Тараздық полицей: Әріптесім көз алдымда оққа ұшып көз жұмды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қаңтардың басында еліміздің бірнеше өңірінде жаппай тәртіпсіздік болды. Өкінішке қарай, сол оқиғалар кезінде полиция мен бүлікшілер арасындағы қақтығыстан 225 адам көз жұмды. Осы орайда Жамбыл облысының уческелік инспекторы, полиция капитаны Нұрсұлтан Қозиев басынан кешкен жайтты ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«2022 жылдың 4 қаңтары, кезекті жұмыс күні. Бізге бейбіт митинг болатыны және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тапсырылды. Шеру облыстық әкімдік алаңында басталды. Дегенмен, қарсылық таң атқанша жалғасты. Әрине, біз бейбіт шеруге шыққандарға күш қолданған жоқпыз. Керісінше, қарсылық танытушыларды сабырға шақырдық. Біздің тарапымыздан ешқандай күш көрсету болған жоқ. Соған қарамастан қарсылық тоқтаған емес. Менде және әріптестерімде қару болмады. Себебі бізге оқ атуға рұқсат берілмеді. Дегенмен біз алаңға жетем дегенше атыс басталып кетті», - дейді Нұрсұлтан Қозиев.

Тәртіп сақшысының айтуынша, ол айналасында не болып жатқанын түсінбеген. Себебі шабуыл күтпеген жерден болды.

«Орталық алаңда бізге күтпеген жерден шабуыл жасалды. Қарсылық танытушылар бізге бағыттап оқ ата бастады. Сол сәтте менің арқама оқ тиді. Менімен қатар әріптесім Рахатқа да оқ тиді. Өкінішке қарай, ол тілге келмей жан тапсырды», - дейді ол.

Дегенмен уәдесіне адал әскери қызметкер бұйрық бойынша соңына дейін жұмыс істеген.

«Біз міндетімізге сай соңына дейін күрестік. Ол - біздің міндет. Біз антқа адал болуымыз керек. Өкініштісі, сол күрес барысында ісіне адал әріптесімізден айрылдық», - дейді тәртіп сақшысы.


Соңғы жаңалықтар