Тариф саясатындағы заңнаманы бұзғаны үшін 165 млн. теңге өндіріліп алынды - Н. Алдабергенов

None
None
АСТАНА. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -Елімізде тариф саясатын бұзғаны үшін айыппұл санкциясы түрінде 165 млн. теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік төрағасының айтуынша, тарифке қатысты заңнаманың сақталуын және тұтынушы құқығының бұзылуын болдырмауды бақылау аясында қаржылық және техникалық сараптамалар, субъектілердің қызметін тексеру шаралары жүзеге асырылуда. Мәселен, агенттік осы салаға қатысты заң бұзушылықты жою туралы 722 нұсқау жасап, әкімшілік шара қолдану туралы 560 қаулы қабылдаған. Сондай-ақ республикалық бюджетке тариф саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл санкциялары түрінде 165 млн. теңгеден астам қаражат өндіріліп алынған. Бұдан басқа, заңнаманы бұзуға жол бергені үшін 32 табиғи монополия субъектісінің тарифтері төмендетіліп, оның орнына уақытша өтемдік тарифтері енгізілген.

«Жыл басынан бері жалпы тарифтерді төмендету сомасы шамамен 250 млн. теңгені құрады. Мәселен, «Қарағанды РЭК» ЖШС-нің электр энергиясын беру қызметіне өтемдік тариф енгізіліп, бұл ретте тұтынушыларға қайтарылатын сома 46,5 млн. теңгені құрады. Сондай-ақ «Қызылорда РЭК» ЖШС-нен - 39 млн. теңге, «Миттал Теміртау» АҚ-нан - 10 млн. теңге, «Павлодар жылу желілері» АҚ-нан -  10,8 млн. теңге тарифтерді төмендету арқылы тұтынушыларға қайтарылатын болды», деді Н. Алдабергенов.  

Соңғы жаңалықтар