Тәрбиешілердің жалақысын көбейту керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды», - деді Мемлекет басшысы.

Президент балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет екенін айтты.

«Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар