Тарифтердің төмендеуі: Астаналықтарға келген түбіртекте қандай өзгеріс бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл қаңтар айынан бастап еліміздің барлық аймақтарында коммуналдық тарифтер төмендейді деген жоспар бар. Астана қаласының тұрғындары өткен айдың түбіртектерін ала бастады. Бірыңғай төлем құжатымен бірге коммуналдық тарифтердің өзгеруі туралы ақпарат та келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түбіртекпен бірге таратылған ақпаратқа сәйкес, сумен жабдықтау қызметінің құны жаңа жылға дейін бір текше метрі үшін 46,21 теңге болса, биыл қаңтар айында 41,59 теңгені құрады. Сол сияқты суды бұрудың ақысы бір текше метрі үшін 39,08 теңгеден 35,17 теңгеге дейін түсті. Бұдан бөлек, пәтердің жылуы Гкал үшін 2573,47 теңгеден 2318,1 теңгеге төмендедеді деп көрсетілген. Аталған көрсеткіш жалпы үйге арналған есептегіш құралы бар пәтерлерге қатысты. Ал ондай құралы жоқ пәтерлердің жылу ақысы Гкал үшін 3097,67 теңгеден 2788,54 теңгеге дейін түсіп отыр. Жалпы, бірыңғай төлем құжатымен бірге келген ақпаратта барлық коммуналдық тарифтердің 10 процентке төмендегені көрсетілген. Оның ішінде электр энергиясы да бар. Бірақ қатты техникалық қалдықтарды шығару 5 процентке, ал газ қызметі 2 процентке арзандап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі коммуналдық тарифтердің төмендеуіне қатысты нақты есепті жариялаған болатын. Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, ағымдағы жылы 20 желтоқсанға дейін бірқатар өңірлерде коммуналдық тарифтер төмендетілді.

«Мәселен, Ақмола облысында жылудың бағасы бір шаршы метрі үшін 116,1 теңгеден 73,4 теңгеге (36,8 проценке) түсті. Сол сияқты Жамбыл облысында сумен жабдықтаудың құны бір текше метрі үшін 52,3 теңгеден 40,8 теңгеге (22 процентке) арзандады. Бұдан бөлек, электрэнергия, газ бен суды бұру қызметтеріде біршама төмендеді. Ал келесі жылдан бастап барлық аймақтардың тұрғындары коммуналдық тарифтердің арзандағаны байқайтын болады. Осылайша, Алматы қаласында орташа ауданы 60 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтердің қазіргі төлемақысы 14 483 теңге болса, келесі жылдан бастап аталған төлем 13 128 теңгеге төмендейді. Сөйтіп, бір айда 1 353 теңге үнемделеді. Сол сияқты Астанада қаласында екі бөлмелі пәтердің коммуналдық төлемдері 10 666 теңгеден 9 604 теңгеге дейін түседі», - деді С.Жұманғарин Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, Шымкент қаласында екі пәтердің иелері 1 340 теңгені үнемдесе, Ақтөбенің тұрғындары 1 068 теңгені өздеріне қалдыра алады. Өскемендіктер - 313 теңгені, тараздықтар - 806 теңгені, оралдықтар - 1 035 теңгені, қызылордалықтар - 865 теңгені, ал Петропавл қаласының тұрғындары екі бөлмелі пәтердің коммуналдық қызметтерін 383 теңгеге аз төлейді.

Соңғы жаңалықтар