Тараздың «Ұлы Дала» шағынауданында тұрғындар тоңып отыр

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы 15-шағынауданда болып, жылу жүйесінің кеңейту жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бұған дейін аталған шағынаудандағы кейбір көпқабатты тұрғын үйлердегі жылыту мәселесі әлеуметтік желіде көтерілген болатын.

Нақтырақ айтқанда, тұрғындар пәтердегі жылу температурасының төмендігіне шағымданған.

Соған сәйкес қалалық құрылыс және тұрғын үй қатынастары бөлімдерінің қызметкерлері «ТаразТрансЭнерго» мекемесінің мамандарымен бірлесіп тұрғын үйлердің жертөлесіндегі жылу тораптарына тексеру жүргізген.

Тараз қаласының әкімі Бекболат Орынбековтің айтуынша, тексеру кезінде беру құбыры мен қайтару құбырындағы қысым бірдей екендігі, яғни, салқындатқыштың айналым қозғалысы жоқтығы анықталған.

Осыған байланысты, «ТаразТрансЭнерго» кәсіпорнына жылу трассасында айналымды арттыру үшін магистральдық кері жылу желісіне сорғы орнату ұсынылған.

«ҚұрылысИнвестЖоба» ЖШС жобалау ұйымына сорғы станциясын орнату орнын таңдау және сорғылардың қуатын есептеу бойынша тиісті тапсырмалар берілген.

Облыс әкімі қыс мезгіліндегі жылу деңгейінің төмендігіне қатысты тұрғындардың шағымы орынды екенін атап өтіп, бұл мәселені бір апта ішінде шешуді тапсырды.

Жауаптыларға жан-жақты жұмыс жүргізіп, жедел шара қабылдау бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Соңғы жаңалықтар