Тарифтерді реттеу жұмысын дұрыс жасау керек – Үкімет басшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тарифтерді реттеу жұмысын дұрыстап жасау керек. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Үкімет отырысында Әлихан Смайылов инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі кешенді жоспарды өзектендіру мәселесі бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан: «Инфляция қарсы жұмыстардың тиімділігі үйлестіру жұмысымен тікелей байланысты. Ұлттық экономика министрлігінің тарапынан қандай үйлестіру жұмыстар болады және осы жұмысты қалай күшейтесіздер?» деп сұрады.

Министр бұл жұмысты үйлестіру үшін бірнеше шешім бар екендігін атап өтті.

«Ең алдымен орталық және жергілікті органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары деңгейінде тиісті жұмыс тобы құрылады. Олар жедел мәселелерді пысықтау, кешенді жоспарды мониторингілеу және тиісті шешімдер қабылдау үшін кемінде екі аптада бір рет жиналады. Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде айына бір рет бас қосады. Содан кейін осы мониторинг бойынша сіздің деңгейіңізді тоқсанына бір рет жиналу және тиісті тапсырма беру ұсынысын жасап отырмыз», - деді Әлібек Қуантыров.

Осы орайда Үкімет басшысы министрге тарифтерді реттеу жұмысын дұрыстап жүргізу қажеттігін ескертті.

«Тарифтерді реттеу жұмысын дұрыстап жасау керек. Қазір «Тарифтердің орнына инвестиция» бағдарламасы бойынша тарифтерді қайта қарау жұмысы басталады. Сонда жаңа тарифтердің үлесі тиісті болуы қажет, инфляцияны көтеріп жібермеуі керек. Соны сіздер қадағалап отыруларыңыз қажет», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар