Тарифтердің қымбаттауы жылдық инфляцияға қалай әсер етті
2021 жылғы 31 желтоқсан 11:25

Тарифтердің қымбаттауы жылдық инфляцияға қалай әсер етті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Реттелетін қызметтерге белгіленетін тарифтер неліктен шарықтап кетті және олардың өсуі жылдық инфляцияға қалай әсер етті? ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявский осы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұтыну бағасының индексін қалыптастыру кезінде реттелетін коммуналдық қызметтер (сумен жабдықтау және су тарту жүйесі, газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау) айтарлықтай елеулі рөл атқарады. 2021 жылы тұтыну себеті құрылымындағы олардың үлесі 6% болды. Тиісінше, тариф динамикасы инфляцияға тікелей әсер етеді, яғни, жанама түрде – өндірілген тауарлар мен қызметтер құнының өсуі арқылы ықпал етеді.

2018-2019 жылдары Қазақстанда сол уақытқа дейін ұзақ мерзімді тарифтік жоспарларға енгізілмеген коммуналдық қызметтердің тарифі едәуір төмендетілген болатын. Бұл жалпы инфляцияға деинфляциялық тұрғыда әсер еткен қызметтерге бағаның тарихи аздап өсуіне мүмкіндік берді.

Алайда реттелетін қызметтер бағасының бір сәттік төмендеуі және оларды төмен деңгейде сақтау – кейінге қалдырылған инфляция қаупін тудыруға, яғни, орта мерзімді перспективада тарифтердің жиі әрі оқыстан өсуіне жол береді.

Қазіргі таңда біз тариф белгілеуде теңгерімсіз саясаттың салдарын сезініп отырмыз. Тұрақты инфляция мен қолайлы экономикалық конъюнктура кезінде реттелетін қызметтердің тарифін әкімшілендіре төмендетудің арқасында табиғи монополистердің кірісі төмендеді.

Бұның ізін ала реттеуші мемлекеттік органдар шекті тарифтерді арттыруға мәжбүр болды. Биыл қараша айында тарифтер жылдық есепте 3,1%-ға өсті, ең көп өскені – электр қуаты тарифі (8,6%) мен газ тарифі (5,5%)» деп атап өтті Денис Чернявский.

Оның сөзіне қарағанда, ш екті тарифтердің бір мезетте айтарлықтай қымбаттауы оның алдында алынбай қалған кірісті есептегенде, экономикада айтарлықтай инфляциялық қысым жасап, құбылмалы инфляцияны арттырады.

Солай бола тұра, коронадағдарыс, соның ішінде, жаһандық инфляция мен теңгегің әлсіреуі салдарынан жағдай одан сайын қиындай түседі.

«Өз кезегінде, тарифтердің өсімін кейінге шегеру аракідік инфляцияны шекті бекітілген дәлізге сай тұрақты инфляция қалыптастыруға кедергі жасап, Ұлттық Банк жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін төмендетеді. Бұл маңызды мәселе 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясатының стратегиясы аясында қозғалған. Ұлттық Банк негізгі қаражатты жаңартып, бағалардың бір мезетте қымбаттауынан болатын жағымсыз салдарды барынша азайту үшін табиғи монополиялардың тарифіне шекті жылдық өсім орнату жөн болады деп санайды. Қызметтердің бағасы баяу әрі болжамға сәйкес өссе, ол инфляциялық болжамдарды азайтып, жалпы инфляция деңгейін кідіртуге мүмкіндік береді» деп түйіндеді спикер.


Jańalyqtar

MURAǴAT