Тараздықтар жолақыны электронды түрде төлейтін болады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру құрылғысын енгізу бойынша тиісті есептеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жүйені жүзеге асырудың жол картасы бекітілді. Аталған іс-шараны 2019-2020 жылдары атқару жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалалық бағыттардағы автобустарда электронды билеттендіру жүйесін енгізу бойынша Алматы қаласында аталмыш жүйені енгізген «Оңай» компаниясымен, Ресейдегі «МФ Тариф» компаниясымен және Еуропалық қайта құру және даму банкімен келіссөздер жүргізіліп, біздің тарапымыздан тиісті ақпараттар берілді. Осылайша, орнатуға кететін шығын есептелді. Оған кететін шығын мен оны қаржыландыруға кететін қаражаттың қайтарылу мерзімі есептеліп, бекітілген жол картасына енді», - делінген облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратында.

Бүгінде Тараз қаласында жолаушылар тасымалымен 10 мекеме айналысады. Күнделікті 43 бағыт бойынша әртүрлі маркадағы 465 автобус пен шағын автобус қызмет көрсетеді. 2018 жылы мекемелер елуге жуық автобус сатып алып, ескірген, техникалық талаптарға сай келмейтін көліктерді ауыстырған. Жаңалау жұмыстары әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, бензин отынымен жүретін 100-ге жуық автобус газ қондырғысымен жабдықталды.

Айта кету керек, 2018 жылдың басынан жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында тасымалдаушы мекемелер қаражатына 115 автобусқа «автоинформатор» орнатылды. Ол жолаушыларға автоматты түрде аялдама атауларын, жолаушыларға қалта ұрлығынан сақ болуын, жол жүру билетін талап ету қажеттігін хабарлап отырады. Мұндай қоңдырғыны барлық бағыттағы автобустарға алдағы екі жылда толығымен орнату көзделуде.

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында қалада жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардан жол жүру тарифін 65 теңгеден 90 теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс түскен. Осы мәселе бойынша тиісті есептеулер жүргізу үшін бүгінгі таңда тасымалданатын жолаушылар ағымына хронометраж ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта анықталған жолаушылар көлемін негізге алып, Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 13 қазандағы бұйрығымен бекітілген тарифті есептеу әдістемесі бойынша қалалық жол жүру тарифін қайта есептеу қорытындысы ұсынылатын болады.

Соңғы жаңалықтар