Тарих пен тағзым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - XX ғасырдың 20-30 жылдары болған саяси қуғын-сүргін мен зұлмат жылдар – Қазақстан үшін ғана емес, Еуразия даласындағы адамзат тағдырының трагедиясы. Қазан төңкерісінен кейінгі жалғасқан 1921-22 жылдардағы Қазақ даласындағы жұт пен аштық, 1920 жылдардың соңындағы кәмпескелеу мен ұжымдастыру, 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық, 1937 жылғы саяси репрессия қазақ халқының санын жартысына дейін азайтып қана қоймай, тұрмысын тұралатып, дәстүрлі көшпелі шаруашылығын күйретіп, қазақ мәдениеті мен өзіндік сана-сезімін өзгертіп жіберді. Репрессия мен аштық Орталық Азия халықтарының экономикасы мен экологиясы, демографиясы мен руханиятына ауыр зардабын тигізді. Сол тақсіретті ұмытпау үшін Қазақстанда 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілген. Бұл туралы Strategy2050.kz сайты жазады.

XX ғасырдың І жартысында қазақ халқы адам айтса нанғысыз қасіретті кезеңді басынан өткерді. Қызыл Үкіметтің қанды қастандығы мен жерді жайлаған нәубет миллиондаған адамның өмірін жалмап, мыңдаған отбасылардың жанына жара қалдырды. Амалы таусылып абдыраған халықтың бір бөлігі босып, дала кезіп кетсе, бас көтерер азаматтар қару асынып көтеріліске шықты, Үкіметке қалтқысыз қызмет етіп, халық болашағын большевизмнен іздегендер де көп болды. Миллионнан аса қазақ босқындары Қырғызстан, Өзбекстан, Орталық Еділ және Батыс Сібірге, Қытайға ауып кетті.

Бүгінде жер жүзінде тарыдай шашылып жүргендер сол заманда қиыр жайлап, шет қонған, «Елім-айлап» босып кеткен халықтың ұрпағы. Қытайдағы жергілікті және ауып барған қазақтардың басында бейбіт заман ұзақ орнап тұрған жоқ. Өйткені, Шыңжаң өлкесі Қытай мен Ресейдің арасындағы астарлы саяси келісімдердің алаңына айналды. Жалпы, қалай қарай ауса да қызыл империяның қыспағына түскен халықтың басына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі үлкен нәубет осы XX ғасырдың 20-30 жылдары қайта келді. Зұлмат жылдардың қазақ халқына әкелген ауыр зардабын бірнеше қырынан қарастыруға болады:

Халықтың сандық және сапалық құрамы ауысты. Қазіргі Қазақстан территориясы лагерлер мекені мен ұлттардың лабораториясына айналды. Сталиндік репрессия жылдарында Қазақстан жерінде Карлаг, Степлаг, АЛЖИР және басқа да 11 арнайы лагерь салынып, оған 2 млн. адам қамалған. 1921-1954 жылдары 3,7 млн. адам сотталып, 640 мыңнан астамы атылды. Саяси себептері үшін 103 мыңнан астам адам сотталып, 25 мың адамға жоғары жаза беріліп, ал республика басшыларынан 650 адам жазаланды. 1917 жылы қазақ халқының саны аймаққа көшірілген орыстар және украиндықтарды қосқанда 6 223 300 адамға жеткен екен. 1897 жылдан бері халықтың саны 50,2 пайызға дейін өскен. Дегенмен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер, 1920 жылға қарайғы қуаңшылық пен стихиялық миграциялардың тікелей әсерінен 1920 жылы халық саны 4 679 795 адамға азайған. Ал, 1920-1923 жылдары тағы 892 885 адамға азайып кеткен. 1925 жылға дейін Қазақстан аумағына бүкіл Одақтан 86 ұлт өкілдері күштеп көшіріп әкелінген. Қазақстанға осы аралықта 800 мың неміс, 550 мың. Кавказ халықтары, Қиыр Шығыстан 18,5 мың кәріс жер аударылды. Барлығы 20 ғасырдың басынан 5,6 млн. адам көшірілген, ал ол кезде қазақтардың саны 6 млн. болған еді. Аталған кезеңде халық санының өсімі байқалғанымен, жергілікті қазақ ұлтының үлесі төмендеп кеткені белгілі. 1939 жылғы бүкілодақтық халық санағына сәйкес қазақстардың саны 2 327 625 адамды құрап, 1926 жылмен салыстырғанда 1,6 есе азайған екен.

«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» саясатының нәтижесінде 1933 жылы қазақ жеріндегі 40 млн мал басының 90%-ы қырылып қалды. Республикадағы мал шаруашылығының қоры таусылып, жергілікті халықтың ата кәсібі жойылудың алдында қалды. Оның салдарынан азық-түлік дағдарысы орын алды. Бұл көп жерде жазылғандай, табиғи жағдай емес, жоспарлы саясаттың болғанын да жоққа шығармайды. Тарихшы Т.Омарбековтің пікірінше, ашаршылық болмағанда қазақ халқының саны бүгінде 40 млн-ға жететін еді.


Ұлттың «ақыл-ойы» мен лидерлері репрессияға ұшырады. Өз Отанына иелік құқығын қайтаруды, ұлт тағдырына қатысты шешімдерді дербес қабылдауды мұрат қылған, Қазақ жерінің шекарасын сызып, шаруашылығын гүлдентуді, сауатты ұрпақ тәрбиелеуді көздеген жаңа саяси элитаның көзқарасын орталық үкімет қабылдамады. 1929 жылы Қазақстанда 45-тен астам «Алаш Орда» партиясы мен үкіметінің лидерлері мен белсенділері тұтқындалып, жалған айыптаулар тағылды. А.Байтұрсынұлы алдымен ату жазасына кесіліп, кейін Астраханға жер аударылса, Кеңестік Қазақстанның бұрынғы басшылары С.Сәдуақасұлы, Н.Нұрмақов, С.Қожанұлы және т.б түрлі желеумен Мәскеуге шақырылды. Ә.Бөкейханов 1922 жылдан бастап Мәскеудегі ОГПУ қатаң бақылауында жүрді. Саяси репрессия 1937-1938 жылдары шырқау шегіне жетті. Бірақ ұлт зиялыларын қудалау, олардың шығармаларын партиялық талқылау, мұраларын жою 1950 жылдарға дейін жалғасын тауып жатты.

Жазықсыз жала, күштеп тәркілеу мен ұжымдастыру халық толқуларын тудырды. Қазақ зиялылары мен азаматтары «халық жауы», «Отанға опа­сыз­дық жасау», «тыңшылық», «тер­рор­лық диверсия», «зиянкестік», «Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат», «ұлтшылдық», «бандиттік көтерілістер» және «жаппай тәртіп­сіздік», «секталық және Кеңес өкіме­тіне қарсы ұйымдарға қатыстылы­ғы» деген жалған айыптармен «ГПУ-НКВД-НКГБ» органдары «саяси айдар» тағып, соттап отырған. Осындай әділетсіз айып пен шектен шыққан асыра сілтеушілік, күштеп ұжымдастыру, мал-мүлкін тәркілеуге қарсы 1920-1930 жылдардың аралығында 372 жаппай көтеріліс болып өткен. Батыстағы Адай көтерілісі, Абыралы көтерілісі, Шығыс, Оңтүстік өлкенің халқы, жалпы саны 80 мың адам жаппай билікке қарсы бас көтерген. Бір ғана Абыралы көтерілісіне қатысқандардың 171-і атылып, 183 адам 10 жылға сотталған, мыңнан астам адам босатылған соң көздері жойылған. Аудандағы ашаршылықтың себебінен 28 мың адамнан 6-ақ мың жан қалған екен. Бірақ олардың барлығы қатаң басып-жанышталып, ОГПУ үшітігінің көрсетуімен ату жазасына кесілді. Қысқасы, жергілікті халық дәл орталық ойлағандай жолмен кеңестік жүйеге сіңісіп кете қоймады. Қазақ халқының ұлттық шаруашылығы, қоғамдық құрылымы, экономикалық дамуы, аймақтың табиғи ерекшеліктері ескерілмей, орталықтан басқарылып, асығыс түрде асыра сілтеумен, аштық пен өлім фактілеріне көз жұма қараумен іске асқан солақай жасанды саясат қай жағынан болса да өз жемісін берген жоқ. Кеңестік-партиялық жүйе тек әміршіл-әкімшіл стильде,

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған соң, тарихтың көлеңкелі тұстарын қайта ашып, жоғалған рухани құндылықтарын шығаруға мүмкіншілік алды. Кеңестік кезеңнен келе жатқан мемлекеттік архив материалдарының негізінде жабулы келген тарихи оқиғаларға баға беріліп, жаңаша зерделенді. Жазықсыз жазаланған ұлт зиялылары мен күштеп қол сұғылған, күйретілген халық тұрмысының есебі жасалды. Егемен ел ретіндегі алғашқы маңызды қадам – 1993 жылғы 14 сәуiрде Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы заң. Оның негізгі мақсаты – Кеңес кезеңінде жаппай қуғынға ұшыраған азаматтарға қатысты тарихи әділеттілікті орнатып, оның барлық деңгейдегі құрбандарын ақтау, оларға тигізген моральдық, материалдық залалды өтеу болды. Жалпы заң бойынша «қуғын-сүргін құрбандары» деген кімдер, оған қандай анықтама берілген? Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңның 2-бабына сәйкес, бұрынғы КСРО аумағында қуғындалған қазіргі Қазақстан Республикасының азаматтары осы категорияға жатады. Сонымен қоса, қудалау жүргізілгенге дейін Қазақстан аумағында тұрған келесідей азаматтардың топтары заңның 2,3,4,5 баптарына сәйкес келесі ақталды:

- Кеңес аумағынан тысқары жерлерде Кеңес соттары қуғындаған азаматтар;

- Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери трибуналда айыпталған адамдар мен әскери қызметшілер;

- Қазақстаннан тыс жерде әскерге алынғаны үшін қуғындалғандар;

- 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргіндердің қолданылғандар.

Сонымен қоса, Кеңеске, революцияға қарсы үгіт-насихат жүргізген, шіркеуді мемлекеттен бөлу ережелерін бұзған, КСРО қоғамдық құрылысына қарсы қауесеттер таратқаны үшін айыпталған, мемлекеттік және басқа қылмыстары үшін сотталған, жер аударудан қашып шығып сотталғандар түгел аталған заң бойынша ақталды. Тек шет елге қашып немесе ұшып кетуден басқа Отанды сатудың барлық формалары, қарулы банда жұмысына араласқан, күш көрсету, террористік, бүлдіру әрекеттеріне қатысқандар ғана ақталмайды.


Аштық жайлаған дала / https://old.elorda.info/kk/analytics/view/1921-1933-ghyldardagy-asharshylyk-kazaktyn-osimin-bir-gasyrga-teghedi

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 5 сәуiрдегi N 3443. Жарлығымен 31 мамыр күні «Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын Еске алу күнi» деп белгiленді.( ) Оның алдында 1997 жыл «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланған еді. Аталған заң негізінде қуғын-сүргін құрбандары деп танылған азаматтарға мемлекеттік арнаулы жәрдемақы (АМЖ) беріліп келеді. 2005 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде АМЖ 12 млрд теңге сомасында төленді. 2020 жылға АМЖ төлеуге 1 млрд. 174,8 млн теңге жоспарланған. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен АМЖ алушылардың саны ағымдағы жылғы 1 мамырға 33 984 адамды құрады.

Отандық тарихшы-ғалымдар ашаршылық тақырыбы мен оның тарихи бағасы ашық айтылмай келе жатқанын айтады. Қазақ тарихшыларынан М.Қозыбаев, Ж.Әбілғожин, М.Тәтімов, К.Нұрпейісов, Қ.Атабаев, Т.Омарбеков, М.Қойгелді, Б.Қойшыбаев, Б.Аяған, Т.Жұртбай және т.б осы тақырыпты көтеріп келеді. Шет елдік ғалым С.Камеронның «Аштық жайлаған дала» атты кітабы да шықты. Ғалымдардың пікірінше, осы кезеңде болған оқиғаларды толық контекстте қарастыру керек. Сонымен қоса, ашаршылық пен қуғы-сүргін күндерін мемлекеттік деңгейде екі бөлек өткізу туралы жиі айтылады. Ұжымдастыру мен күштеп отырықшыландыру, эпидемиологиялық жағдай, қуаңшылық пен жұт, Қазақстан аумағынан тысқары көшіп кету, концентрациялық лагерьлердегі өлімдердің саны бір ізге келтірілуі керек дегенге саяды. Осы орайда отандық ғылыми-зерттеу институттарының бірлесе жұмыс істегені маңызды болмақ. Алапат ашаршылыққа Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында ескерткіштер орнатылғаны белгілі, енді жас ұрпақты патриоттық-танымдық рухта тәрбиелеу үшін нәубет жылдарын таңбалайтын мемориал кешенін салу керектігін жазушы С.Елубай айтады. Тарихшы-академик М.Қойгелді репрессия мен аштықтың геноцид екенін, оның патша заманында басталып, Совет заманында аяқталғанын айтады. Қалай болғанда «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен» қатар ашаршылық құрбандарына арналған «Ұлттық аза тұту», «Тағзым мен тағылым» немесе «Ұлттық қасірет күні» бекітілуі тиіс дейді бүгінгі зерттеуші-ғалымдар. Қызыл қырғынның құрбандары мен түнекке тұншыққандар тарихы ұмытылмақ емес. Қазақ ашаршылығына ең алдымен ұлттық деңгейде баға беріліп, халықаралық дәрежеде мойындалу керектігі рас.


Соңғы жаңалықтар