Тараздық кәсіпкер қазақ ертегілерінің кейіпкерлері үлгісіндегі ойыншықтар шығармақ

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда бұрын қазақ-түрік колледжінің оқытушысы болған Әлия Нұржігітова басшылық еткен «KZ element» дизайнерлік студиясы ұлттық үлгідегі кәдесыйларды шығаруда.

Atameken Startup бизнес-идеялар байқауына қатысқан Ә.Нұржігітова алғашқыда бұл жобаны білім мекемесінде іске асырып, кейіннен өз бизнесін тіркеп алды. Мамандығы бойынша қаржыгер ол ЖОО-ын тәмамдаған соң кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.

2013 жылы студенттерімен бірге Atameken Startup байқауына қатысып, екінші орын алған еді. Ә.Нұржігітованың стартап жобасының идеясы суреттің көптеген үзінділерінен мозаика құрастыратын пазл-ойынын жасауда болды. «Пазлдарды оқуда табысты қолдануға болады. Мысалы, сурет үзінділерінен ұлттық валютаны, Қазақстан картасын құрастыруға болады. Біз қазақ ертегілерінің кейіпкерлері бейнеленген пазлдарды дайындадық. Бір кездері адамдар осындай сыйлыққа берілетін пазлдарды дайындауды сұраған еді, нәтижесінде бағасы қолжетімді, әрі баланың дамуына септігін тигізетін сыйлық жасалды. Бәрі осылай басталды. Кейіннен адамдар тағы қандай кәдесыйлар, сыйлықтарды ұсына алатынымызды сұрай бастады», - дейді кәсіпкер әйел. Бір жыл бұрын Ә.Нұржігітова жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісін бастау шешімін қабылдады. Жеке дизайнерлік студиясына пішу, тігу және тоқу өнерімен айналысатын мамандарды шақырды. Бүгінде «KZ element» студиясы түрлі өнімдер, корпоративтік сыйлықтар, қуыршақтар жасап шығарады, бұл ретте ұлттық сарынға ерекше назар аударылады. Дайындаған өнімдері жоғары сапалы, әрі бағасы қолжетімді. «Бізді ойыншықтар нарығы қызықтырады. Оған талдау жасап, қазақстандық нарықтың шетелдік тауарға толы екенін, балаларымыздың туған халқының дәстүрімен, мәдениетімен қарым-қатынасының жоқтығын тұжырымдадық. Қазақстанда шығарылатын жұмсақ ойыншықтар жоқтың қасы. Алдағы жылдың наурыз айына қарай біз қазақ ертегілері мен мультфильмдерінен алынған кейіпкерлер үлгісіндегі қазақстандық ойыншықтарды шығармақпыз», - деді Ә.Нұржігітова. Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, «Atameken Startup» қоғамдық қорының Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ұйымдастырған Atameken Startup-2014 бизнес-идеялар байқауына жүзден астам бизнес-идеяларын ұсынған 250-ден астам тараздық студент қатысты.

Соңғы жаңалықтар