабылдануын еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы екенін айтып, мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

Фото: akorda.kz

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», - деген еді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін тілге тиек етіп, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталатынын да еске салып өтті.

Ұлттық және мемлекеттік мерекелердің айырмашылығы

Заңнамаға сәйкес, ұлттық мерекелер – еліміздің мемлекеттілігінің дамуына елеулі әсер еткен ерекше тарихи маңызы бар оқиғаларды атап өту үшін белгіленген. Ұлттық мереке кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар ұйымдастырылады. Осылайша, заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін Республика күні еліміздің жалғыз ұлттық мерекесі санатына еніп отыр.

Тарихшы Жақсылық Сәбитовтің пікірінше, Республика күні мерекесін қайтару тарихи әділ шешім болды.

«25 қазан күні бұрын тойланып, кейін көлеңкеде қалып кетті. Енді оны қайтадан тойлайтынымыз қуантады. Шындығында, 25 қазан – еліміздің экономикалық егемендік алған, экономикалық тәуелсіздік алған күні. Қазақстан экономикада өзінің ұлттық мүддесін жүзеге асыра бастады. Сондықтан бұл дата маңызды, әрине. Қазақстан өз егемендігін жариялап, тәуелсіздік жолын бастады. Ал Декларация (1990 ж. 25 қазан) Қазақстанның экономикалық саладағы ұлттық мүддесін белгілеген тәуелсіздік алу жолындағы алғашқы қадам әрі маңызды кезең болды», - деп атап өтті тарихшы.

Сонымен қоса ол 25 қазан неліктен ұлттық мереке санатына енгеніне тоқталды.

«Мерекені мемлекеттік не ұлттық мерекелер санатына енгізу әлемдегі барлық мемлекет пен елде бар тәжірибе. Бұл ел тарихындағы оқиғалардың маңыздылығына байланысты», - деп нақтылады Жақсылық Сәбитов.

Биыл қазақстандықтар Республика күнін қалай атап өтті?

Жоғарыда атап өткендей, 13 жыл өткеннен кейін қазақстандықтар Республика күнін биыл бірінші рет тойлады. Қала әкімдіктері ұлттық мерекені атап өту үшін челлендж, акциялар, соның ішінде қайырымдылық шараларын да ұйымдастырды.

Елордада Республика күніне жаппай мерекелік шаралар мен концерттер өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында Máńgilik El Daýysy ұлттық музыкалық шоуы ұйымдастырылды. Оның сахнасында Қазақстанның үздік өнерпаздары бүкіл ел сүйіп тыңдайтын әндерді орындады. ЭКСПО алаңында ашық аспан астында Мемлекеттік академиялық филармония ұйымдастырған «Қазақстаным менің!» мерекелік концерті өтті.

Мемлекеттік академиялық филармонияның (бұрынғы Конгресс-холл) концерт залында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақындар айтысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар 20-26 қазан аралығында қала тұрғындары Сәкен Сейфуллин мұражайындағы «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» тақырыптық көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды.

Осылайша, мерекеге орай елдің түкпір-түпірінде салтанатты жиындар, ғылыми конференциялар, ашық сабақтар, концерттің бағдарламалар мен түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Мәселен, 25 қазан күні Астанада Ұлттық мерекеге орайластырылған аламан және топ бәйге өтті. Оған еліміздің әр қаласы мен өңірінен келген шабандоздар қатысты. Жарыс Астана маңында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде өтті. Бәйге қорытындысы бойынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бәйгенің жүлде қоры – 17 млн теңге.

22 қазан күні Алматыдағы Республика сарайында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Ал 23 қазанда өткен Charity Music Run қайырымдылық марафонына 2000-ға жуық адам қатысқан.

25 қазан күні Медеудегі алаңда «Патриотизм дауысы» акциясы аясында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалды. Бұл күні әнұран қаланың көптеген нысандарында және еліміздің түкпір-түкпірінде шырқалды. Басқа қалаларда, мәселен, Шымкентте театрлардағы қойылымдар Республика күніне орайластырылды.

Сонымен қоса 25 қазан қарсаңында өңірлерде әлеуметтік маңызы бар нысандар пайдалануға беріліп, азаматтарға пәтер кілті табысталды. Мәселен, Жетісу облысында әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысан ашылды. Олардың қатарында медициналық пункттер, спорт алаңдары, халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін цифрлық кеңсе де бар. Сол сияқты ауыл тұрғындарына көгілдір отын берілді.

Түркістан облысында мерекеге орай бірқатар білім беру нысаны – Қазығұрт ауылында 150 оқушыға арналған жекеменшік мектеп, Сарыағаш қаласында 900 оқушыға арналған мектеп, Ақсукент ауылында 1 200 балаға арналған жекеменшік мектеп, Қарабұлақ ауылында 400 балаға арналған жалпы білім беретін мектеп, Түркістанда 500 орындық дарынды балаларға арналған мектеп және 200 балаға арналған мектеп-балабақша ашылды.

Ал Павлодар облысында кезекте тұрған көпбалалы және толық емес отбасыларға пәтер кілті табысталды. Барлығы 108 қала тұрғыны пәтерге ие болды. Олардың ішінде көпбалалы аналар, жетімдер, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар бар.

Осылайша биылғы Республика күні кең көлемде атап өтілді.

2022 жылы Қазақстанның тарихында ойып тұрып орын алатын тарихи оқиғалар аз болған жоқ. Атап айтсақ, референдум, Ата Заңға еншізілген өзгерістер, саясат аренасындағы реформалар, сондай-ақ жаңа облыстардың құрылуы да еліміздің жаңа даму жолына түскенінің дәлелі. Бұл елімізде жасалып жатқан реформалардың бір парасы ғана. Республика күнінің қайта оралуы да халықтың патриоттық сезімін оятып, әсіресе жыл басындағы оқиғалардан кейін ел азаматтарының рухын көтеріп тастағаны сөзсіз.


Соңғы жаңалықтар