Тараздық дизайнердің коллекциясы Милан төрінде көрсетілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - 18-24 қыркүйек күндері Италияның Милан қаласында Milan Fashion Week сән апталығы өтті. Онда әлемге әйгілі брендтер мен коллекциялардың көрсетілімі болды. Milan Fashion Week сән апталығының ресми бағдарламасында тараздық дизайнер Айдархан Қалиевтің де маусымдық киім үлгілері көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ZhambylNews-ке сілтеме жасап. 

Айдархан Қалиев айтулы шарадағы көрсетілімін «Тараз періштелері» деп атады. Дизайнер онда «Көктем-Жаз-2019» маусымдық коллекциясын көпшілік назарына ұсынды.

Шығармашылық көрсетілімнің негізі ретінде сәнгер періште образын таңдаған.

«Шығыс сұлуының ғажайып пен құпияға толы бейнесі періштені еске салады. Сондықтан, мен өз коллекциямды «Тараз періштелері» деп атадым. Коллекциядағы сән үлгілері шығыстық стильде әзірленді. Оған қолөнер шеберлері безендірген жеңіл, жылтыр маталар пайдаланылды. Шығыс жігіттері қыз баласына ана, болашақ жар деп ерекше құрмет көрсеткен. Яғни, біздің ұғымымызда әйел образы пәк те нәзік сезіммен қатар жүреді. Сондықтан, коллекциядағы киім үлгілеріне алдағы маусымда сәнге айналатын ақ түс қолданылды», - дейді дизайнер.

Миланнан соң жерлесіміздің туындылары қазан айында Тараз қаласында өтетін «Taraz - Аspara fashion week» сән апталығының салтанатты ашылуында көрсетілмек.

Айта кету керек, «Taraz - Аspara fashion week» халықаралық сән апталығына қатысуға 19 мемлекеттен 30-дан астам дизайнер ниет білдіріп отыр. 

 

Соңғы жаңалықтар