Тәрбиеші мамандығындағы 9 мың түлектің 10 пайызы ғана балабақшада жұмыс істейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде жыл сайын тәрбиеші мамандығын алып шығатын 9 мың түлектің 10 пайызы ғана балабақшаға жұмысқа орналасады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездескен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы қазан айындағы Жолдауында мектепке дейінгі білім сапасын көтеру тапсырмасын қойды. Осы жұмысты тек қана тәрбиешілердің мәртебесі мен сапасын көтеру арқылы ғана орындауға болады. Бүгінгі таңда балабақшаларда 55 мың тәрбиеші жұмыс істейді», - деді ол.

Оның дерегінше, елімізде  тәрбиеші мамандығына 36 колледж бен 37 жоғары оқу орны дайындайды. Жыл сайын  осы мамандық бойынша грант  саны да арта түсуде. Мәселен,  2017 жылы еліміздің жоғары оқу орындарында тәрбиеші мамандығына 278, ал 2018 жылы 500 грант бөлген. Колледждерде де дәл осындай үрдіс байқалады. Бір жылда тәрбиеші мамандығына бөлінген гранттар саны 1640 бірлікке артқан.

«Осыған қарамастан жыл сайын 9 мың бітірушінің 900-і ғана балабақшаға жұмысқа орналасады. Бұл өте аз. Енді тәрбиешілердің айлықтарын көтеріп, жаңа бірыңғай тестілеу жүйесін енгізіп,  біліктілігін арттыру қажет болып тұр. Білімді мамандар ары қарай балабақшаға бармай магистратураға түседі, басқа мамандыққа ауысады немесе жалақысы жоғары жұмысқа орналасады. Оның барлығын білеміз, түсінеміз.  Сондықтан бұл мәселені шешу керек болып тұр», - деді Ерлан Сағадиев.

Соңғы жаңалықтар