Тарих шежіресінен сыр шертетін архивтегі әр құжат құнды – Мемлекеттік хатшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ұлттық архивтің маңызы мен рөлі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі мен көрегендігінің жәе халқымыздың тағаттылығы мен ынтымақ-бірлігінің арқасында асқар асулар мен биік белестерді бағындырдық. Еңселі елге айналдық. Адам санасы тұңғиығына жетіп болмайтын, ұшы-қиырсыз тарихтың асыл қазынасы ол архив. Архив – шежіре-кеніш, шежіре-сыр. Архивтегі дәлелдер мен деректер қоры өткеннің өшпес өнегесін өшірмей, өскелең ұрпаққа аманаттайтын ақиқат айнасы. Олай болса мерейлі мерекеміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған тарихтың қара шаңырағы Ұлттық архивтің 15 жылдық мерейтойы құтты болсын. Еліміздің байтақ тарихи шежіресінен сыр шертетін архивтегі әр құжат құнды. Мұндағы әр іс-қағаз өскелең ұрпаққа шашауы шықпаған күйде жеткізіледі», - делінген Қырымбек Көшербаевтың «Тәуелсіздік және Елбасы: жасампаздықтың жаңа тарихы» халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушыларына арналған алғы сөзінде.

Оның айтуынша, архив мамандарына жүктелетін жауапкершіліктің жөні бөлек.

«Кез келген адам тарихымыздың ақтаңдақтарын айғақтайтын көнеден жеткен қолжазбалардан бастап, қазіргі заманғы ресми және бейресми құжаттар арқылы ата-баба шежіресіне үңіліп, тың деректерге қанық болады, өткенді саралап, келешекті туралауға мүмкіндік алады. Өткенді зерделемей, келешектің өркендемейтіні белгілі. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы мен ерекшеліктері, айқындалатын айтулы оқиғалары және жылнамалары бар. Осы ретте архив ісіне жүктелетін жауапкершілік орасан зор. Архив – ата-бабаларымыздың тарихын ғана емес олардың арман тілегін, ақыл-ойын, даналығы мен даралығын, парасаты мен өнеге өсиеттерін сақтап отыратын киелі орын», - дейді ол.

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы архив саласындағы зерттеулерді қолға алу керектігін еске салды.

«Архив қорындағы әрбір құжат өткенді саралайтын, тарихты түгендейтін, екінші нұсқасы жоқ ақпарат. Айғақтар мен дәйектер арқылы көмкерілген тарихи сана. Түптеп келгенде ұлттық сананы қалыптастыратын құнды құрал. Тарихымыздың тереңдігін, Тәуелсіздігіміздің тұғырын, мемлекеттілігіміздің баяндылығын төрткүл дүниеге мойындатудағы Қазақстан архивтерінің рөлі өте зор. Осы орайда біз ғалымдардан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі, іргелі зерттеулерді күтеміз», - деді Қ. Көшербаев.

Құрметті конференцияға қатысушылар, сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Еліміздің өсіп-өркендеуі мен келешегіміздің кемелдігі жолындағы жасампаз істеріңіз нәтижелі болсын.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордадағы Елбасы кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына мен Қазақстан Республикасы ұлттық архивінің 15 жылдығына арналған «Тәуелсіздік және Елбасы: жасампаздықтың жаңа тарихы» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.

Оған елімізден бөлек, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Ресейден архив өкілдері мен мамандары қатысып жатыр.

Аталған шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен ҚР Ұлттық архиві ұйымдастырып отыр.


Соңғы жаңалықтар