Тараздық оқушылар мал бағуға арналған құрылғыны жетілдіріп шығарды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Бекнұр Қалмаханбет пен Дәурен Тенелбаев Кореяның Lives'talk командасы ойлап тапқан құрылғының жетілдірілген үлгісін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяның Lives'talk командасы жануарлардың жайылымдағы орнын бірнеше секунд ішінде анықтайтын заманауи құрылғы жасап шығарған болатын. Осылайша, мамандар малды іздеуге 5-6 сағатқа жуық уақыт жұмсайтын қазақстандық фермерлердің мәселесін шешті. Алайда құрылғыны тестілеу кезінде оның автономды қызмет ету мерзімі төмен екендігі анықталған. Ал тараздық өнертапқыштар GPS Tracker-ді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін желілік генератор құрастырды.

«Жоба аясында балалар екі жылға жуық еңбек етті. Бірнеше жылдан кейін олардың еңбегі отандық фермерлерге үлкен пайда әкеледі деп үміттенемін», - дейді оқушылардың ғылыми жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Мирлан Жусамбаев.

Сондай-ақ, жаз айларында алғыр оқушылар Lives'talk командасымен бірге Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы бірнеше ферма аумағында құрылғыны сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.
null

«1 метрге дейінгі дәлдікпен онлайн мониторинг жүргізу мүмкіндігі бар, жануар мойнынан қарғыбау шешілген жағдайда иесінің смартфонына SMS хабарлама келеді. Зерттеу нәтижелері GPS Tracker-ді ауыл шаруашылығында ғана емес, жабайы жануарлардың миграциясын зерттеуде де пайдалануға болатынын көрсетті», - дейді жас өнертапқыштар.

Оңтүстік Кореяның стартаперлері қазақстандық оқушылардың жаңалығына қызығушылық танытып, оны жүзеге асырудағы шығындарды өз мойындарына алуға дайын екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар