Тараздық мұғалім: Педагог мәртебесі - баршаның мерейі

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздық мұғалім «Педагог мәртебесі» туралы заңнама ұсынысына қатысты өз ойын білдірді. Ол жаңа заңнамадан барша ұстаздар қауымы тек жақсылық күтетінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақта «Ұстаз -ұлы есім», «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген даналық сөздер бар. Байыптай білгенге бұл сөздің астарында айтарлық тәлім, тағылым жатқанын аңғару қиын емес. Иә, біз ұстаздыққа әу бастан-ақ жоғары баға беріп, мұғалім мәртебесін биік санаған елміз. Алайда, кейінгі жылдары осы ұстаз мәртебесіне немкетті көзқарас танытып, осы мамандық иелерінің еңбегін ескеруде айтарлықтай ақсап қалғанымыз ақиқат. Міне, енді сол олқылықтың орны толғалы тұр», -дейді Тараздағы ерекше қабілетті балаларға арналған мамандандырылған "Дарын" мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев.

Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы 5 қазандағы кезекті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өңірлерде ұстаздарға кез келген жұмыс тапсырылатынын, аталған мәселені шешу үшін мұғалім мәртебесін айқындайтын заң дайындауды тапсырған болатын.

«Бұл дегеніміз, шын мәнінде де мұғалімнің оқушы алдында ғана емес, жалпы ел арасындағы беделін биіктетудің негізі десек қателеспейміз. Мұғалімдік мамандығы - бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер - ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады десек, мемлекет басшысы ел болашағының жарқын болуы жолында оң бастама көтерді деп білемін. Өйткені «Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы» деген босқа айтылмаса керек. Ертеңгі ел тұтқасын ұстар бүгінгі ұрпақтың білімді де білікті тұлға болып қалыптасуына мұғалімнің ықпалы орасан. Ал, оқушыға рухани мол азық бере алатын ұлағатты ұстаз болу үшін асқан қабілетпен қатар қажымас қайрат, тынымсыз еңбек қажет. Жақсы ұстаз өзі де әрқашан ізденіс үстінде, заман ағымына сай жетіліп, толысып отыруы керек. Сонда ғана шәкірт бой түзеп өсетіндей идеял тұлға, білім қайнарына айнала алмақ. Ол үшін мұғалімдердің жұмыстан тыс жүктемелерін азайту басты талап болатын. Бұл туралы Елбасымыз өз сөзінде баса айтқаны мен секілді көптеген педагогтардың көңіліндегісін тап басқаны жасырын емес»,- дейді ҚР-ның білім беру ұйымының үздік педагогы атанып үлгерген жас маман.

Базарбай Дүйсенбаевтың айтуынша, аталған "Мұғалім мәртебесі" туралы заң бекітілсе, тек осы мамандық иелерінің ғана емес, ұстазын сыйлайтын талайдың арманы орындалады. Тараздық мұғалім бұрын "Білім туралы" заңның елеусіз бір бабының, бір тармағында ғана айтылған "Мұғалім мәртебесі" туралы ұғымның мемлекеттік деңгейге көтерілуінің өзін үлкен жеңіс санайтынын айтады.

Соңғы жаңалықтар